Алаш қозғалысының қайраткері,ғалым Халел Досұхамедұлының туғанына 140 жыл, айтыскер ақын, жыршы Мұрат Мөңкеұлының туғанына 180 жыл және қазақтың өр рухты ақыны, батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толу мерейтойы қарсаңында "Шалқыма" мәдениет үйінде «Тұғыры биік тұлғалар» атты аймақтық этнофестивалі өтті.
Мәдени шараны аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Ақтаев құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Бұдан соң "Айтыс" қоғамдық қорының директоры Шынарбек Қабиев пен халықаралық Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Атырау филиалының төрағасы Шалқарбай Ізбасаров шараның мәні мен мағынасына тоқталды. Қай халықта болмасын, өзінің атадан балаға жеткен, қадірлеп көзінің қарашығындай сақтап, қымбат қазынасына айналдырған ұлттық дәстүрлі өнері болады.
Осындай киелі өнеріміздің бірі – қасиетті қара домбыраның рухын асқақтатқан термешілер мен күйшілер сайысқа түсті. Додаға Атырау қаласы, Жылыой, Махамбет, Мақат, Исатай, Қызылқоға және көрші Ақтөбе облысының Ойыл аудандарынан келген өнерпаздар сынға түсуде. Сайыс әлі жалғасуда.
Әйгерім Байдәулет