Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

«БЕС САУСАҚ» ТАҒЫ ДА ТОП ЖАРДЫ

Атырау қаласында облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Әдемі» маусымының үздіктері арасында Жайдарман ойындарының Премьер лига финалдық сайысы өтті.

Республикалық «Қазақстан КВН» Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Ернар Сакуповтың айтуынша, шара өңірдегі жас таланттарды шыңдап, сахна мәдениетіне үйрету, бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында ұйымдастырылған.

-  Бұл – жастармен жұмыс жасап, олардың интелектуалды дамуына бірден бір үлес қосатын құрал десек те болады. Жалпы Жайдарман ойындары өңірде 2009 жылдан бері дәстүрлі түрде, жыл сайын, үздіксіз өткізіліп келеді.  Биыл фестивальге облыс бойынша 50-ге жуық команда келді. Соның ішінде 15 команда жоғарғы лигаға жолдама алған болатын. Ал жиырмасы премьер лигаға өтіп, оның алтауы финалда бақ сынады. Бұл сайыстан жеңімпаз атанған команда облыстық жоғарғы лигада, республикалық лигаларда ойнауға мүмкіндік алады, - дейді Республикалық «Қазақстан КВН» Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Ернар Сакупов.

Финалда жыл бойы кезекті сайыстардың іріктеуінен өткен 6 команда  екі кезең бойынша сынға түсті. Нәтижесінде, I орын мен 250 мың теңге қаржылай сыйақыны 9,8 ұпаймен  Миялы ауылының «Бес саусақ» командасы жеңіп алды. Ал, Исатай ауданының  Х.Ерғалиев ауылынан келген «Әжесінің балалары» құрамасы 9,6 ұпаймен II орынды (150 мың теңге), Атырау қаласы №28 мектептен қатысушы «Q-елі» командасы 9,4 ұпаймен III орынды (100 мың теңге) иемденді. Жеңімпаздарға арнайы кубоктар мен медальдер табысталды. 

- Қай ойында болмасын ең бірінші тақымын қысып отыратын ата-аналарымыздың еңбегі орасан зор. Оған қоса, жалынды жастардың жігерін құм етпей, қолдау білдірген аудан әкімі Қанат Әзмұхановқа, аудандық жастар ресурстық орталығына, Б.Аманшин атындағы орта мектеп ұжымына алғысымыз шексіз, - дейді "Бес саусақ" командасының капитаны Сәбина Кәдір.

Ендеше, ұтымды әзілдерімен  көрерменнің көзайымына айналған жас командаға жарқын жетістікке жете беруін тілейміз. 

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521