Биылғы ауданның 80 жылдық мерейтойына орай түрлі іс-шаралар жоспарланып, қолға алынуда. Соның бірі – «Қызылқоға – ән мен жырдың мекені» атты ауылдық округтердің мәдениет күндері. Бұл фестивальдің бір ерекшелігі – бұрын округтер аудан орталығына келіп концерт қойса, бұл жолы өз ауылдарында өткізуі тиіс.. Оған ауданнан құрылған комиссия арнайы барып, мәдениет күндерін тамашалап, соңында қорытындысы шығарады.
Міне, осы аталмыш өнер фестивалі сейсенбі күні Жангелдин ауылынан бастау алды. Фестиваль шарты бойынша Жангелдин ауылдық округі Қазыбек би ауылы атанды. Сол күні таңертең ауылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтсе, кешкілік қолөнер шеберлерінің көрмесі және концерттік бағдарламамен жалғасты. Миялы орта мектебінің ауласында ашық алаңқайда ұйымдастырылған шара театрландырылған көрініспен ашылып, артынша сахнаға көтерілген округ әкімі Ғайса Қанат тұрғындарды ауданның мерейлі 80 жылдығымен құттықтады. Концерттік бағдарлама барысында Хайролла Мәдиев, «Асыл әжелер» ансамблі, «Қыздар» квартеті, «Бақовтар» отбасылық ансамблі, Ақмурзиндер отбасылық дуэті, Әділжан Рүстемұлы, Перизат Нұрболатқызы сынды өнерпаздар әннен шашу шашып, ауыл аспанын күмбірлете күйге бөледі. Концерт К. Жолаевтың «Өсе бер, өркендей бер Қызылқоға» әнімен түйінделді. Осылайша ауылдық округтердің мәдениет күндері Жангелдин ауылынан бастау алып, әрі қарай өз жалғасын таппақ.
Дулат МӘТЖАНОВ