Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік музейінің ұйымдастыруымен өткен симпозиумның қорытынды көрмесіне еліміздің әр түкпірінен келген белгілі суретшілер қатысты - деп хабарлайды Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі.
Іс-шараның мақсаты ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың шығармашылығына қызығушылықты арттыру. Ақын өлеңдеріне, аудармаларына, болмысына кенеп бетінде жаңаша сипат беру. Симпозиумның қорытынды көрмесіне Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова арнайы келді.
- Абай есімі Жаңа Қазақстанның брендіне айналуы тиіс. Ал, оны насихаттау сіз бен біздің парызымыз. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлын ұлықтауға арналған облысымыздағы «Сурет әлеміндегі Абай мұрасы» атты республикалық симпозиумның мәні ерекше. Расында да, Абай шығармаларын кенеп бетіне түсіру ерекше бір құндылық – деді, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова .
Айта кетейік, сипозиумға республиканың түкпір-түкпірінен 20 өнер өкілі мен белгілі қылқалам шеберлері қатынасты. Нәтижесінде, музей қоры 40-қа жуық жаңа туындылармен толықты. Қылқалам шеберлерінің қиялынан туындаған суреттер топтамасындағы "Абайдың қара сөзі", "Абай", "Қансонарда бүркітші шығады аңға", "Тоғжанның келбеті" сынды картиналар көрерменге ерекше сезім сыйлады. Симпозиум қатысушыларына облыс әкімдігі атынан алғыс хаттар мен 200 мың теңгелік сертификаттар табысталды.