Қызылқоға өңірі әуелден жауһар жыр өрген, күміс күй төккен, даңқты өнерпаздарымен өнерге өріс ашқан өлке. Сол өнер атадан балаға мирас болып келе жатыр. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, киелі топырақта дүниеге келіп, ел арасында бойына біткен дарынымен, өнерімен халықтың қошаметіне бөленіп жүрген жандар көптеп саналады. Осы тұрғыдан алғанда бүгінгі таңда Атырау қаласында тұратын күміс көмей әнші Нұрсұлу Шамұратованың шоқтығы биік.
Кішкентай кезінен өнер десе ішкен асын жерге қоятын Нұрсұлу Зиманқызы Жангелдин ауылындағы Миялы орта мектебінде оқып жүргеннен-ақ түрлі шараларға қатысып, сахнада ән шырқап ауылдастарының алғысын арқалап өсті. Өнер саласындағы еңбек жолын 1985 жылы «Арман» мәдениет үйі жанындағы «Ойыл әуендері» вокалды-аспапты ансамблінде әнші болып бастады. Қазақ және жергілікті сазгерлердің әндерін орындап, көрермен ықыласына бөленген әнші ауданның мәдениет саласының өркендеуіне елеулі үлес қосты. 1992 жылы облыстық филармонияға жұмысқа ауысып, аталмыш филармонияның «Нарын» ансамблінде жеке эстрада әншісі болып еңбек етті. Одан әрі М.Қойшыбаев атындағы саз мектебінің оркестрінде жеке әнші болса, кейіннен өзі құрған «Шамұратова Нұрсұлу Зиманқызы» концерттік тобымен аудан, облыстарды аралап, өнер сүйер қауымға концерттік бағдарламасын ұсынды. Нұрсұлу сахнаға шығып, қалықтата ән салғанда тыңдарманды еріксіз баурап алатын. Әншінің әдемі де ашық дауысы тыңдарман жүрегін тербейді, дауысын естіген жан әнмен бірге өзге дүние құшағына бөленіп, тек тыңдай берсем дейді.
Еңбек еткен жылдары түрлі облыстық фестивальдер мен байқауларға қатысқан ол талай рет жүлделі орындарды иеленіп, лауреат атанды. Мәселен, 1985 жылы Алматы қаласында өткен жас әншілер конкурсында Алғыс хатпен марапатталса, 1987 жылы Бүкілодақтық көркемөнерпаздардың ІІ фестивалінде лауреат болды. Сондай-ақ, 1991 жылы қазақ халқының әйгілі күйші композиторы Дина Нұрпейісованың 130 жылдығына орай ұйымдастырылған «Күй мерекесінде» Құрмет грамотасымен, облыстық «Ән-Атырау-92» атты жергілікті сазгерлер шығармаларының байқауында ІІ орынды иеленсе, Атырау мәдениеті мен өнерін жаңа сатыға көтеруге елеулі үлес қосқаны үшін Ілтипат және Мақтау қағазымен марапатталып, «Жылдың үздік өнерпаз жетекшісі-2014» номинациясына, халық әртісі Роза Рымбаеваның репертуарындағы әндерден облыстық «Атамекен-ай» фестивалінде сертификатқа, ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай өткен «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты шығармашылық байқауында ақын әндерін шебер орындағаны үшін І орынға, Құрмет грамотасы және «Абай-175 жыл» төсбелгісіне, «Бақытты елдің ұрпағы» қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық «Дала сазы» байқауына дарынды шәкірттерді дайындағаны үшін Алғыс хатқа ие болды.
Өткен жылдың аяғында «Арман» мәдениет үйінде Қызылқоға ауданының 80 жылдығы аясында Бүкілодақтық көркемөнерпаздардың ІІ фестивалінің лауреаты, жезтаңдай әнші Нұрсұлу Шамұратованың «Өнерім – менің өмірім» атты ән кеші өтті. Жергілікті сазгер Жәкула Нұрғаливтің «Туған жер» әнімен сахна шымылдығын ашқан әнші одан әрі жеке және аталмыш мәдениет үйінің өнерпаздарымен бірге халық және қазақ сазгерлерінің «Арыс жағасында», «Ана», «Мен деп ойла», «Сәулем-ай», «Ағаларым», «Сарыарқа», «Көңіл толқуы», «Жақсы көру», «Алғыс», «Дүние-ай» әндерін орындап, концертті Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйіндеді. Осылайша туған жеріне келіп, өз өнерін ұсынған жезтаңдай әнші Нұрсұлу Шамұратова жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.
Бауыржан САҚТАСЫНОВ