Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Қызылқоғада дәрігер жетіспейді

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында VІІ сайланған аудандық мәслихаттың кезекті ХVІ сессиясы өтті. Оған аудан әкімі Нұрсұлтан Бисембиев, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.

Сессияға дейін өткен аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының біріккен отырысында аудандық мәслихаттың «Қызылқоға ауданында тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) берілетін тұрғын үй көмегін көрсетудің қағидасын бекіту туралы» шешімінің орындалысы туралы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Болат Салықов, аудан бюджетінің орындалысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгереева, аудандық ішкі саясат бөлімінің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы аталмыш бөлім басшысы Азамат Жақсиевтердің хабарламалары тыңдалып, талқыланды.

Жұмыс жасалмаса қаржы да игерілмейді

Аудандық мәслихат хатшысы Альберт Аққайнанов төрағалық еткен сессия отырысының күн тәртібі бойынша аудан бюджетінің орындалысы туралы хабарлама жасаған аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Құралай Сәлімгерееваның айтуынша, 2020 жылы аудандық мәслихаттың №LХІІІ-1 шешімімен бекітілген аудандық бюджетке өткен жылы 4 рет нақтылау мен 7 рет түзету енгізілді. Өткен жылы аудан бюджетінің кірісі 101,4 пайыз болса, жоспарланған салықтық түсімдер 109,7 пайыз, ал салықтық емес түсімдер 131,5 пайыз болып, ауылдық округ әкімдерінің кірісі 14 345,9 мың теңгеге артығымен орындалды. Ал, 10 361 975,0 мың теңгеге жоспарланған аудан бюджетінің шығыстары 97,1 пайызға орындалды немесе бөлінген қаржының 302 949,5 мың теңгесі игерілмеді. Атап айтқанда, 7-ші функционалдық тобы, яғни тұрғын үй шаруашылығы бойынша игерілмеген қаржы 73,6 пайызды құраса, басқа шығындар бағдарламасына (13-ші функц. топ) жоспарланған қаржының 21 204,1 мың теңгесі игерілмеді. Ауылдық округтердің шығыстарынан да 13 578,0 мың теңге игерілмей, 98,7 пайызды құрады. Бұл ретте, «Ауыл-Ел бесігі» жобасы аясында Сағыз ауылындағы жаяу жүргіншілер жолымен бірге көше шамдарын салуға бөлінген қаржының 12 674,0 мың теңгесі жұмыстың жасалмауынан игерілмеген. Биылғы жылдың басында дебиторлық берешек 196,3 мың теңгені, ал кредиторлық берешек 1 031,6 мың теңгені құрады.

Бұдан кейін сессияға қатысушылар Атырау облысы тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаровтың өткен жылға аудан бюджетінің атқарылуы туралы хабарламасын тыңдады.

27970287-2692-4f16-92b9-42683577a58a

– Мемлекеттік аудит объектілерінің өткен жылға арналған тізбесіне сәйкес 113 аудит объектісінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғау органдарына жолданған аудит материалдары бойынша 4 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде Қызылқоға ауданы бойынша  өткен жылы Мұқыр ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-есепшісі жеке шотына 18,4 миллион теңге аударғаны анықталып, сот үкімімен 7 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осы тексерулер барысында анықталған құқық бұзушылықтардың барлығы да басшылық тарапынан қадағалаудың болмауынан, ЭЦҚ кілтін сеніп тапсырғандарының салдарынан орын алып отыр, - деген облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Аслан Құмаров жергілікті атқарушы органдарға бірқатар ұсыныстарын айтты.

Дәрігер жетіспейді

Ал, аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісова жасаған ауданда медициналық қызмет көрсетудің қолжетілімдігі мен сапасы және қажетті мамандармен қамтамасыз етілуі туралы хабарламасынан білгеніміздей, аудан тұрғындарына 1 аудандық аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория және 6 медициналық пунктте 43 дәрігер, 305 орта буын медицина қызметкерлері қызмет көрсетеді. Өткен жылы аудандық орталық ауруханаға 4 дәрігер жұмысқа орналасса, биылғы жылдың басында 1 дәрігер-хирург жұмысқа қабылданды. Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселе кадр тапшылығы болып отыр.

– Нақтырақ айтқанда, ауданға лор, офтальмолог, рентгенолог, УДЗ дәрігері, неонатолог, уролог, педиатр, травматолог және Мұқыр, Тасшағыл, Қарабау дәрігерлік амбулаторияларына үш жалпы тәжірибе дәрігері қажет. Сондай-ақ, орталық ауруханаға компьютерлік томография құралы, 5 санитарлық автокөлік (оның ішінде соңғы үлгідегі 1 реанимобиль) керек. Сонымен бірге, аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет болса, ғимарат жанынан бөлек инфекциялық корпус керек, - дейді аудандық орталық аурухана директоры Айнұр Тілемісова.

Хабарламадан соң аурухана директоры мәслихат депутаттары Қуаныш Айтуғанов, Сәндігүл Дәуленова, Айбар Алтыбаевтардың қойған сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, сессия отырысында басқа да мәселелер қаралып, қабылданған шешім жобасын мәслихат депутаттары дауысқа салды.

 

 

Бауыржан САҚТАСИНОВ

Суретті түсірген автор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT