Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

Бүгінде, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың маңызы зор. Бұл бағытта ауданда қандай жұмыстар атқарылуда? Міне, осы мәселелерге жауап іздегенді жөн көрдік.

Шектік бағадан неге асып тұр?

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Зинеш Сарбуфееваның мәлімдеуінше,  ауылдық округтер бойынша 110 азық-түлік дүкені тіркелсе, оның ішінде үй маңындағы дүкендер саны – 46. Осы азық-түлік дүкендерінің ішінен округтер бойынша 75  дүкенге апта сайын мониторинг жасалып отыр. Ал, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 17 түрінің ішінде біреуінің бағасы яғни, қырыққабат 162 теңге болып, 54 теңгеге (шектік баға -108  теңге) шектік бағадан асып отыр. Сондай-ақ, апта сайын ауылдық округтерден 32 түрлі тағамның қорының есебі алынып, есептері шығарылуда. Биыл ауылдық округтер бойынша 93 жәрмеңке өткізіліп, 10 округте 41 кәсіпкермен бағаны өсірмеу жөнінде  меморандум  жасақталған. Жалпы әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру тетіктері жетілмеген. Оның себебі облыс орталықтарынан азық-түлік тасымалдайтын кәсіпкерлердің әкелген бағасының жоғары болуы себеп болуда. Жергілікті атқарушы органдарға беріп отырған тапсырма осы бағаны шекті бекітілген бағадан асырмау. Алайда,  сауда желілерінің бағаны тұрақты ұстауы үшін облыс көлемінде орталықтандырылған желілердің болмауы қиындық туғызуда.

Арнайы сөрелер орналастырылды

Аталмыш бөлім басшысының  айтуынша, Атырау облысының өңірлік азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі комиссияның және Атырау облысының Кәсіпкерлік және туризм басқармасының бұйрығына сәйкес,  «Атырау» ӘКК» АҚ-мен жеке кәсіпкер Қайырбек Баймұратов арасында  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін айналым схемасы бойынша жылдық 0,1 пайызбен қарыз шарты 1 (бір ) жыл мерзімге жасақталған болатын. Енді осы келісімшарт 2024 жылдың 29 қыркүйегіне дейін мерзімге ұзартылды. Қазіргі таңда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 14 түрі шекті және шекті бөлшек сауда мәндерінен төмен бағамен (1 сортты ұннан жасалған бидай наны, рожки, қарақұмық жармасы, тазартылған күріш, картоп, сәбіз, пияз, күнбағыс майы, тауық еті, сиыр еті, майлылығы 2,5% айран, сары май, тауық жұмыртқасы, ас тұзы)  Бәйтерек, Дидар азық-түлік  маркеттеріндегі арнайы сөрелерде орналастырылып, сатылуда. Жүргізіліп отырған баға мониторингінде рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағасының мөлшерінен асырмай сатып отыр.

Жалпы алғанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне апта сайын мониторинг жүргізілу құптарлық іс. Әсіресе, ауылдық округтердегі мониторингтік топтардың жұмысын жандандырып, сауда заңдылықтарын түсіндіріп,  тауар тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлерге «айналым қаражатын» толықтыруға ұсыныс берілген жөн. Қазіргі таңда, халықтың көңілінен шығып жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің апта сайын өтуі. Ендеше, халықтың негізгі тұтынатын азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне бейжай қарауға болмайды.

Нұрсәуле ЖАУЫНБАЕВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT