Таяуда «Арман» мәдениет үйінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен ақын сөзіне жазылған әндерді орындаудан байқау өтті.
«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында ұйымдастырылған байқауға Мұқыр, Сағыз, Жангелдин, Ойыл, Жамбыл ауылдық округтерінен келген үміткерлер қатысты.
Ақынның қуатты да көркем шығармаларын насихаттап, жыр жампозының мұрасы арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке, оларды туған жерді құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткен байқаудың шарты бойынша үміткерлер ақынның бір өлеңін оқып, ақынның сөзіне жазылған әндерді орындады. Нәтижесінде, Мұқағали Мақатаевтың «Иә Аллам!» өлеңін мәнерлеп оқып, «Қариялар азайып бара жатыр» әнін нақышына келтіре орындаған сағыздық Рысты Нұрсанова бірінші орынды иеленді. Ал, Жамбыл ауылдық округінен қатысушы Дастан Асан екінші орынға, ойылдық Әсел Бейбітова үшінші орынға ие болды. Жүлдегерлерге аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі атынан арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Бауыржан САҚТАСИНОВ.