Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керектігін айтты. Соның ішінде медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты жағдайларды қатаң сынға алды.
САҚТАНДЫРУ ЖҮЙЕСІНДЕ ОЛҚЫЛЫҚ КӨП
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді. Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Президент медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырғанын баса айтты.
«Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды. Бюджеттің мүмкіндігі мен міндеттемесін ескере отырып, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасау қажет. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес. Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 2025 жылға арналған медициналық қызметтер көлемін орналастыру рәсімін бастады. Сақтандыру қорының мәліметінше, медициналық қызмет көлемін бөлуге мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар қатыса алады. Бірақ олар ТМККК және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек көрсету үшін денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелуі тиіс. Сондай-ақ, қызметтерді сатып алу ережелерінің 37-1-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес болуы қажет.
– Өтінімдерді қабылдау кезеңінен кейін комиссия мүшелері 10 күн ішінде ұсынылған құжаттардың медициналық көмек көлемдерін орналастыру талаптарына сәйкестігін тексереді. Нәтижесінде денсаулық сақтау субъектісінің талаптарға сәйкес немесе сәйкес еместігі туралы хаттама жасалады. Егер қандай да бір ескертулер анықталса, клиникаларға оларды түзету үшін 3 жұмыс күні беріледі. Бұдан соң өтінімдер қайта қаралып, медициналық қызмет көлемдері комиссия арқылы бөлінеді, – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева.
2025 жылға арналған Медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына сәйкес екі пакет бойынша 2,9 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған, оның 1,3 триллион теңгеден астамы МӘМС бойынша көрсетіледі.
МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
«Білікті медицина мамандарының тапшылығы мәселесі – өзекті. Бұл мәселені шешу үшін, ең алдымен, медицина саласындағы білім сапасын барынша арттырған жөн. Соның ішінде грант құнын білім беру үдерістерінің деңгейіне қарай саралау арқылы белгілеп, тиімді тарату қажет»,- деді Қ.Тоқаев.
Аймақ басшысы Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде облысқа білікті мамандарды шақыру мақсатында бірқатар ынталандыру шарасы жүзеге асып жатқанын атап өтті. Бір реттік үстемақы беру арқылы өңірдегі мемлекеттік медициналық ұйымдарға 140 дәрігер тартылды.
- Осы жылы өзге өңірден келген және оқуын жаңа аяқтаған жас мамандарға бір реттік берілетін көмектің көлемін шамамен 2 есеге арттырдық. Ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен ақхалаттыларға 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге төледік. Ал облыс орталығында еңбек етемін дәрігерге 5 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Медицина қызметкерлеріне арналған бірегей тұрғын үй бағдарламасы аясында 42 дәрігер баспаналы болды. Бұл бағдарлама ипотеканы алғашқы жарна салмай-ақ, жылдық мөлшерлемесі 5%-бен, 25 жылға дейін рәсімдеуге мүмкіндік берді.Қосымша 105 қызметтік пәтер сатып алынды. Халықтың денсаулығын жақсартып, сапалы медициналық қызмет көрсету бағытында қолға алынған жұмыстар жалғасады,-деп атап өтті С.Шәпкенов.
Биыл денсаулық сақтау саласын дамытуға жергілікті бюджеттен 5,1 миллиард теңге бөлінді. Медициналық ұйымдарға 45 жаңа санитарлық көлік сатып алынды.
БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ДАМЫП КЕЛЕДІ
Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырғанын, жастардың дені сау, мықты азамат болып өсуі керектігін айтты.
«Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын»,- деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде Атырау облысында балаларды спортқа баулу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Өңірде 17 спорттық секциямен 22 мыңнан астам бала шұғылданады, өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 75,7%-ға өсті. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті.
- Дені сау ұрпақ қалыптастыру және балалардың спортта айтарлықтай жетістікке жетуіне жағдай жасау үшін спорттық нысандардың санын арттырып жатырмыз. Жыл басынан бері аймақта 5 спорттық нысан ашылды. Қазіргі уақытта 14 нысанның құрылысы жүруде. Өңірде спортпен шұғылданатын бала саны 20 358-ге жеткен. Жас ұрпақтың салауатты өмір салтын сақтауға тырысып жүргендері қуантады, -деді Серік Шәпкенов.
Сонымен қатар Серік Шәпкенов 2025 жылы саланы цифрландыру жұмысы басталатыны туралы айтты. Бұл бөлінген қаражаттың жұмсалуын қадағалауға, кәсіби спортшылар мен спорт саласы қызметкерлерінің деректерін жинауға, спортшыларды іріктеу процесінде ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы жұмыстан бөлек келер жылы 12 мың адамға арналған стадионның және ұлттық спорт кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр. Жалпы аталған жобалар спорт саласының дамуына серпін беріп, өңірдегі жас спортшылардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасайды.
Қ.АЙТҚАЛИЕВ