Атырау облыстық Тарихи-өлкетану музейі 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай кең ауқымды мәдени-көпшілік шара ұйымдастырды. Дәстүрге айналған мерекелік кеш биыл да жоғары деңгейде өтіп, тұрғындар мен қала қонақтарының басын қосты, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Мерекелік бағдарлама 16 мамырда сағат 18:00-ден 23:00-ге дейін музей аумағында ұйымдастырылды. Басты мақсат – көпшілікке музей қорындағы бірегей жәдігерлерді таныстырып, тарих пен мәдениетке қызығушылықты арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Іс-шара шымылдығы салтанатты ашылу рәсімімен басталды. Қатысушылар назарына концерттік бағдарлама, «Тірі музей» мен тарихи тұлғалардың образындағы кейіпкерлер ұсынылды. Мерекелік кеш барысында музей қызметкерлерге, сала ардагерлері мен бірқатар қонаққа Атырау облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Алғыс хаттары табысталды.
Алматы қаласынан арнайы келген Еуразия және этно-дизайнерлер одағының мүшесі Бекдайыр Қоңырдың шара аясында ұйымдастырылған зергерлік бұйымдар бойынша шеберлік сағаты, сондай-ақ Анаргүл Нарботанованың тоқыма өнері бойынша көрсетілімі ерекше қызығушылық тудырды. Одан бөлек жергілікті қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, құмыра жасау, ұршық Party, тоқыма бұйымдарын дайындау секілді шеберлік сағаттары өтті.
«Өлке мәдениеті және әдебиеті» залында ұйымдастырылған «Ол кім? Бұл не?» атты интеллектуалдық ойын мен көрермендерді ерекше әсерлендірген «Уақыт капсуласы» көрінісі де кеш мазмұнын толықтырды.
Балалар үшін арнайы дайындалған «Динозаврлар әлеміне саяхат», «Жануарлар мен құстар әлемі», «Мейірімділікті табиғаттан үйрен» сияқты ойын-танымдық бағдарламалар, викториналар мен экскурсиялар ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында облыстық мекеме қызметкерлері арасында музейлік квест-жарыс өтті.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мұхамбетқали Кипиев мерекелік шараға келгендерге ыстық ықыласын білдіріп, музейдің тек өткеннің куәсі емес, ұлттың жадын сақтап, жас ұрпаққа жеткізетін мәдени орталық екенін атап өтті.
- 85 жылдық тарихы бар біздің музей өңірдің тарихын жинақтап, сақтап, таныстыруда өлшеусіз еңбек етіп келеді. Біз бұл кеш арқылы халық пен тарихты тағы бір табыстырғымыз келді. Көпшілікке таным мен тағылымды тоғыстырған мазмұнды бағдарлама ұсынып, музейдің заманауи бағытта дамып келе жатқанын көрсете алдық деп ойлаймын. Мұндай іс-шаралар қоғамда музей мәдениетін қалыптастырып, келушілер санын арттыруға үлкен серпін береді, – деді ол.
Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара Атырау жұртшылығының тарихи санасын жаңғыртуға, жастар мен балалардың мәдени-танымдық қызығушылығын дамытуға зор үлес қосып келеді.