Небір бұлбұлдар мен дүлдүлдердің мекеніне айналған қасиетті Қызылқоға өңірі ешқашан таланттардан кенде болмаған.
Арғы тарихты айтпағанда, бүгінгі күннің өзінде жоғары дәрежеде жетістікке жетіп жүрген даңғайыр дарындарымыз жетіп артылады. Солардың ішінде көпшілік көзіне түспесе де өз саласында өнімді еңбек етіп келе жатқандар көп-ақ. Осы орайда, газет бетінен «Тасадағы талант» айдарын ашып, өнерлі өрендерді тұрақты түрде жариялап отыруды жөн санадық. Ал, жаңа айдардың алғашқы қонағы – дәстүрлі әнші, компазитор Ғибадат Тұрғали. 1994 жылы Сағыз ауылында туып-өскен ол жастайынан домбыраның құлағында ойнап, баба дәстүрін берік ұстанып келеді. Ендеше бірнеше облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, дәстүрлі әнді дәріптеп жүрген жас таланттың сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.
– Ғибадат, «Мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» дейді халқымыз. Өзіңіз жайлы, өнеріңіз жайлы толығырақ айтып өтсеңіз... Дәстүрлі әнге қалай келдіңіз, өнер жолында кімдер ұстаздық етті?
– Мен Сағыз ауылының тумасымын. Кенбай орта мектебінің түлегімін. Ал, менің өнер жолына түсуіме ең бірінші Ақбөпе Қарабалина апайым септігін тигізді. Алғашында мектеп қабырғасында жүріп айтысқа қатыса бастадым. Ол кезде дәстүрлі ән айтамын деген ой мүлде болмады. Алайда, менің бойымдағы өнердің ұшқынын көрген апайым маған халық әндері мен терме айтқыза бастады. Тіпті кабинеттің есігін іштен кілттеп алып, жеке дайындайтын. Соның арқасында алдымен аудандық, облыстық, кейін республикалық байқауларда топ жара бастадым. Кейіннен өнер саласындағы алғашқы білімді А. Өміров атындағы саз мектебінде жалғастырдым. Ол жерде Жаннат Батырова апайым менің өнерімнің өрістеуіне көп үлес қосты. Осылайша ауылдағы апайлардың салған ізімен дәстүрлі әнге түбегейлі бет тұрып, мектептен соң Атырау қаласындағы Д. Нұрпейісова атындағы колледжге оқуға түсіп, ол жерде Рая Латифуллина апайдың қол астында тәлім алдым. Колледжде жүріп Ресей елінің Волгогорад қаласында өткен халықаралық байқауда бас жүлдені иелендім. 2014 жылы жоғары білім алу мақсатында Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсіп, Айгүл Қосанова, Эльза Қарабалина, Еркін Шүкіманов, Венера Қаражаубаева сынды атақты ұстаздардың алдын көріп, дәріс алдым. Консерваторияда жүріп Біржан сал атындағы олимпиададан бас жүлдеге ие болдым. Сондай-ақ, жоғары оқу орнында домбырадан бөлек сырнаймен ән айту өнерімді дамыттым. Қысқасы мен дәстүрлі әнге «көшеден» келген жан емеспін. Ұлттық өнердің барлық сатысынан өттім.
– Сіздің тек қана дәстүрлі әнді орындаушы емес, компазитор екеніңізді де білеміз. Осы қырыңыз жайлы айтып берсеңіз...
– Әрине, ұлттық құндылықты насихаттап жүргесін тек орындап қана қоймай, тамшыдай болса да үлес қосқымыз келіп, әндер де жазып жүрміз. Солардың ішінде өзім үшін шоқтығы биігі – «Тарихи талас» деген шығармам. Себебі, бұл туындым былтырғы жылы Тараз қаласының екі мың жылдығына орай жарық көрген «Көне Тараз күмбірі» кітабына енді. Және сол кітапқа шығармасы енген ең жас компазитор мен екенмін. Кейіннен осы шығармам республикалық конкурсқа қатысып, арнайы жүлдеге де ие болды. Одан бөлек, эстрадалық бағытта «Ақтілек», «Құстарым», «Аруға», «Бір адамбыз», «Бақытым да сен» деген әндерім бар. Оларды Ерғали Ақайдаров, Сафура Әбдіразақова және «Сағыз» триосы орындап жүр.
– Дәстүрлі әннің өзге өнерден айырмашылығы – әр өңірдің қалыптасқан өз мектептері болады. Сіз өзіңізді қай мектептің өкілімін деп санайсыз?
– Жалпы дәстүрлі ән әлемінде Батыс, Сыр, Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай сынды бес мектеп қалыптасқан. Әрқайсысының өзіндік тарихы, өзіне тән әндері бар. Алайда, сол мектептердің ішінде де түрлі тармақтарға бөлінеді. Мысалы Батыс мектебінде Маңғыстау жақтың арыны бөлек, Орал өңірінің өзіндік ерекше үні бар. Тіпті өзіміздің Қызылқоға аймағында Маңғыстау мен Жайық бойының қағыстарынан шыққан әуезді сарын бар. Сыр мектебінде де, Арқа мектебінде де осындай ерекшеліктер жетерлік. Ал, мен өзімді Батыс мектебінің өкілі санаймын. Өйткені сен қай өңірде тудың, сол өңірдің табиғаты, дәстүрі, жергілікті ерекшеліктерін бойыңа сіңіру арқылы сол мектептің өкілі болып шыға келесің. Ал, үлгі тұтар тұлға есебінде Батыс мектебінің негізін салған Мұхит Мералыұлын атауға болады. Содан кейінгі алтын қазығымыз – Ғарифолла Құрманғалиев. Ал, осы екі тұлғаның жолын жалғастырушы Қатимолла Бердіғалиев, Мекес Төрешұлы, Күріш Тасболатов, Қайрат Байбосынов, Айгүл Қосанова сынды Батыс мектебінің жарқын жұлдыздарын да ұстаздарым деп санаймын. Сондай-ақ, Батыс мектебіне жаңа сарын мен серпін алып келген Елемес Мағазовты ерекше атап өткім келеді. Ол қазіргі таңда дәстүрлі бағытта ән жазып жүрген бірден бір компазитор. Алайда, бұл ағамыз осы Атырау өңірінде өз бағасын толық ала алмай келеді. Ал, Алматы жақтың дәстүрлі әншілері мен консерватория ұстаздары ол кісіні ерекше құрметтейді, бағалайды. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген осы шығар...
– Соңғы жылдары елімізде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында жүйелі түрде жұмыстар жасалуда десек те, даңғаза музыка мен дарақы эстрада дәстүрлі әнімізді тұншықтырып жатқаны жасырын емес. Жалпы осы эстрада мен дәстүрлі ән арасындағы бітіспес бәсекені қалай шешуге болады деп ойлайсыз?
– Сөзіңіздің жаны бар. Эстрада мен дәстүрлі ән арасында әуелден келе жатқан бітпейтін әңгіме бары анық. Алайда, екеуінің де басты мақсаты – қазақ өнеріне қызмет ету. Бұл мақсатта жұмыс жасап жатқан әншілеріміз де жетерлік. Мысалы, Димаш бауырымызды алайық. Қазақтың дәстүрлі әндерінің нақышын бұзбай эстрадамен де, домбырамен де айтып, күллі әлемді тамсантып жүр. Қандай керемет?! Босқа дауласа бермей Димаштен үлгі алуымыз керек. Бұл орайда, әншілер емес ән өңдеушілердің де қосар үлесі зор болады. Мысалы, кейбір ән өңдеушілер дәстүрлі әнді эстрадаға негіздегенде артық қыламын деп тыртық қылып алады. Содан келіп дәстүрлі әншілер «Қазақы нақышты бұзды» деп ренжіп шығады. Ал, менің ойымша әншілер екіге бөлінбей бір мақсатта жұмылу керек. Эстрада әншілері бізден керегін алсын, біз олардан алайық. Қысқасы, илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан айтыспай-тартыспай бітімге келген дұрыс.
– Қазір елімізде әр өнердің өз одағы, өз жетекшісі бар. Мысалы, айтысты Жүрсін Ерман биікке көтеріп отырса, жайдарманшылар Есен Елеукеннің маңына жиналған. Екі өнер де теледидардан тұрақты түрде көрсетіліп, насихатталып келеді. Ал, дәстүрлі әншілер мұндай құрметке ие емес. Бұған не себеп, әлде дәстүрлі әнді алға сүйрейтін көшбасшы жоқ па?
– Дұрыс айтасыз. Қазір дәстүрлі әннен басқа өнердің барлығының да өз одағы бар. Жақында республикалық күйшілер одағы құрылды. Менің ойымша, біздің де одағымыз құрылатын уақыт келді. Алайда, дәстүрлі әншілердің бастары бір одаққа бірікпеуі көшбасшының жоқтығынан емес, көптігінен деп ойлаймын. Жасыратын ештеңесі жоқ кейде көшбастайтын үлкендеріміздің өзі Батыс мектебі, Арқа мектебі, Жетісу жүйріктері болып өзара бөлініп, дауласып қалып жатады. Сондай оқиғалардың салдарынан дәстүрлі әншілер басы бірікпей жүргені рас. Әйтпесе, топ бастайтын небір мықты тұлғаларымыз жетерлік қой. Егер үлкендер жағы бір бәтуаға келіп, өз араларынан лайықты көшбасшы сайлап, одақ құрып жатса, біз жастар жағы қуана қолдаймыз, артынан ереміз. Дегенмен, түңілетін ештеңе жоқ. Дәстүрлі әннің көші түзеліп келеді, мүмкін одақ та көп ұзамай құрылып қалар.
– Соңғы кездері елімізде «Фонограммаға заңмен тыйым салу керек» деп жатыр. Осыны қолдайсыз ба, жалпы фонограммасыз эстрада болуы мүмкін бе?
– Бұл да көптен бері қозғалып келе жатқан тақырып. Бірден ашып айтайық, фонограмма біздің дәстүрлі әнге жат нәрсе. Бұл тікелей эстрада әншілеріне қатысты сұрақ. Менің ойымша егер Сіз айтқандай заң қабылданатын болса Қазақстан эстрадасында үлкен «төңкеріс» болуы мүмкін. Аузын жыбырлатып ән айтатындар шетке ығысып, шын таланттар өздерін көрсетуге мүмкіндік алады. Қысқасы «сүзгіден» өткен дарынды әншілер іріктеліп, қазақ өнерінің жаңа парағы ашылар еді.
– Қазір мәні де, мағынасы да жоқ есер әндер көбейіп кетті. Тіпті не ұйқасы, не сөз құрылымы келмейтін әндерге етіміз үйреніп кетті. Бұған не себеп, мұның алдын қалай алуға болады?
– Мұндай есер әндердің көбейген жалғыз ғана себебі бар, ол – коммерция, ақша табу. Қазір шынайы жүрегімен ән жазатындар азайып барады. Елге тез танымал болғысы келіп жүрген бір әншіге құлаққа тез жатталатын жеңіл әуен мен мағынасыз сөз жазып бере салады. Сосын теледидар мен әлеуметтік желілерден 24 сағат бойы айналдырып қояды. Басында біртүрлі естілген әнге артынша халықтың да еті үйреніп кетеді. Мысалы, менің Алматыда ән жазатын студиям бар. Соған түрлі әншілер келеді. Сонда көпшілігінің сұрайтындары – ішінде «Опмай-опмай» деген сияқты тез хит болатын сөзі бар әндер мен жеңіл әуендер. Мұндай жеңіл нәрселерді халық тез қабылдап, жұтып алады деп санайды. Мүмкін расымен де тыңдарманның талғамы да сондай ма, кім білсін? Ал, мұны тыюдың бірден бір жолы – көркемдік одақ. Елімізде сондай одақ құрылып, оған сөз түсінетін, жөн білетін жандар мүше болуы керек. Сосын жаңадан шыққан әндер сол одақтың сүзгісінен өтуі тиіс. Сонда ғана есер әндер азайып, есті әуендер жарыққа шығады.
– Қызылқоға небір мықты өнерпаздар мен дарындардың мекені деп жатамыз. Алайда, ауданымызда осы дәстүрлі әнді насихаттап, баба дәстүріне адалдық танытып жүргендер саусақпен санарлық. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Жалпы өзіңіз туып-өскен аудандағы дәстүрлі ән өнеріне қандай баға берер едіңіз?
– Әрине, қазір көпшілік «Мен қызылқоғалықпын» деген кез-келген адамнан ерекше өнер күтіп тұрады. Соның ішінде домбыра алып, «Әу» деп ән айтқанын қалайды. Алайда, аудан бойынша дәстүрлі ән бағытында жүрген өнерпаздарды санасақ ұятты болып қаламыз. Себебі, өте аз. Әрине, «Ел іші – өнер кеніші» дейді, елде дарынды балалар жоқ емес, жетерлік. Бірақ, солардың көзін ашатын ұстаздарымыз жетпей жатқан сияқты. Мысалы, осы екі-үш жыл бұрын Миялы ауылында Берік Амантай бауырымыз өте жақсы жұмыс жасап, шәкірттер тәрбиеледі. Тіпті дайындаған балалалары талай додаларда топ жарғанын көріп, қуанып жүруші едік. Алайда, ол жұмыс бабымен Атырауға ауысып кетті де, қазір Беріктің ізін жалғайтын білікті ұстаз болмай отыр. Меніңше ел ішінен таланттарды шығару үшін ұстаз мықты болуы керек. Бұл орайда, жауапкершілік тек Берікке ғана емес маған да артылары сөзсіз. Себебі мен де осы ауданнан шыққан дәстүрлі әншімін. Бірақ, ауданда дәстүрлі әніміз дәл қазір кенжелеп қалғанымен болашағына сенемін. Өйткені бізде ән өнерінің өзіндік мектебі болмаса да дәстүрі қалыптасқан. Осы дәстүрді берік ұстансақ әлі талай мықтылар шығары сөзсіз.
– Сөз соңында өзіңіздің болашақ жоспарың мен алға қойған арман-мақсатың жайлы айтып берсеңіз...
– Әрине, «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді. Сол айтқандай бәріміздің де алға қойған мақсат пен жоспарымыз жетерлік. Менің басты арманым – дәстүрлі әнді тек орындап қана қоймай жаңаша биікке көтеру. Сол мақсатта Алматы қаласында оқып жүргенде «Жәдігер» деген ансамбль құрдық. Бұл ансамбльдің өзгелерден ерекшелігі – әр әнді орындаушының аспабы мен дауысына қарай өңдеу. Бұл ісіміз сәтті шығып, Алматы қаласында концерт те бердік. Енді осы жобаны Атырауға алып келгіміз келіп отыр. Сөйтіп Батыс халқына өздерінің дәстүрлі әндерін жаңа форматта айтып, батасын алғымыз келеді. Осы және басқа да жоспарлар жетерлік. Ең бастысы – жаһандану заманында бабадан мирас болған ұлттық өнерімізді жоғалтып алмай, кейінгі ұрпаққа аманаттап жеткізу басты парызымыз екендігі ақиқат.
– Әңгімеңізге рақмет. Шығармашылық табыс тілейміз!
Сұхбаттасқан,
Дулат ҒҰБАЙДУЛЛИН