Әлбетте, жаныңа жалынды жігер, көңіліңе көрікті ой ұялатып, тыңдарманын ерекше бір сезімге бөлейтін тамылжыған әсем әннің орны бөлек қой шіркін!
Бұл орайда, аудан, облыс, республикаға белгілі сырнайшы, сазгер Сүйінғали Өтеуовтің жүрегінен жарып шыққан әсем әндерінің шоқтығы биік. Өйткені, ол сол лирикалық сезімге толы әсем әндерімен халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген сазгерлердің бірі. Оған жақында ғана Сағыз ауылдық округіне қарасты «Шұғыла» мәдениет үйінде өткен «Аяулы арман» атты шығармашылық кешінде куә болдық. Концерт басталар алдында шығармашылық кеш иесі Сүйінғали Өтеуов пен өмірлік серігі Қалимашты сахна төріне шақырған жүргізуші Айнагүл Темірболатова алдымен аталмыш сазгердің өз қолымен жазып берген өміржолдарымен таныстырды. Онда былай деп жазылған:
«Мен Сүйінғали Өтеуұлы 1950 жылдың 18 ақпанында Сағыз ауылдық кеңесіне қарасты Бу-ракөл елді мекенінде дүниеге келдім. 1958-68 жылдары Мұқыр орта мектебін бітіріп, 1969-71 жылдары Украина елінде әскери борышымды өтедім. 1971-1973 жылдары Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрда жұмыс істей жүріп екі жылдық театр студиясын, алты айлық баянистер курсын тәмамдадым. 1973-1976 жылдары Мұқыр мәдениет клубында директор болып, 1976 жылы қыркүйек айында Москвада өткен 10 күндік семинарға қатыстым. 1976-1977 жылдары Мұқыр ауылында спорт инспекторы, 1977-1979 жылдары қазіргі Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебінде баян-дом-бырадан дәріс бердім. 1990-97 жылдары Қызылқоға аудандық мәдениет бөлімінде қызмет атқара жүріп, Атырау мәдениет училищесін бітірдім. Қазіргі таңда Құлсары қаласында тұрамын. Зейнеткерлікке шыққанша Құлсары қаласында аудандық мәдениет бөлімінде және орта мектептерде қызмет жасадым. Менің өнерге құштарлығым бала кезімнен басталды. Әкем домбыра тартып әнші болған. Домбыраны алғаш әкемнен үйрендім. Алғаш Мұқыр ауылына оқуға келгенімде, әкемнің інісі, белгілі күйші-жыршы Қонаршиев Қарағұлдың үйінде болдым. Ол 1936 жылы Москвада өткен Қазақстанның 10 күндігіне қатынасып, өнер көрсетіп, даңқты Дина Нұрпейісованың алдында күй тартқан шежіре күйші адам еді. Жыршылығы сол, атақты маңғыстаулық Сәттіғұл Жанғабыловтың жырларын бірден-бір насихаттап таратушы осы ағам. Бірінші сыныпты оқып жүргенімде алғаш сахнаға шығып тартқаным «Тойбастар», «Қосалқа» күйлері болатын. Шығармашылық шабытым мектеп бітірерден басталды. Алғаш шығарған әнім «Ару әні». Әнді мектептегі ұстаздарыма тыңдатып, олар шығармашылық жолыма сәттілік тіледі. Елуден аса ән, 2-3 күйім бар. Отбасымда жұбайым Сатанова Қалимаш биші болған. 4 балам бар. Жақында ғана Жылыой ауданының 90 жылдығына орай, аудан мәдениетінің өркендеуіне қосқан үлесім үшін «Киелі мекен – Кең Жылыой» төс белгісімен марапатталдым».
Міне, осылайша тізбектелген өміржолдарынан кейін кезек сазгер Сүйінғалидың шығарған әндеріне беріліп, оның аталған кеште Сайрам Махаметжановтың сөзіне жазылған «Сағыныш сазы» (орындаған Мұрат Тәжібаев), Төлеген Берішбаевтың сөзіне жазылған «Анашым» (орындаған Дана Бекқұлова), Төлеу Қосановтың сөзіне жазылған «Ағалар-ай», Шекер Ахметованың сөзіне жазылған «Құрбыға наз» (орындаған Бибігүл Баянқұлова мен Рысты Нұрсанова), Есілам Зікібаевтың сөзіне жазылған «Сағындым сәулешім», Қуат Мыңтұрғановтың сөзіне жазылған «Аңсағаным сен ғана», («Нау-рыз» тобының әншісі Амантай Қабдығалиев), жергілікті сазгер, ардагер теміржолшы Қауысбай Базарбаевтың сөзіне жазылған «Нәзік гүлім», белгілі журналист, ақын Жолдығали Бақытовтың сөзіне жазылған «Іздеймін сені», Жұлдыз Бағашарованың сөзіне жазылған «Наурыз», Нұрғали Омарқұловтың сөзіне жазылған «Табамын сені» (орындаған Мәншүк Мерғалиева), ұлағатты ұстаз, кеш жүргізушісі Айнагүл Темірболатованың сөзіне жазылған «Туған жер» (орындаған Мәншүк Мерғалиева мен Сағыныш Шамұратова), Гүлнар Шамшиеваның сөзіне жазылған «Арман» (орындаған Ғафура Жанбосынова) әндері тамылжыта шырқалып, зал толы көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады. Кеш барысында, құттықтау сөз сөйлеген «Арман» мәдениет үйінің директоры Жәния Ізбасқан, ақын, сазгер Қалидолла Ізекен, Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Нұралы Әбишан, А.Өміров атындағы балалар саз мектебінің директоры Сәндігүл Дәуленова, Кенбай орта мектебінің мұғалімі Алданбек Рахов, №9 орта мектебі директорының міндетін атқарушы Мейрамгүл Аяғанова, өнердегі әріптестері Зайдолла Жиенбет, Төлеуғали Кішкенебаев, ардагер теміржолшы, ақын Қауысбай Базарбаев, доссорлық ақын Қуат Мыңтұрғанов, өнер жолында бірге жүрген әріптесі, Жангелдин ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Әби Еңсегеновтер Сүйінғали Өтеуұлының тума талант, тамаша сырнайшы, өнер жолында өзіндік ізі бар сазгер екендігін тілге тиек етті. Ал, кеш тәмамдалар тұста сөз сөйлеген Сүйінғалидың ағасы Жасан Есқайыров, Ақтөбе қаласынан келген сыныптас досы Шарипа, інісі Айтқали, өмірлік серігі Қалимаштар көңілге көрікті ой ұялатқан керемет бір әсерлі кешті ұйымдастырған «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова бастаған ұжымға, сазгер, музыкант Әбдіғапар Темірхановқа және басқа да атсалысқан азаматтар мен азаматшаларға зор алғысын білдірді. Тарихтан мәлім, Сағыз өңірінің даңқын аспандатқан өнерпаздардың қатарында Ленин атындағы совхоздың жанынан құрылған халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орны бөлек. Сол кездегі совхоз директоры Жасан Есқайыровтың қолдауымен, кәсіподақ ұйымының төрағасы Берекет Жиенғалиев пен балалар саз мектебінің негізін салушы, даңқты домбырашы, дирижер Аманбай Өміров екеуінің біте қайнасып жұмыс жасауының арқасында оркестр сонау Алматы қаласына дейін өнер көрсетіп, талантты шопандар мен механизаторлардың, басқа саладағы өнерпаздардың, жастардың талантын ұштай түсті. Бұл орайда, кең диапозонды әнші Тыныштық Шабаевтың, сырнайшы Балмұқан Әбдіров секілді өнерпаздардың сіңірген еңбегі зор. Солардың арасында, оркестрдің белді мүшесі болған Сүйінғалидың қосқан үлесі де айрықша. Ол Аманбай ағайға ізін басар іні болып, көптеген өнерлі балаларды тәрбиелеп шығарды. «Өткен күнде белгі бар» дегендей, кеште кең диапозонды әнші Тыныштық Шабаев және Сүйінғали мен әріптесі Төлеуғали Кішкенебаевтардың орындаған әндері лед экран арқылы көрерменге паш етілуі тыңдаушыларға үлкен әсер сыйлады. Сондай-ақ, Сүйінғалидың немересі Көріктінің «Үнді биін» мың бұрала билеуі, Аманбай Өміров атындағы балалар саз мектебі ұлт аспаптар ансамблінің Сүйінғалидың өзі шығарған «Назерке», «Шаттық мерекесі» күйлерін күмбірлете орындауы концертті тамашалаушыларды еріксіз қол соққызды. Сөйтіп, өз мәресіне жеткен шығармашылық концерт Сүйінғалидың сазды әлемін аудан тұрғындарына паш етіп, мерейін бір үстем етіп тастады.
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ.
Суретті түсірген Ж.ТАЛАСОВ.