Құрметке лайық болу қиын шаруа. Қолға қалам алғызатын – құрмет.
Құрмет жүрек қалауы. Жүрек табиғаты – жомарттық. Жомарт адам ізгілікті іс жолында ғұмыр кешпек. Жомарттық ақындықтан да биік. Діні өзге болса да аңыздағы Атымтай жомарттың орны бақи дүниеде құрметке лайық жерде болады екен. Сірә, ақындық жомарттықтан өсіп-өнбек. Қалайша жомарт жүрек үнсіз болмақ. Жомарттың үні ақындық болып көрінбек. Ақ ниет, ақ көңіл жомарт жанның көктем гүліндей түрленіп тұрмаушы ма еді. Түрлену деген метафора, ол ақын сөзі.
Ойлаймын, Жаратушымыз қажеті жоқ ешнәрсе жаратпаған, әр өзеннің өз ағысы бар деуім де осы орайға қарай айтылған. Әлемді бусандырып тұрған су ағысы бар лық өзен, көлдерге қатысты. Бір өзен суалса әлем суы дағдарысқа түспек. Сулар жер бетінде белдеу-белдеу боп ағысқа түскенде бар сулармен, өзендермен тағдырлас. Әлем суларының тағдырының бір тамыры бір өзенге қатысты болуы әбден ықтимал. Ақындық та су сияқты. Әлемде неше алуан ақын бар, бірақ солардың бәрі әлемдік сулар сияқты бір-бірімен тамырлас, бірін-бірі қажет ететін құбылыстар.Ақын Бижан Қалмағамбетов туралы сөзімді осылай бастағанымды жөн көрдім. Ақын деген сулар сияқты тасып-тасып алады. Оны біз ақындық шабыт дейміз. Жомарт жүректің көңіл хошы дейміз, жақсы адамның аузынан шыққан наз дейміз, әйтеуір лайықты сөз тауып айтамыз.
Адам пенде болған соң, кірлемей, үстіне өмірдің шаң-тозаңы жұқпай жүре алмайды, сол кезде жомарт жүректі ақын өзінше сарнап қоя береді. Ақын жаны Жұмекен айтқандай уыз десек, ол ақ қой, ол кіршең келмеуші ме еді. Бұл орайда ақын Бижан: «Мінін айтсақ бұл қалай деп лезде, қиналмайды тесік таппай кірерге. Біздің қазақ қолын бір-ақ сілтейді, бәрін-бәрін аудара сап мінезге», – деп жырлайды.
Мінездің ауа райы сияқты сан құбылып тұратыны бар, бірақ пендешіліктің бәрін мінезге аудара салу дұрыс па, әрине жоқ. Қазақтың осы мінезін Бижан ақын дөп басқан. Пендешілік деген болмай қоймайтын – пәле. Одан адам баласы қалай қашып құтылмақ. Алайда ақындардың өлеңдері осы пендешілік кірін жууға бағыттамаушы ма еді. Ақын Жұмекен Нәжімеденов осы пендешілік туралы айтқаны есіме түсіп отыр.
Мола сыйламағанды кешірмеуші ед ескі ырым,
Сол моланы, тонаушы, жаның, неткен жексұрын,
Дір етпеген жүректер, қаның неткен жексұрын,
«Пәндешілік» деген сөз, мәнің неткен жексұрын!
Бижан мырза дарынды ақын, әнші
Табылдыны насихаттау ісін мықтап қолға алған. «Табылдыны аңсау» деген өлеңінде:
Өкпелетті ме бос кеуде жанды жаныштап, Солардан безіп, кеттің бе бізден алыстап, – дейді.
Ақын, әнші Табылдының өмірден ерте кеткенін Бижан ақын нақты сезініп отыр. Жанды жей беру, әрине адам ғұмырын қысқартатын жағдай. Жанды жеп өлең жазбасаң, қалайша оны жаныңмен сезінбекшісің. Өмірдің жарасы мен жазасы бар. Өмірдің азабы мен азасы бар. Өмірдің қуанышы мен қайғысы бар. Өмірдің тұзы менен тұздығы бар. Тұздық тіршілік. Тұз өмір дәмі, оны сезіну тірі боп, жанкешті ғұмыр кешу, оны бір сөзбен тағдыр дейміз. Табылдының ақындық әрі азаматтық тағдыры өмірдің жарасы ма, заманның жазасы ма? Табылдының тағдыры өмірдің азасы ма, азабы ма? Ойлану керек. Ақын Бижанның Табылдыға арналған өлеңдері кімді болмасын бей-жай қалдырмайды, ол «Табылдыны сағыну» деген өлең – толғауында:
Болмайды бәрін тосын деу,
Күйкі бір тірлік күнде осы.
Көңілден мәңгі өшірмеу.
Тірілердің сол ғой міндеті, – дейді. Ақын шындықты айтады. Арттағыға сөз қалдырған Табылдыны тірілер көңілінен шығарып алса не болмақ, онда Бижан айтқандай күйкі тірліктің көлеңкесінде өмір сүру ғана қалмақ, ол өмірдің несі сән?! Бижан «Табылдыға» деген өлеңінде, кейіпкерімен бірге жырлайды:
«Кеудемде жатыр жарылыс,
Кәусәрым – жырым қанып іш.
Сары ала күзде кеттім – деп,
Болармын елес сағыныш»
Сағыныш деген сары алтын. Сағыныш кеуденің жарылысы. Олай болмаса сағыныш жоқ, әншейін жұбату, жоқтау ғана айтылмақ. Осы жоқтау дегеннен шығады. Ең қымбат нәрсе жоғалды, бірақ оны жоқтамайсың. Жоқтау асыл азаматқа айтылды. Абай баласы Әбішті жоқтап былай деп еді: «Боямасыз ақ көңіл кірлетпей кетті жүректі». Шіркін көңілді кірлетсе не болар еді? Қайғы жеңілдер ме еді? Ойлану керек. Орны толмайтын дүние емес, адам. Табылды сияқты асыл адамға арналған жоқтау өлеңдер жазып, оның ісін, мұрасын насихаттап жүрген Бижан ақын харекеті – сағыныштан туған. Сағыныш табиғатында аңсау – арман – қиял бар. Табылдыны аңсау – арманға ұласса, қиялдан аңыз тарамақ. Аңыз – адам атануы үшін, оның жалғандағы ғұмыры да аңыз болуы табиғи жағдай. Табылды аңызды тірісінде тудырған, өмірі аңыз болған.
Салатын өнер – барыңды.
Жырларың қалай жалынды?!
Табылды деген бір ақын,
Көкте емес, жерден табылды.
Табылды топырақтан жаратылған.
Оның жалынды ақын болуы жаратылыс құпиясы.
Мүмкін, ол күн нұры мен ай сәулесі түйіскен шақта өмір енген жаратылыс па екен немесе адамның рухына деген сағыныш сезімін төгетін жаралы жандардың рухани емшісі ме екен? Мүмкін, мүмкін, әйтеуір тегін емес, Алла тағаланың мейірімі түскен сүйікті құлы деп бір бата жасайық.
Тірінің қолынан келері сол ғой, Табылжан.
Жүреміз әркез еске алып, құран бағыштап.
Қазақ бабам, әр замандарда-ақ айтқан: «Адамның күні адаммен». Талас жоқ. Адам адаммен бірігіп қана адамша өмір сүре алмақ. Осы айтуға жеңіл сөздің орындалуы замандар өткен сайын күрделеніп, қиындап, ойынан от шығып барады. Адамдардың адамдарға жауығуы, бір-біріне қасқыр бол-уы тыйылар емес. Адамдарды топқа бөліп, бір-бірін қырып-жоюға қызмет істеген Карл Маркс ілімі келмеске кетті десек те, сол дәстүр өзгеше мәністе түрленіп «тіріліп» келе жатқаны қауіпті.
Қауіпті ғұмыр туралы Бижан көп өлеңдер арнаған,
бірақ сенімсіз өмір бола ма?
Ол «сенім» деген өлеңінде:
Нұрын шашқан мынау ғажап өмірден
, Айтшы, қане, қандай пенде жерінген?
Жоқты-барды жинап қойып ысырып,
Болашаққа қол созайын сеніммен!
Бәріміз келісеміз.
Қазақ елінің болашағы келісті болсын!
Қазақ елі мәңгілік болсын!
Қазақтың көрген азабы аз емес, енді бардың ырыс, несібесін қанағат қылайық. Тәуелсіздік деген ескіден арылып, жаңа дәуірге жаңаша қарау, жаңаша ойлау, қазақ болып ғұмыр кешу. Ақын осындай ойларын сөз болып отырған «Сәйгүлік ғұмыр» өлең кітабында өз түсінігіне салып баяндаған. Әр өзеннің өз ағысы бар, әр өлеңнің өз ажары бар, оны оқырман өзі анықтар. Мен білетін шындығым, Бижан ақ көңіл, ақ ниетті, шуақты азамат. Халық айтады, ондай азаматтың «аты арып, тоны тозбайды», – деп. Бижан мырза өзі өлеңдерінде айтқандай өмір базарында, думан базарында тәуелсіздіктің нәтижесінде туған халқына өлең, ән арнап, ақындығымен бірге кісілігін танытып жүр. Кісілік деген адамның өз тәуелсіздігіне қолы жеткен азаматқа берілетін – дәреже.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик, жазушы.