Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мәдениеті биік елдің мәртебесі жоғары

Өткен аптаның сәрсенбісі күні «Арман» мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтіп, мәдениет саласының мамандары марапатталды.

Көрмедегі кереметтер Алдымен шараға жиналғандар мәдениет үйінің фойесінде жасақталған қолөнер шеберлерінің жұмыстары, кітапхана қорындағы ауданның мәдениет саласындағы жетістіктері жазылған кітаптар, әдеби-журналдар және мұражайдағы құнды жәдігерлер қойылған көрмені тамашалады. Айта кетер жайт, 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастырылған «Музейге – сый тарту» акциясы аясында Б.Аманшин атындағы орта мектебінің технология пәнінің мұғалімі Құралай Өрдекова өзінің жұмыстарымен қатар оқушыларының көптеген жұмыстарын тапсырыпты. Онда көз жауын аларлықтай гобилен кілемшелері, биссерден тоқылған түрлі жұмыстар мен қоса тоқыма өнімдері, қазақы нақышта тігілген көйлектер барлығы дерлік көрермен қызығушылығын тудырды. Ал, кітапханашылар ауданның мәдениет саласына қатысты құнды деректерді оқырмандарға ерекше ықыласпен таныстырды.

Мәдениет майталмандары марапатталды

Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Тұрдағалиев: – Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды», - деген сөзінен-ақ мәдениеттің биік мәртебесі айқындалып тұр. Сондықтан да, халықты рухани байлыққа кенелтіп, өнерлерімен сусындатқан мәдениет қызметкерлерінің еңбегі абыройлы да қадірлі. Ауданымыздың барлық ауылдық округтері мен елдімекендерінде мәдениет ошақтары сақталып, 7 мәдениет үйі, 14 клуб пен 28 кітапханаларда және 1 әдістемелік - халық шығармашылығы орталығында 122 мәдени қызметкер халыққа қызмет көрсетуде. Биылғы жылы Мұқыр ауылынан салынып жатқан 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, іске қосылуы тиіс. Тасшағыл ауылынан 300 орындық мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Сондай-ақ, бөлінетін қаржы көлемі де жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәдениет саласына мұндай қолдаулар ауданымызда жалғасын таба беретін болады, – деді.

Содан соң облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабырдың Алғыс хатымен аудандық орталық кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету секторының меңгерушісі Гүлжан Айсағалиева, Мұқыр ауылдық клубының әдіскері Ақшолпан Жарылғасынова, әдістемелік халық шығармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының әдіскері Гүлбаршын Қуанаева, аудандық тарихи өлкетану музейінің өнертанушысы Нұргүл Сағынова, «Арман» мәдениет үйінің әдіскері Алтынгүл Сәрсенова, «Шұғыла» мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Әбдіғаппар Темірханов, «Қызылқоға ауданы мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің архившісі Нұрбол Түгелбаевтар марапатталса, аудан әкімі Арман Баженовтың Алғыс хатын Руслан Жақсығалиев, Нұртай Жұмағалиев, Гүлнар Жұпарғалиева, Анар Жүсіп, Нұргүл Мәдіғалиева, Гүлнар Таңатовалар иеленді.

Ал, «Нұр Отан» партиясы Қызылқоға аудандық филиалының төрағасы Арман Баженовтың Алғыс хатына «Қаракөл» мәдениет үйінің әдіскері Берікқалиев Аманбек пен «Шұғыла» мәдениет үйінің жанындағы «Халық» театрының режиссері Мәншүк Мерғалиева ие болып, мәдениет саласының өркендеп дамуы жолында ұзақ жылдар бойы сүбелі үлестерін қосқан ардагерлерге арнайы сыйлық табыс етілді. Сонымен қатар, кәсіби мерекеде аудандық мәслихат хатшысы Толқын Бейсқалидың, облыстық ғылыми-әдістемелік халық шы-ғармашылығы мен мәдени демалыс қызметтерін ұйымдастыру орталығының басшысы Бақытбек Сартбаевтың, облыстық Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Сара Ізмұханбетованың және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хатымен бір топ мәдени сала қызметкерлері мадақталды. Бұдан бөлек жыл ішінде өткен аймақтық, облыстық байқауларға аудан атынан қатысып жүлделі орынға ие болып жүрген режиссер, ансамбль жетекшілері, кітапханашылар бөлімнің Алғыс хатымен мадақталса, «Салалық мәдениет, спорт ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Құрмет грамотасы» Тасқынбай Баққа табыс етілді. Ал, марапат иелеріне «Еспай» және «Қаракөл» мәдениет үйінің қызметкерлері «Қуанышым менің», «Жайлау тынысы» вокалды аспапты ансамблінің сүйемелдеуімен Марат Ілиясовтың әні «Мерекем сен», Жақсыкелді Сейіловтің «Кездесерміз» әндері жанды дауыста шырқалып, мың бұралған биші қыздар қазақ биімен шара шырайын кіргізді.

 Көрерменге ой салған комедия

Салтанатты шарадан соң «Самал» мәдениет үйі жанындағы «Халық» театры ұжымы Есенжол Домбаевтың «Біздің ауылда қызықтар бола береді» комедиясын ұсынды. Жеңіл әзілге құрылған шығарма болғанымен, айтар ойы бар салмақты қойылым әп дегеннен көрермен қошеметіне бөленді. Үнемі ащы суды аңсап жүретін, бірақ жұмысқа деген жалқаулығы басым Жәпек әйелі Халила Хабдықожаеваның ала дорба арқалап жүріп тапқан ақшасын сұрайды. Әйел байғұс болса ренішін білдіріп, қарсылық танытса да ерінің айтқан жылы сөзінен кейін тапқан, тыққан ақшасын оған ұстата салады. Оған мәз болған Жәпек сөзді бас шұлғи тыңдап, тапсырған жұмысын да қатырамын деп оның ақшасын қағып алады да қыдырыстап кете барады. Ал, ала дорбасын сүйреткен саудагер әйелі әрі қарай ауыл ауылды аралап кетеді. Көрші ауылда қалған отағасы газет бетіне жарияланған бір мақаланы төрт бүктеп қалтасына салып алып, сонау соғыс жылдарында бауырынан айырылған жалғыз басты әйел Салиханың үйіне келіп «Жоғалған інің мен боламын» деп іші бауырына кіреді. Аңқау әйел оның әр сөзіне сеніп, алдына барын тосып, қалтасына ақша салады.

Іні бола жүріп әйелі болса да сол үйдің қызы Ақбүлішке қырындай бастайды. Оған Ақбүліш те қарсы емес. Ал, әлгі әйелі тапсырған жұмыс жайына қалады. Отыздан асып үйдің асыраушысына айналған әлгі қызда оның әр сөзіне иланып сезіміне ерік береді. Осылай өрбіген қойылым соңы алаяқтық жасаған Жәпектің досым деп көрші ауылға келіп қасына еріткен жолдасының құрығына түседі. Яғни, әу бастан жолдас болған сыңай танытып, арам ойын іске асыртпау үшін еріп жүрген Иван Руский полиция қызметкері болып шығады. «Өтіріктің құйрығы бірақ тұтам» демекші ауыл ауылды аралап кеткен әйелі де, жоғалған інің мен болам деп өтірікті судай сапырған Жәпектің арам ойы іске аспай полиция қызметкерінің құрығына өзі келіп түседі. Сөйтіп, жеңіл ақша тауып аламын деген екеудің оқиғасы қазіргі таңдағы басты тақырыпты сөз етіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Қойылымда Халила Хабдықожаева рөлін «Самал» мәденит үйінің директоры Марина Ерекенова, Жәпек рөлін – «Самал» мәдениет үйі жанындағы «Халық» театрының режиссері Алмасболат Қарабалин, Ақбүліш рөлін – «Бүйрек» елдімекені клубының меңгерушісі Ләззат Ташимова, Иван Рускийдың рөлін – «Қарабаллин» отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі Дәурен Жәкенов, Салиха рөлін – Гүлнар Озғанбаевалар сомдады.

Самалдық волейболшылар топ жарды

Кәсіби мерекеге орай ұйымдастырылған волейбол жарысында мәдени қызметкерлері спортқа да бір табан жақын екендіктерін аңғартты. Ертемен спорт алаңына жиналған олар түске дейін тартысты ойын өрнегін көрсетті. Сайысқа «Арман», «Жас қыран», «Самал», «Ақсұңқар», «Мәдениет жастары» және «Жалын» командалары қатысты. Турнирдің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Марат Әбуов мереке иелерін құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Жарыс қорытындысында, «Самал» мәдениет үйі қызметкерлерінен құралған «Самал» командасы І орынға ие болса, «Қаракөл», «Еспай» мәдениет үйінің және Тасшағыл, Тайсойған ауылдық клуб қызметкерлерінен құралған «Ақсұңқар» командасы ІІ орынды, «Жас қыран» командасы («Шалқыма» және Жангелдин мәдениет үйінің қызметкерлері біріккен) ІІІ орынды иемденді. Сонымен қатар, алты командадан да үздік ойын көрсеткен қызметкерлерге қаржылай сыйлық берілді.

Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT