Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Бабалардың ізгі жолын жалғастырған

Әлбетте, Алла берген дарынымен ауыл мәдениетінің дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген азаматтар жетерлік.

Солардың бірі – Сағыз ауылының тұрғыны Ахат Өскенбаев. Ол 1971 жылы аталмыш ауылда дүниеге келіп, 2005 жылдан бері Сағыз ауылында өтетін барлық мәдени шараларға белсенді түрде қатысып, ұйымдастырушылық, әншілік, актерлік шеберлігімен көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ендеше, «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, өнер деген қасиеті биік белесті бағындырып, бойындағы жарқ еткен титтей ғана дарынын шыңдай білген Ахат Бөлекбайұлы ұйытқы болған игі істерді жұртшылыққа кеңінен таныстырып, көңілге көрікті ой ұялатар әсем әндерін көрерменге тарту етсе керемет емес пе?!

Осыған орай, Сағыз ауылындағы «Шұғыла» мәдениет үйінде Ахат Өскенбаевтың «Сал серілер ізімен» атты ән кеші болып өтті. Бұдан бірнеше ғасыр бұрын дүниеден өтіп кетіп, артына өлместей мұра қалдырған ақын-жыршылардың тағылымды жырларын кеңінен насихаттап, бабалардың ізгі дәстүрін жалғап жүрген өнерпаз Ахат елімізге танымал әнші Өмірқұл Айниязовтың репертуарынан алынған «Қазақ деген бір ел бар» әнін тамылжыта орындаса, артынша дүлдүл ақын, жыршы Нұрым Шыршығұлұлы мен Ақтан Керейұлының философиялық ойға толы термелерін нақышына келтіре орындады. Бұған қоса, ол эстрадалық жанрда Орынбек Кеңесбаевтың «Қазақта болсын тағы той», Қарақалпақтың «Кел көзайым», «Аймүсін», Бауыржан Тәңірбергеннің «Қазағым-ай», С.Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған Медет Салықовтың «Байтақ елім Қазақстан», «Адайлар», «Ауылға да Сүгір-ай келді деп» әндері мен термелерін көрермен назарына ұсынды. Кеш барысында, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ерболат Иғали, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, Ахаттың ағасы Жасан Есқайыров, Ақтау қаласынан арнайы ат арытып келген кәсіпкер Балмира Шакиқызы, Кенбай орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бағдат Үркімбаев, «Шұғыла» мәдениет үйінің директоры Ғафура Жанбосынова, Астана, Ақтау қалаларынан арнайы келген апалары Жамила, Дина Бөлекбайқызы, достары атынан Мұратбек Жұмашевтер сөз сөйлеп, ізгі тілектерін арнап, Ахат Бөлекбайұлының табиғи дарынын, тапқырлығын, ұйымдастырудағы шеберлігін, «Ауылым тек көркейсін!» деп жүретін шынайы ниетін сөз етті.

Сондай-ақ, кеште әнші Ғафура Жанбосынова ақын, сазгер Қалидолла Ізекеновтің сөзіне жазылған Сисенбі Құлмағанбетовтың «Анажан» әнін шырқап берсе, бүгінде «Болашақ» қалашығында жұмыс жасап жүрген Ахаттың өнерде бірге жүрген інілерінің бірі Бағытжан Битиков ледэкран арқылы құттықтау тілегін жолдап, Ақорал Тегісбай «Шаттық» биін билеп, әнші Мәншүк Мерғалиева Айнагүл Темірболатованың сөзіне жазылған Әбдіғапар Темірхановтың «Достық лебіз» әнін орындады. Сөйтіп, бабалардың ізгі дәстүрін жалғастырып, туған ауылының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген Ахат Өскенбаевтың кеші тәмамдалды. Бұл орайда, біз әрбір ауылда туған жерінің көркеюі үшін жанын салып қызмет ететін азаматтар көп болса игі дейсің.

Б.ІЗБАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT