Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ – ҰЛАҒАТ КӨЗІ

Сәрсенбінің сәтті күні «Арман» мәдениет үйінде аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» аясында “Ұлттық құндылықтар мен заманауи тәрбиенің үйлесімі” атты облыстық іс-тәжірибе семинары болып өтті.

Семинарда алдымен қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда қойылған сәнді туындылардың барлығы ұлттық бояуға қанық. Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген аудан қолөнершілерің әр туындысына көрерменнің қызығушылығы артты.

«Айжан-ай» бишілер тобының «Көктем» композициялық биімен ашылған семинарды Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анар Арыстанғалиева жүргізіп отырды.  

Мінбеге көтерілген аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова:

– Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы, - деді.

Содан соң сөз сөйлеген  Қазақстан Халқы Ассамблеясы Атырау облысы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбіш:

 – Ұлттық бірегейлікті сақтап, мәдениетті дамытуда салт-дәстүрдің маңызы зор. Рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың ұрпақтан ұрпаққа жалғасын табуы – ұлт дамуының негізі. Түрлі мәдениет тоғысқан жаhандану кезеңінде ұлттық рух пен қасиетті сақтайтын – осы үрдісіміз. Бүгінде біз өз ұлттық болмысымызды аналардың қасиетті бас киімі – ақ кимешекті кию арқылы насихаттап жүрміз. Ұлттық тәрбиеміз, ұлттық құндылығымыз, ұлттық кодымыз әрбір қазақтың жүрегінен орын алса, бұл біздің болашағымызға салған сара жолымыз, - деген пікірін білдірді.

Дін, тәрбие және салт-дәстүр сабақтастығы жөнінде  баяндама жасаған аудандық «Бәйтерек» мешітінің бас имамы Мұрат Сұлтановтың айтуынша, ежелден жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша біз жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беру арқылы ұлттық құндылықты сақтап, оны болашаққа жеткізе аламыз. Бүгінгі таңдағы басты мәселе - халықтың асыл қазынасын жастардың бойына сіңіріп, рухани байлықпен сусындату, салт-дәстүрін, тілін, діні мен ділін үйрету. Әркез халқымыз адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді.

 «Ұлттық құндылықтар-тәрбиенің төресі» тақырыбында баяндама жасаған Абай атындағы оқушылар үйінің ұстазы Шота Қанатовтың түсіндіруінше, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие арқылы біз ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, нағыз ұлтын сүйер ұрпақ тәрбиелей аламыз. Сондықтан, жас ұрпақты бала шақтан, яғни ерте жастан ұлттық құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар.

Ал, облыстық білім беру басқармасы әдістемелік орталығының жалпы орта білім тәрбие әдіскері Кәмшат Шошақованың пайымдауынша, ұлттық құндылықтар мен тәрбие – бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар. Бір елдің болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Тәрбие ұлттық құндылықтарға сүйенгенде ғана жемісті болмақ. Сондықтан қазақ қоғамы үшін ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды жас ұрпаққа жеткізу маңдайалды міндеттің бірі екенін түсінетін сәт туды.

Семинарды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасы Гүлшара Ізімова  Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» мерекелік төсбелгісін Миялы ауылдық аналар кеңесінің төрайымы Анар Арыстанғалиеваның кеудесіне тақса, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» бөлімінің басшысы Кенжеқыз Мұсағалиева мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Атырау облысы «Алтын шаңырақ» аналар кеңесінің төрайымы Жанар Әбішке аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Бұған қоса Ойыл, Жангелдин, Қызылқоға ауылдық округі әкімі жанындағы аналар кеңесінің төрайымдары Орынша Әжіғалиева, Рысбике Байдәулетова, Бибігүл Жәниева, Сағыз, Миялы, Жамбыл ауылдық округі әкімі аппаратының бас мамандары Сандуғаш Байдуллина, Айжарқын Қабиева, Зайда Суатова, Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің мұғалімі  Гүлдана Қабдолдар аудан әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының Алғыс хатымен мадақталды.  Сол сияқты, облыстық ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» бөлімінің басшысы Кенжеқыз Мұсағалиева аудандық білім бөлімінің бас маманы Бақтыгүл Нұғыманова, «Арман» мәдениет үйінің мәдени демалыс қызмет жөніндегі маманы Мейрамгүл Болатқызы, Х. Досмұхамедұлы, Б.Аманшин атындағы орта мектеп пен Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Шырынгүл Жұмагереева, Шатгүл Сәкенова, Сандуғаш Мергенғалиева, «Нұр-Шуақ» балабақшасының тәрбиешісі Индира Құлбаеваларды Алғыс хатпен марапаттады.

Сайып келгенде, «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген даналардан қалған сөз бар. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызбен өскелең ұрпақты сусындата түсу баршамыздың парызымыз екендігі аян.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT