Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Сахнада – Сағыздың сазгерлері

Сағыз өңірі көңілге көрікті ой ұялатқан әсем әндерін халыққа паш еткен сазгерлерге бай өлке. Олардың әсем әндері жұртшылыққа кеңінен таралып, жас ұрпақтың сүйіп тыңдайтын әніне айналып, өрісті өнеге сыйлап келеді. Бұл ретте,  жаныңа ғажайып  бір сезім сыйлайтын әсем әндерімен елге танымал жергілікті сазгерлердің шығармаларын жас ұрпаққа үлгі-өнеге етсе керемет емес пе?!

Осы орайда, таяуда Сағыз ауылдық округіндегі «Шұғыла» мәдениет үйінде  «Сағыз әуендері» атты концерт болып өтті.  Концерттің  шымылдығы аудан, облыс, республикаға белгілі сазгер, марқұм Сүйінғали Өтеуұлының қысқаша өмір жолымен ашылды. 1950 жылдың  18 ақпанында Сағыз ауылдық округіне қарасты Буракөл елді мекенінде дүниеге келген ол Қарағанды қаласындағы  Сәкен Сейфуллин атындағы драма театрда жұмыс істей жүріп екі жылдық театр студиясын,  Атырау мәдениет училищесін бітірген. Ұзақ жыл  аудандық  мәдениет бөлімінде, А.Өміров атындағы Өнер мектебінде  қызмет еткен сазгер Сүйінғалидың шығарған  елуден аса  әні, бірнеше  күйі бар. 2018 жылы «Шұғыла»  мәдениет үйінде және Құлсары қаласында аталмыш сазгердің «Аяулы арман» атты ән кеші өткізілген-ді. Өкінішке орай, аталған ән кешінен кейін сазгер  көп ұзамай өмірден озды. Бірақ, өзі өмірден өтсе де, мәңгі өлмес әсем әндері қалды. Осынау әндерінің ішінен лирикалық сезімге толы  «Аңсағаным сен ғана» (сөзі Қуат Мыңтұрғановтікі),  «Арман» (сөзі Гүлнар Шамишеванікі), «Құрбыға наз» (сөзі Шекер Ахмелованікі), «Нәзік гүлім» (сөзі Қауысбай Базарбаевтікі) әндерін аудан, облысқа танымал әншілер Амантай Қабдығалиев,  Ғафура Жанбосынова, Бибігүл Баянқұлова,  Рысты Нұрсанова, Мәншүк Мерғалиевалар тамылжыта шырқады. Бұдан кейін сахнаға көтерілген сазгер Нәсіпқали Ишманов Мақат кентінің тумасы. Өнерге жастайынан құштар болған ол  7 сыныптан бастап гитара домбырада ойнап, есейе келе сазгерлікке бет бұрады. Сөйтіп, жұртшылыққа тамаша әндерімен танымал болған сазгердің былтырғы жылы «Шұғыла» мәдениет үйінің сахнасында онлайн форматта «Сағызым сағынышым» атты ән кеші өтті.  Бүгінде он беске жуық  әндері бар сазгер өзінің шығарған әндерін көбіне өзі орындайды.  Бұл ретте, ол өзінің жүрегінен жарып шыққан  «Қоштаспай барасың ба?»,  «Әкеге арнау» әндерін көрермен алдында орындап берсе, әнші Амантай Қабдығалиев Нәсіпқали Салықбайұлының «Ағаларым» әнін көрермен алдында паш етті.

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Сағыз ауылының жарқыраған жас әншілерінен құралған «Наурыз» тобы ән сүйер қауымды таң тамаша етті. Олардың тамылжыта салған әсем әндері республикаға танымал болып, сол кездегі тойларда жиі шырқалды. Міне, сол топтың жетекшісі болған Әбдіғапар Темірханов бүгінде облыс, республикаға танымал сазгерлердің бірі. Оның  Сағи  Жиенбаев, Қайырбек Асанов, Асылзат Арыстанбек, Қалидолла Ізекенов, Қошан Дүйсемұратов, Айнагүл Темірболатова, Ақбалжан Айдарова, Мейрамгүл Аяғанова, Нұржамал Өтеғұлова, Серікбай  Аманов, Шолпан Малхарова, Асқар Боранқұлов және тағы да басқа ақындардың сөздеріне жазылған әндері жұртшылық арасында кеңінен танымал. Кеште Әбдіғаппардың  «Сүюді бақыт дейтіннің бәрі» (сөзі Асылзат Арыстанбектікі), «Ғашықтық сыры» (сөзі Қайырбек Асановтікі), «Көктем үні» (сөзі Асқар Боранқұловтікі), «Ауылға қайтып келемін»  (сөзі Сағи Жиенбаевтікі) әндерін әнші  Сағыныш Шамұратова, Мейрам Сұлтанов, Қуаныш Кеңестер орындап берді.

Бір қызығы, «Әкеге қарап ұл өсер» демекші, Құрманғазы атындағы консерватория түлегі,  қазіргі таңда  Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжі мұғалімі болып қызмет ететін Әбдіғапардың ұлы  Орынбасардың да бірнеше әндері жарық көрді. Аталмыш кеште Орынбасар өзі шығарған Нұрсәт Алмастың сөзіне жазылған «Білсем болды», Ерболат Қарақойшиевтың сөзіне жазылған «Жауап бер» әндерін шырқады.

Әлбетте, бард ақын Табылды Досымовтың шәкірті, бард әнші, сазгер Есенбай Құли ауыл, аудан мақтан  тұтар азаматтың бірі. Оның көңілге көрікті ой ұялатып, лирикалық сезімге бөлейтін әсем әндері тыңдармандардан оң бағасын алып келеді. Осы орайда, әнші, сазгер Есенбайдың 2007 жылы «Жалғыз жиде» деген атпен ән дискісі мен кітабы шыққанын айта кеткен жөн.  Кеште Есенбайдың Есенғали Раушановтың сөзіне жазылған  «Мәжнүн тал», Светқали Нұржанның  сөзіне жазылған  «Тәтті елес», «Жігіттерге наз»   әндерін  Құлсары қаласынан арнайы ат арытып келген жерлес  әнші Зәуреш Малхарова орындап, көрермендердің көңілін бір көтеріп тастады.

Сағыз ауылында тамаша әндері жұртшылыққа танымал, бірақ, есімі көп айтыла бермейтін ақын, сазгерлер жетерлік. Соның бірі – Дәлубай Маханов. Оның  «Жан арманым», «Сәт сапар», «Бөбегім» атты әндері  мен  жарыққа шықпай қалған термелері де бар. Кеште Дәлубай Атшыбайұлының  әні мен сөзін жазылған Дәлубай Махановтың «Жан арманым», «Жүрегімді  қорғайын» әндерін  әнші  Нұрболат Баяшов пен Мәншүк Мерғалиева тамылжыта шырқап берді. Әсем әндердің көрермендерді шабыттандырып жібергені сонша, көпке дейін ду қол шапалақтар толастаған жоқ.

«Алдыңғы толқын ағалар,

Кейінгі толқын інлер,

Кезекпенен өрілер» деп Абай ақын жырға қосқандай, жоғарыда айтқан аға сазгерлердің жолын қуып келе жатқан жас сазгерлер жетерлік. Солардың қатарында, «Сағыз» КВН командасының үздік ойыншысы, аудандык, облыстық сазгерлер байкауларының жеңімпазы, қазіргі таңда әсем әндерін Әсет Қарабалин, Қайрат Нұртас,   «Заман тобы», Ернар Айдар тағы басқа елімізге белгілі әншілер орындап жүрген  Қуаныш Кеңес пен аудандық, облыстық республикалық байқаулардың жеңімпазы, «Шұғыла» мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, әнші Ғибадат Тұрғалиевтің шоқтығы биік. Кеште Қуаныш Кеңес өзінің ақын Ботакөз Бексарының сөзіне жазылған  «Сізге келдім»  және тағы да басқа әндерін орындап берсе,  Ғибадат өзінің   Рахымжан Төлегеновтің сөзіне жазылған «Құстар» әнін, әнші Орынбасар Жұмаханов Ақтілек Берекеттің сөзіне жазылған «Айжаным» әнін тамылжыта шырқады.  

Сөйтіп, ән сүйер қауымға көтеріңкі көңіл  сыйлаған кеш мәресіне жетіп,   Сағыз ауылдық округі әкімінің орынбасары Естай Мақсотов құттықтау сөз  сөйлеп, кешке атсалысқан барша сазгерге округ әкімі Өтепберген Әділовтің Алғыс хатын табыс етті. Одан соң, кеш Айнагүл Темірболатованың сөзіне жазылған Әбдіғапар Темірхановтың «Сағызым сазым» әнімен тәмамдалды.

Сайып келгенде, «Ән көңілдің ажары» дегендей, жанға жігер, көңілге көрік сыйлайтын әсем әндерімен тыңдармандарын баурап алатын жергілікті сазгерлерді  қалай құрметтесек те жарасымды. Ендеше, «Шұғыла» мәдениет үйі қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен өткен осынау шара өзге де  округтер де өткізілсе нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. 

 

Бауыржан АМАНҰЛЫ

 

 

 

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT