Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

САМАЛ БАС ЖҮЛДЕ ИЕГЕРІ

Миялы ауылындағы «Арман» мәдениет үйінде аудандық келіндер байқауы болып өтті.

Оған Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға, Тайсойған, Сағыз, Миялы ауылдық округтерінен тоғыз келін қатынасып, бақтарын сынады. Алғашқы бөлімде келіндер «Алдымен амандасып алайын» деген тақырыпта сәлем салып, өзін-өзі таныстырса, «Көзі ашық, көкірегі ояу» бөлімінде салт-дәстүр, әдет ғұрыптарға байланысты сұрақтарға жауап беріп, «Өнерліге өріс кең» бөлімінде өз өнерлерін ортаға салды. Ал, «Әр істен артық бір ісім» бөлімінде картоп аршу, шаш өруден сынға түсіп, келесі бөлімде қазақтың ұлттық киімі, қонаққа барғанда киетін сәндік киім, үйде қонақ күткенде киетін киімнен сән үлгісін көрсетті. Сондай-ақ, «Дәстүрімнің озығы» жас келіннің қайнысы, қайнысіңлілеріне ат тергеуі, ат қою дәстүрі бойынша сынға түсті.

i

Сайысты қорытындылаған қазылар алқасының төрайымы Гүлшара Сары:

– Әр бөлімде келіндердің сайысқа тыңғылықты дайындығы, саханада жүру мәдениеті, сұрақтарға жауап беруі, өнері барлығы сараланды. Шындығында сайысқа қатысушы келіндер бір әулеттің ғана емес өз ауылының айнасы екендігін дәлелдеп бақты. Сахнаға сызылып шыққан келіндерімізге қарап көз сүйсінеді, - деген пікір білдірді.

Нәтижесінде, миялылық келін Самал Қуанышқалиева бас жүлдені жеңіп алса, жангелдиндік Назерке Жарасқызы I орынды, Сағыз ауылдық округінен қатысқан Айдана Тәжік II орынды, тасшағылық Анар Бақыбайқызы III орынды иемденді. Сол сияқты, ойылдық Жайнагүл Құлтаева «Өнерлі келін», көздіғаралық Айымгүл Орынбасарова «Дәстүрді дәріптеген келін», қарабаулық Ақмарал Сәрсенбаева «Сәлемімен сыйлы келін», тайсойғандық Орынгүл Рамазанова «Парасатты келін» атақтарына ие болды.

Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT