Махамбет ауданында 25 қазан Республика күні қарсаңында, ақын, әнші, композитор Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 185 жыл толуына орай «Мен бабында жүрген жүйрігің, Бәйгелі жерде жүлде алған» деген атпен батыс аймақтық ақындар айтысы өтті.
Оған Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау облыстарынан барлығы 16 ақын қатысты. Айтыстың ұйымдастырушылары Махамбет аудандық әкімдігі және Қазақстан айтыскерлері мен жыршы-термешілер одағының Атырау филиалы.
-Қазақ халқының өзге халықтарға ұқсамайтын бір ерекше қасиеті төкпе ақындығы. Бабалардан қалған асыл мұрамыз әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Батыс өңірінде ақындығымен елге танылған Бала Ораз Өтебайұлының туғанына 185 жыл толып отыр. Елдің еркесі болған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары терең зерттеліп, ақын жөніндегі мағлұматтар күн өткен сайын молайып келеді. Денесі Махамбет өңірінде жатқан Бала Ораз Өтебайұлының басына кесене салынды. Өзіміздің арыстарымызды құрметтеп, қастерлеу біздің парызымыз –деді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев.
Суырып салма жырдың бәйгесіне Қазақстан Жазушылар одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев, ақын Жәниба Қарасаева, мәдениет саласының ардагері Амангелді Есенғалиев, «Жарсуат» халық театрының режисері Мұрат Талас, «Бақсай» ауылдық мәдениет үйінің басшысы Қадыржан Қазымбекұлы қазылық етті.
- Атырау облысында айтыс өнеріне жақсы көңіл бөлініп жатыр. Бұған дейін айтыскер ақындардың облыс әкімімен кездесуі өтпеген еді. Серік Жамбылұлы қызметке келгеннен кейін ақындарды қабылдап, жағдайларымен танысты. Атырау қаласындағы Абай өнер орталығынан арнайы кабинет берілді. Осындай қолдаудың нәтижесінде ақындарымыз Алматы қаласында өтіп жатқан «Асыл домбыра» айтысында ақтық сынға шықты. 19 қазан күні Атырау қаласында «Егемендігім ерен елдігім» деген атпен республикалық ақындар айтысы өткелі отыр. Айтыс ұлттық рухымызды көтеретін құндылық. Бүгінгі айтысқа жиналған көрермендердің қошеметі ақындарға шабыт беруде – деді Жылой ауданының ақыны Сырымбек Сәрсенбаев.
Аламан айтысқа ақындар жоғары дайындықпен келгендігін көрсетті.
Суырыпсалма сөздің шеберлері Бала Ораздың ақындығы мен батырлығын, елдік пен бірлікті, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін, Махамбеттей мекеннің ерекше қасиеттерін өз жырларына арқау етті.
Көрерменнің көңілінен шыққан айтыстың қорытындысында бас жүлдеге (700 000) Жәнібек Садыров лайық деп танылды. Ал, бірінші орынға 500 мың теңге жүлдемен Ерболат Қарақойшы, екінші орынға 400 мың теңгенің жүлдесімен Серікбол Панабердиев, үшінші орындарға – 200 мың теңгенің жүлдесімен Абылай Смағұлов, Қайырхан Жұбаниязов, Өнербек Дәулекенов ие болды.
Алты ақын: Нұрбейбіт Нұғыманов, Әнуарбек Садықов, Амангелді Панабердиев, Ғалымбек Мұстафа, Ерасыл Мұхитов, Баймұрат Кеңеске 80 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы мен Алғыс хат берілді. Батыржан Кәдірбай, Зейнетолла Қосымбаев және Сырымбек Сәрсембаев, Нұрбек Сарбасов 100 мың теңгелік арнайы жүлдеге ие болды.