Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атырауда Жастар театры ашылды

Театр 2014 жылы өңір жастарынан құрылып, өздіктерінен еңбек етіп, өнердің туын көтерген. Өнерге ынтық жас буын ұжымы «Жастар театры» деп аталып, аудандарға, көршілес облыстарға сапарлар ұйымдастырып, тіпті шетелдік театр фестивальдерінде топ жарған. Театрда бүгінде 25 актер жұмыс істейді. Аталған театрдың салтанатты ашылуына Атырау облысы әкімнің орынбасары Жасұлан Бисембиев қатысып, жас театрдың жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

 - Атырау мәдениеті үшін тарихи күнмен, осы театрдың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Әрбір бастаманың басында бір негізгі ой жатады. Біздің қаламыз - ел мәдениетіне үлкен үлес қосқан өңір. Өздеріңіз білетіндей бұл жерден қаншама ұлы қазақ мәдениетінің қайраткерлері, белгілі тұлғалар шыққан. Бүгінде солардың ізін жалғар жастардың осы жоба аясында жиналуы ұйымшылдық пен бірліктің бар екендігінің дәлелі. Біз Д.Нұрпейісова атындағы мұнайшылар сарайы ғиамаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, осы «Жастар» театрына беру туралы шешім қабылдадық. Осы тарихи күнмен құттықтай отырып, жаңа театрдың жұмысына сәттілік тілеймін. Өнерлеріңіз өрге жүзіп, биік белестерді бағындыра беріңіздер, - деді Ж.Бисембиев. 

Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова Атырау Жастар театрының 66-шы болып ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ресми тіркелген құжатын салтанатты түрде табыстады. 

Сонымен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті режиссер Асхат Маемиров, Канн кинофестивалінің жүлдегері, белгілі киноактриса Самал Еслямова ханым, театр және кино актері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Аян Өтепберген, театр және кино актері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Асылхан Төлепов, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты, Батыс  Қазақстан облыстық камералық оркестрінің директоры Салтанат Әбілғазиева және М.Әуезов атындағы ұлттық драма театрының актрисасы, «Сахнагер» ұлттық театр сыйлығының лауреаты Ажарлым Бағытжанова арнайы қатысты. 

Салтанатты шарада ҚР еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті режиссер Асхат Маемиров жас әріптестерін құттықтаса, композитор, Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Ілия Жақанов жас ұжымға бата берді.  

Атырау Жастар театры салтанатты шара барысында атақты жазушы-драматургы Бернард Шоудың «Клеопатра» тарихи драмасын көрермен назарына ұсынды. 

Айта кетейік, Жастар театры 2019 жылы Испания мемлекетінің Ллорет-де-Мар қаласында «Theatrical Talents» театрлар фестивалінде әлемнің 25 театрының ішінен Мұқанғали Томановтың «Затмение» қойлымымен қатысып, Бас жүлдеге ие болды. 2021 жылы Бернард Шоудың «Клеопатра» тарихи драмасымен Қырым жеріндегі Керчь қаласында өткен 23-ші «Боспорские огони» атты халықаралық антикалық өнер фестивалінде Бас жүлдені жеңіп алса, «Үздік әйел адам бейнесі» номинациясын театр актрисасы Ғайни Кукатова иеленген болатын.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT