Өнер – жүректің тілі. Осы тілді шәкірт бойына дарытып, өзі де биік өнер додаларында жарқырай көрінген Гүлхан Қалыбекқызы Миялы орта мектебінің музыка пәні мұғалімі. Ол таяуда республикалық деңгейдегі үлкен байқауда Атырау облысының атынан қатысып, абыроймен оралды. Айталық, Астана қалалық әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Музыка – достық тілі» атты республикалық шығармашылық фестиваліне еліміздің әр өңірінен ең үздік, өнерлі, тәжірибелі мұғалімдер жиналды.
Фестивальдің мақсаты – музыка пәні мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, өнер арқылы татулық пен бірлікке үндейтін педагогикалық идеяларды қолдау. Осы байқауда облыс намысын қорғаған Гүлхан Қалыбекқызы «Музыка – халықтар арасындағы татулықтың тілі» атты бағыт бойынша өнер көрсетіп, II орынды иеленді. Бұл — жас маманның тек қана кәсіби жетістігі емес, облыс абыройын асқақтатқан мәртебе. Ол өз жобасында ұлттық тәрбие мен музыкалық дамуды үндестіріп, шығармашылық ойлау мен жаңашыл әдіс-тәсілдерді шебер ұштастырды.
Фестиваль аясында әр өңірден келген үздік мамандармен өзара бәсекеге түсе отырып, Гүлхан Қалыбекқызы өз тәжірибесін жоғары деңгейде қорғап шықты. Жас маманның шеберлігін байқау қазылары да ерекше атап өтті. Марапатты Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысы С.Дауешова салтанатты түрде табыстады. Бұған қоса, оның шәкірті Бауржан Жанетта да «Әрқашан күн сөнбесін» атты бағытқа қатысып, Алғыс хатпен марапатталды. Бұл да шәкірт жетістігі арқылы бедел биігіне көтерілген еселі еңбегінің шынайы жемісі екендігі сөзсіз. Бұған дейін де Гүлхан Қалыбекқызы өз кәсіби белсенділігімен көзге түскен болатын. Сәуір айының басында Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығы ұйымдастырған облыстық семинарда авторлық жобасын сәтті қорғап, Атырау облыстық педагогтер қауымдастығының мүшелігіне қабылданған еді.
Ендше, Гүлхан Қалыбекқызына шығармашылық шабыт, толағай табыс және өнермен өрілген жарқын жол тілейміз. Өңір намысын республика төрінде қорғаған мұғалім – жас ұрпаққа да, әріптестеріне де үлгі!
Сатыбалды САҒЫМПАЗОВ