Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Жеңілдікті санаттарға кімдер және қалай кіре алады?

2022 жылы жеңілдік санатындағы бір адамға мемлекет ай сайын 3 621 теңге жарна төлейді. Сонымен, МӘМС-ке жарна төлеуден кімдер босатылған және жеңілдікке ие 15 санаттың қатарына кіру үшін қайда жүгіну керек? Осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының тұрғындарды ақпараттандыру және шағымдарды қарастыру бөлімінің жетекшісі Алмаз Каримжанұлы жауап берді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар мен аударымдар Ұлттық банктің арнайы шотына түседі. Олардың едәуір бөлігі – мемлекеттің шамамен 11 млн адам үшін төлейтін ай сайынғы жарналары. Сол себепті олар «сақтандырылған» мәртебесіне ие және МӘМС тізіміне кіретін медициналық қызметтердің барлық спектрін ала алады.

Мемлекет есебінен МӘМС жарналары келесі тұлғалар үшін төленеді:

1) 18 жасқа дейінгі балалар. Балаға туу туралы куәлігі табысталған яғни жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілген уақыттан бастап «сақтандырылған» болып саналады.

2) Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген тұлғалар. Мұндай мәртебе алу үшін Халықты жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.

3) Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер. Аталған жеңілдік санатына ену үшін әйел тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақтылы есепке тұруы тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ БЖТ төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді.

4) Үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін тұлға. Бұл санаттағылар автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады, бірақ ресми түрде жұмыс істемеу және де олардың атына соңғы 2 айда зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жасалмаған болуы керек.

5) Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға байланысты, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыстағы тұлға. Олар демалысқа ресми түрде шыққан кезде «сақтандырылған» мәртебесін алады.

6) Мүгедек баланы күтіп-бағуды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адамдар. Баланың тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері базаға енгізіледі. Кейін автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесін иеленеді.

7) Бірінші топтағы мүгедекке күтімді жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам. Мүмкіндігі шектеулі жанның тиісті құжаттарын дайындаған кезде күтім жасайтын тұлғаның мәліметтері базаға енгізіледі. Ізінше «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.

8) Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бұл жерде мемлекеттен сақтандырылғандардың тізіміне Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы алатындардың ғана енгізілгенін атап өту қажет. Зейнетақыны әлі ресми түрде рәсімдемеген адамдар және басқа мемлекеттерден зейнетақы алатын адамдар жеңілдік мәртебесін ала алмайды. Зейнеткерлік жасқа жеткендерге жеңілдік мәртебесі берілмейді, бірақ зейнетақының орнына асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы ала алады.

9) Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі еңбектерінде сот үкімі бойша жазасын өтеп жүрген адамдар. Бұл жеңілдік санатына ену үшін қамаудағы мекеменің жауапты қызметкері жазасын өтеуші адамның деректерін ақпараттық жүйеге енгізуі қажет.

10) Тергеу изоляторларындағы адамдар, сондай-ақ үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған жұмыс істемейтін адамдар. Бұл санаттағы жандар туралы мәліметті уәкілетті органның қызметкерлері жүйеге енгізеді.

11) Жұмыс істемейтін қандастар. «Қандас» куәлігін алған соң, соңғы екі айда МӘМС үшін төлем жасалмаған болу керек. Сонда автоматты түрде жеңілдік санатына енгізіледі.

12) «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар. Автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады.

13) Мүгедектер. Ресми құжаты шыққан кезде, мәртебе автоматты түрде беріледі.

14) Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысанында білім алатын адамдар. Қазақстанда оқитын студенттер жеңілдетілген санатқа автоматты түрде қосылады.

Бұл жерде шетелдік оқу орындарында оқитын қазақстандық күндізгі оқу студенттері МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» тұлғалардың автоматты түрдегі жеңілдік мәртебесін бірден ала алмайтынын ескеру керек. Олар  egov.kz  электрондық үкімет порталындағы сервисті пайдалана отырып, жүйеде өз бетінше тіркелуі қажет. Ол үшін төмендегі әрекеттерді орындау керек. 

✅ Іздеу жолағына «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» деп теру;

✅ Ашылған терезеде өтінішті толтыру және оқуды растайтын құжаттарды қоса беру;

✅ Өтінішке ЭЦҚ көмегімен қол қою;

✅ Көп жағдайда сақтандырудың жеңілдікті мәртебесі жолдарды дұрыс толтырған уақытта 10 жұмыс күні ішінде беріледі;

✅ Егер сақтандырудың жеңілдікті мәртебесін беру көрсетілген мерзімнің  ішінде  жүзеге асырылмаса, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық департаментіне хабарласу қажет.

Студент әрбір семестр аяқталғаннан кейін сақтандырылу мәртебесін тексеруі және оқудың өзектілігін растауы қажет екендігін есінде ұстағаны дұрыс. Өйткені дерекқордағы мәліметтер өзгеруі мүмкін.

15) Жұмыс істемейтін мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар. Әлеуметтік төлем тағайындалған кезде «сақтандырылған» мәртебесі автоматты түрде беріледі.

Егер сіз осы 15 санаттың біріне кірсеңіз, бірақ «сақтандырылмаған» болсаңыз, растайтын құжаттар тізімін жинап, халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Ақпарат мемлекеттік органдарға бағытталып, тиісті шаралардан соң мемлекет сіз үшін жарна төлей бастайды және «САҚТАНДЫРЫЛҒАН» мәртебесі беріледі.

Сіздер үшін fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot жұмыс істейді. Дәл осы құралдар сақтандырылу мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық үкіметтің egov.kz сайтындағы «Денсаулық сақтау» бөліміне өтіп, «Медициналық қызметтер туралы және МӘМС-ға аударылған сомалар туралы ақпарат» мемлекеттік қызметі арқылы медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді тексеруге мүмкіндік бар.

 

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

Телефондар: 87122/556084, 8/7122/ 55 60 92.

Байланыс орталығы – 1406

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT