Өткен аптаның жұмасы күні аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Арман» мәдениет үйінде аудандық «Конферансье-2020» байқауы өтті.
Оған жеті ауылдық округтен 14 үміткер қатысты. Жұп болып өнер көрсеткен қатысушылар үш кезең бойынша бақ сынады. Бірінші кезең – сахна және сөйлеу мәдениеті, дауыс ырғағы, екпін белгісінің, мәтін мәнерлігінің дұрыс айтылуынан (монолог, өлең, мысал, жаңылтпаш орындау) тұрса, екінші кезеңде қатысушылар билет суыру арқылы түрлі ситуациялық сұрақтарға жауап беріп, шешуші кезеңде ресми шаралар мен тақырыптық кештер, телевизиялық бағыттағы әртүрлі шаралар туралы сценарий дайындап, сахнада көрсетті.
Нәтижесінде, Мұқыр ауылдық округінен қатысушы Әсем Қасым мен Есбол Жұмағали бас жүлдені жеңіп алса, сағыздық Аягөз Хайруллина мен Дәулет Нұр І орынды иеленді. Ал, жангелдиндік Перизат Нұрболатқызы мен Әлихан Мэлсұлы, Миялы ауылдық округінен қатысушы Нұрбану Мұқанова мен Әйгерім Кұрмашевалар екінші, үшінші орындарды өзара бөлісті.
Бауыржан САҚТАСИНОВ