Елімізде жарияланған төтенше жағдайларға байланысты барлық жерде мәдени іс-шаралар уақытша тоқтатылып, мәдениет үйлері көрерменсіз қалған болатын.
Соған сай, өткен аптаның жұмасы жерлестеріміз белігілі күйші Жәнібек Жәмиев пен дәстүрлі әнші Берік Амантай «Атырау» телеарнасымен бірге аты жаман аурудан үрейленіп, жаны жабырқаған халықтың көңілін көтеру мақсатында онлайн-концерт өткізді. Онлайн концерт телеарнадан бөлек өнерпаздардың фейсбук, инстаграмм әлеуметтік желілерінде тікелей эфирде халыққа тарады.
Алдымен эфирге шыққан күйші Жәнібек Жәмиев өзінің онлайн-концертін Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен ашса, артынша Құрманғазы, Қазанғап, Дина, Науша, Есбай, Сүгір, Ықылас сынды күйшілердің күйін тартып, әрқайсысының қысқаша тарихын да айтып отырды. Бір сағатқа созылған тікелей эфирдегі концерт «Адай» күйімен тәмамдалды.
Ал, түсқайта онлайн-концертті дәстүрлі әнші Берік Амантай жалғастырды. Мұхит пен Ғарифолланың жан жадыратар әндерімен бастаған Берік артынша термелер мен замануи әндерді де айтып, көрермен ықыласына бөленді. Баян мен домбырада кезек-кезек ойнаған ол тікелей эфир арқылы көрерменнің сұраған әндерін де орындап шықты. Осылайша, елімізде қалыптасқан қиын-қыстау кезеңде халықты күмбір күй, әсем әнмен рухтандырған жерлестер концерттерін «Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» деген тілекпен түйіндеді.
Дулат БЕРІК