Өткен аптаның жұмасы күні Жангелдин мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен жергілікті сазгер, күйші, ұлағатты ұстаз Еңсеген Әбидің «Әнімді саған арнаймын туған жер» атты шығармашылық кеші өтті.
Оған сазгердің үзеңгілес достары, ауыл тұрғындары, шәкірттері мен өнер сүйер қауым қатысты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына орай өз жерімізде туып, арамызда жүрген өнерлі жандардың шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шарада сазгердің өмірбаяны, шығармашылығы таныстырылған соң аталмыш бөлім басшысы Жарас Есенғалиев құттықтау тілегін арнап, кеш иесінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Бұдан кейін сазгердің «Ақторғайым», «Майдангер», «Наурыз жыл басы», «Махабатты аңсау», «Атамекен», «Сағыныш сазы», «Қайырылмай кеткен қарлығаш» атты әндерін жұбайы Сәлима Махмутова, шәкірті Тасқынбай Бақ, ауыл өнерпаздары Хайролла Мәдиев, Гүлмаржан Қарабаева, Файзолла Әбуовтер орындаса, өзі қонақкәдеге С.Құсайыновтың «Мереке» күйін тарту етті.
Шара барысында, Еңсеген Әбидің «Ақторғайым» атты компактдискісі мен «Әнімді саған арнаймын туған жер» атты жыр жинағының тұсауы кесіліп, сазгер Қалидолла Ізекен, округ әкімі Аязбай Оразов, Миялы орта мектебінің директоры Ғайса Қанат, құрдасы әрі әріптесі Ғайнижамал Тұрғанғалилар құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнады.
Әсел ТАУШАНОВА