Асылдар мен ардақтылар аялаған туған топырағымыздың ерте семген бір гүлі – Аманбай Өміров.
Иә, ол қысқа ғана өмірінде артына өшпестей із қалдырып үлгерген жан. Ауданда тұңғыш рет оқушылардың ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырушы болды. Бойға біткен дарын мен талантты жас өркеннің көзін ашып, өнерге баулыды. Сағыз ауылында тұңғыш рет 1977 жылы музыкалық мектеп ашты. Мектепте бірнеше сыныптар болып, оқушы саны екі жүзге жетті. Сол кезде он бес одақтас республиканың бас газеті «Правдада» «Селодағы консерватория» деген мақала жарқ етті.
Онда Аманбай Өміровтің ерен еңбегі, өнер жолындағы жанкешті қасиеті бүкіл әлемге паш етілді. Марқұмның аты кейін өзі ашқан саз мектебіне берілді. Бұл халқының, елінің талантты ұлына деген ілтипаты, құрметі, ыстық сезімі еді. А.Өміров атындағы өнер мектебі заман талабының сан құбылған мезгілін бастан өткізді. Мұнда марқұм А.Өміровтен кейін әр жылдарда З.Жиенбетов, Б.Әбдіров, М.Жұмашбаева, Б.Аманғалиева, Ш.Пұсырманова, Ә.Темірхановтар жетекшілік етсе, 2009 жылдан бастап Сәндігүл Дәуленова басшылық етеді. Мектеп ұжымы жас өнерпазды өнерге баулуда, оны халыққа жеткізуде ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келеді. Әріге бармай-ақ, мектеп ұжымының ұйымдастыру шеберлігін көрсететін бірнеше мысалдар келтіріп айтуға болады. Өйткені, әр жылдарда мектеп ұжымының жарқын қолтаңбасы сайрап жатыр. Ұжымның ұйымшылдығы мен іскерлігінің нәтижесінде талай рет аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындарды иемденген шәкірттері қазіргі таңда бүкіл қазақ еліне танымал боп жүрген Кенжебек Аяғанов, Жәнібек Жәмиев, Әміржан Нұрланұлы, Қуаныш Кеңесов сынды өнерпаздарды мактанышпен айтуға болады. Ауылда өнерге құштар балалардың саны жылдан-жылға артып келеді.
Бүгінгі таңда өнер мектебінде екі жүзден аса оқушы қосымша біліммен сусындап, арнайы музыкалық білімі бар 20 мұғалім дәріс береді. Домбыра, бас қобыз, қобыз, баян, фортепиано, би, халық әні бөлімдерінен тұратын өнер ордасында жоғары санатты білікті ұстаздар жұмыс жасайды. Оқушыларды тәрбиелеудегі білгірлік пен үлкен талғамдарының бір айғағы іспетті әрбір тамашалаған өнер кешінің дайындығы жоғары деңгейде екеніне шынайы көз жеткізуге болады. Сондай әсем кештерінің бірі жақында өткен «Кең дархан ана жүрегі» атты мектеп ұжымының мерекелік шарасы еді. Бір қанатын білім, екінші қанатын өнер деп қағатын өнер мектебі бұл кеште өздерінде қызмет еткен ардагер ұстаздары – Күләш Мерғалива, Жанат Батырова, Күміс Абатова апайларын ұмытпай, арнайы қонақ ретінде шақырып, алқызыл гүл шоқтарын ұсынды.
Кеш шымылдығы Ә.Дүйсенбиевтің сөзіне жазылған, жерлесіміз Е.Құлидың «Ардақты ана» әнімен жас әнші Мақсат Мерғалиевтің орындауында ашылып, одан әрі қылқобыз сыныбының мұғалімі Айдана Аралдың орындауында халық әні «Әгугай», үш ішектілер ансамблі орындаған Жаяу Мұсаның әні «Ақ сиса», домбырашылар ансамблінің халық күйі «Наркескен», күйсандықпен П.Чайковскийдің «Неаполитан әнін» орындаған Кемал Игілік, бишілер тобының орындаған «Бақыт», «Ча-ча-ча» билері, сазгер А.Темірхановтың «Ақ әжем» әнін әуелете шырқаған Іңкәр Каримолла және тағы да басқа өнерпаздардың ән, би, күйлері жиналған көрермендерді тәнті етті. Кеште қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толуына орай викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, дұрыс жауап берген көрерменге Абай ақынның қарасөзі жазылған блакнот табыс етілді. Кеш соңында Сағыз ауылдық округінің әкімі Өтепберген Әділов пен А.Өміров атындағы балалар өнер мектебінің директоры Сәндігүл Дәуленова құттықтау сөз сөйлеп, кеш қонақтарын марапаттап, естелік сыйлықтар ұсынды.
Сайран БОРАНҚЫЗЫ