Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздары анықталды

Отбасы – ұлт болашағының іргетасы, тұғыры. Кез-келген мемлекеттің, халықтың – бүгіні мен болашағының бүтіндігінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында отбасы және бала институтын қолдау, инклюзивті қоғам құру мәселесін көтерген болатын.

Осы орайда, дүйсенбі күні «Арман» мәдениет үйінде республикалық «Мерейлі отбасы-2022» ұлттық байқауының аудандық кезеңіне қатысқан отбасыларды  марапаттау шарасы өтті. Биыл тоғызыншы рет өткізіліп отырған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының мақсаты – еліміздегі татулығы жарасқан берекелі шаңырақтардың басын қосып, оларды өзгелерге үлгі ету және ұлттық тәрбиені ұлықтау.

3dd834ab-ad83-4b4d-9a47-93468b81b4a9

Шараны жүргізушілер байқауға қатысушы Темірхан Байешев, Қайырғали Есболаев (екеуі де Сағыз ауылдық округінен), Ибрахим Есенғалиев (Мұқыр а/о.), Сәттібай Шәкенбаев (Жангелдин а/о.), Аманғали Жаңабаев (Ойыл а/о.), Далабай Сахиев (Жамбыл а/о.), Орынғали Шотықбаев (Тайсойған а/о.), Қисметолла Қуанаев (Миялы а/о.), Жанас Таспанның (Тасшағыл а/о.) отбасыларының өмірдеректерімен қысқаша таныстырып,  сахна төріне шақырды. Құттықтау үшін сөз алған аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов:

– Еліміздегі әр отбасының әрбір мүшесі мемлекет байлығы. Сондықтан әр отбасының жақсы қалыптасуы, өміршеңдігі, отбасы мүшелерінің бай-қуатты өмір сүруі мемлекет назарынан тыс қалған емес. Оның бір куәсі біраз жылдан бері өтіп келе жатқан республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Оған біздің ауданнан да отбасылар қатысып, әр байқауларда жүлделі орындарды иеленіп келеді. Алдағы уақытта аталмыш байқауға қатысушы отбасылардың саны арта берсін, - деп, байқауға қатысқан отбасыларды аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттап, бағалы сыйлық  табыс етті.

d8477933-052f-494a-b830-729af83c920d

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық комиссиясының шешімі негізінде облыстық кезеңге Аманғали Жаңабаев пен Ибрахим Есенғалиев отбасылары жолдама алды.

Бұдан кейін салтанатты шараға қатысушылар «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары Нәзира Шоқан, Мейрамгүл Болатқызы, Айсұлу Зиманова, Раушангүл Стомма, «Арман» триосы, Жаймағанбетовтер отбасылық ансамблі, Төлегеновтер отбасылық ансамблі (екеуі де Ойыл ауылдық округінен), Жакеновтар отбасылық ансамблінің нақышына келтіре салған «Қарашаңырақ», «Бақытты әйел», «Замандастарым», «Отбасым», «Әке тілегі», «Күнім», «Сәйгүлік» әндерін тыңдап, «Жұлдыз-ай» үлгілі би ұжымының мың бұрала билеген қазақ биін тамашалады.

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

Суретті түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT