Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

КӨРІКТІ ОЙ ҰЯЛАТҚАН КІТАП ФЕСТИВАЛІ

Үш жыл қатарынан республика бойынша бір мезгілде өткізілетін кітап оқуды кеңінен насихаттап, интеллектуалды жастарды ынталандыру, мәдени құндылығымызды халыққа жеткізу мақсатында «Kitap Time – 2024» республикалық кітап фестивалі аудан кітапханаларында бір уақытта өтті.

Кітап фестиваліне тіл мамандары, жас спортшылар, Миялы балалар өнер мектебінің би мен қолөнер үйірмесінің оқушылары, кітапхана жанындағы «Жас әдебиетшілер» әдеби клуб мүшелері мен кітапхана оқырмандары қатысты. Аудандық орталық кітапхана және аудандық балалар кітапханасының ұйымдастырумен өткен шара Миялы балалар өнер мектебінің «Айжан-ай» би тобының флешмоб биімен ашылып, аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі директорының орынбасары Гүлжан Айсағалиева құттықтау тілегін білдірді. Фестиваль барысында ең алдымен ауданның құрылғанына 80 жыл толу мерекесі қарсаңында өлкенің тарихынан сыр шертетін «Асылдар туған, шежіре тұнған – құт мекен» атты кітап көрмесі мен биылғы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын насихаттау барысында жасақталған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты кітап көрмесі таныстырылды. Одан әрі «Менің жауһар жырларым» тақырыбымен поэзия оқу кезеңімен жалғасып, «Жас әдебиетшілер» әдеби клубының мүшелері Орынхан Қанатбайқызы «Ескендір» поэмасын, Заңғар Ғалымжан «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңін, кітапхана оқырмандары Бергей Амандос «Миялы», Қарақат Амандыққызы «Миялының сәулеті», Зарухат Аманжан - «Ана сен бақыттысың», Аягөз Есболат «Өмір жайлы», Тілекші Әбдірахман «Үш бақытым» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыса, Мақсот Дария «Құт мекенім Миялы» атты өзінің ауданның 80 жылдығына арнау өлеңін оқып, көрермен ықыласына бөленді.

Сондай-ақ, «Кітап әлемді бағындырады» тақырыбындағы кездесу кешіне бүгінде сан түрлі спорт саласында биіктерден көрініп, жетістікке жетіп жүрген спортшылардың бапкері, Қазақстан чемпионатының қола, Азия кубогының күміс жүлдегері Бектұр Тынышқали өзінің шәкірттерімен келіп, спорт саласындағы жеткен жетістіктерімен бөлісіп, жастарды білімді, саналы болуға шақырды.

Одан әрі аудандық балалар кітапханасының жас оқырмандары Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептің 4 «в» сынып оқушылары дайындаған «Ертегілер қалашығы» тақырыбымен «Шалқан» ертегісін қойса, Миялы балалар өнер мектебінің «Айжан-ай» бишілер тобы «От» биін билеп, «Арман» мәдениет үйінің өнерпаздары Зауре Жұмағали «Атырау елі», Арайлым Әбуғалиқызы «Туған жер» әндерін орындады. Содан соң көрермендер «Әдебиет әлеміне саяхат» атты әдеби лото ойыны мен «Библио cafe» сұрақ-жауап айдарына белсене қатысып, қызықты сұрақтарға жауап берді. Фестиваль аясында «Ғажайып сурет әлемінде» атты сурет көрмесі ұйымдастарылып, Миялы балалар өнер мектебінің қолөнер сурет үйірмесінің оқушылары тақырыпқа сай суреттер салды. Жаңа әдебиеттерден жасақталған бұрышта көрермендер назарынан тыс қалмады. Шара соңында кітапхана директорының орынбасары Гүлжан Айсағалиева фестивальге белсенді қатысқандарға Алғыс хат табыс етті.

Гүлмира МАҚСОТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT