Дүйсенбі күні аудандық орталық кітапхананың оқу залында аудандық «Қызылқоға», облыстық «Атырау» газеттерде ұзақ жыл қызмет етіп, аудан, облыстың экономикалық, әлеуметтік-мәдени дамуына зор үлес қосқан фототілші Қайрош Қабдешевтің «Суретті түсірген Қайрош Қабдешов» атты кітабы аудан оқырмандарына таныстырылды.
Оған ардагер журналистер, мәдениет қызметкерлері, мектеп оқушылары мен кітап оқырмандары қатысты.
Сегіз бөлімнен тұратын суреттер топтамасында фототілшінің туындылары топтастырылып берілген. Кітаптың «Елбасы – Атырау облысында» деп аталтын алғашқы бөлімі Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың ауданымызға келген сәті, облыстағы түрлі тарихи жерлерді аралау, кәсіпорындардағы кездесулерде түсірілген суреттер берілген. «Сәулеті жаңарған мұнайлы Атырау» тақырыбындағы бөлімде Атырау қаласының көрікті жерлері, құрылыс алаңындағы қарбалас жұмыстар бейнеленсе, «Танымал тұлғалар» деген атпен берілген үшінші бөлімде облысқа келген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, әртістер, ғарышкерлер, мұнайшылар және басқа да еңбек майталмандарының суреттері бар. Сондай-ақ, елімізге танымал облыс қаламгерлерінің, агрокешен, мәдениет, спорт, денсаулық салаларының дамуы бағытында түсірілген суреттері де кітаптан орын алған. Жалпы, фото-шежіре өңірдің әлеуеті мен өркендеуінен, мәдени-рухани құндылықтарынан сыр шертеді.
Шарада сөз алған Қайрош Қабдешевтің жұбайы Гүлжәмила: – Бұл кітап бар өмірін суретке түсіруге арнаған Қайрекеңнің арманы еді. Ұзақ жыл баспасөз саласында еңбек еткен оның мол мұрасы кітап беттерінде кеңінен қамтылған. Ұл-қыздарына аманаттап кеткен кітапты шығаруда «Атырау-Ақпарат» ЖШС басшылығы, Қайрекеңнің әріптестері зор еңбек сіңірді. Сондықтан, серіктестіктің ұжымына, бүгінгі кітапты таныстыру шарасын ұйымдастырушыларға алғысым шексіз, – деді.
Бұдан кейін сөз сөйлеген әріптестері Жолдас Жанқуат, Қалидолла Ізекен, Ерсайын Қайырова, құрдасы Мысырғали Берденовтер естеліктерін айтып, кітаптың шығуы Қайрекеңнің еңбегінің бағаланғаны деген пікірлерін білдірсе, әкесі туралы айтқан жақсы естеліктері үшін алғысын айтқан ұлы Сағындық кітаптың әлі де жалғасы бар екенін жеткізді. Шара соңында орталық кітапханаға, аудан орталығындағы үш орта мектепке, ардагер журналистерге «Суретті түсірген Қайрош Қабдешев» кітабы таратылып, естелік суретке түсті.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ.