Мемлекет басшысы: «Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек» деп өз Жолдауында атап өткен болатын. Соңғы уақытта бүлдіршін тілінің уақытынан кеш шығуы жиілеп барады. Сондықтан анық сөйлеуін ерте жастан қалыптастырған дұрыс. Ата-ана бұл жағдайға уақытылы мән беріп, дер кезінде мамандардан кеңес алған жөн. Жалпы қазіргі баланың кеш сөйлеуіне не себеп? Баласының бойынан кемшілік байқаған ата-ана не істеуі керек? Осы сауалдарға жауап іздеп «Муслим» сауықтыру орталығының жетекшісі, логопед маман Анар Ажайыповамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Анар Серікқызы, сәби кішкентай кезінен бастап, өзінің қажеттіліктерін дыбыстар арқылы жеткізеді. Ал, баланың жасы өсе келе, дыбыстан сөйлеу деңгейіне жетеді. Баланың тілі қанша жастан бастап шығады?
– Бала 2 жасқа дейін уақытының 85 пайызын анасымен бірге өткізеді. Ал 1 жастағы бала кемінде 10-15 сөзді, 2 жастағы бала 300 дей сөзді анық айтып, ал, 3 жастан кейін еркін сөйлей алуы керек. Анасы осы уақыт аралығында баланың ерте, жақсы, әріптерді анық сөйлей алуына ең бірінші көмекші адам ретінде септігін тигізеді. Егер баланың 3 жасқа дейін тілі анық шықпаса, ата-ана тиісті мамандарға көрсеткен жөн. Өкінішке қарай, кейбір ата-ана 3 жасқа дейін баласы сөйлемесе де, әлі ерте, бала ғой, тіліп шығып кетеді, еркелік қой деп алаңсыз жүре береді. Алайда, оның алдағы уақытта ойлау қабілеттеріне белгілі әсерін тигізуі мүмкін. Себебі сөйлеу мен ойлау қабілеті бір-бірімен тығыз байланысты.
– Сөйлемейтін немесе тілі бұзылған баланы логопедке апара ма, дефектологқа ма?
– Баланың сөйлеу тілінде қандай да бір бұзылу болса, ең алдымен баланы невропотологқа апару керек. Ол әрі қарай логопед, дефектолог, психологқа жолдама береді. Баланың сөйлемеуінің бірнеше себебі бар. Бала атын атағанда қарамайтын болса, сөйлеу туралы түсінік болмаса, айналасындағылардың не айтып тұрғанын түсінбесе, дефектолог пен логопед бірлесе отырып жұмыс істеуі қажет. Егер балада сөйлеу тілі бар, 1-2 сөзді айтып, әрі қарай айта алмайтын болса, логопедтің көмегіне жүгіну керек. Бұл жердегі ерекшелік – баланың деңгейін анықтау процесі невропотологпен қатар жүргізілуі керек.
– Жалпы, бала тілінің кеш шығуының себептері қандай?
– Негізінен бала тілінің кеш шығуы әртүрлі себептерге байланысты болады. Ең бірінші анасының жүкті кезге дейінгі, және жүктілік кезеңіндегі денсаулығы да маңызды рөл атқарады. Себебі, жүктілік кезеңінде жұқпалы аурулармен ауыру немесе күйзеліс, депрессияның болуы, алкогольді ішімдікті пайдалану секілді факторлардың барлығы айналып келгенде теріс әсерін тигізеді. Сондай-ақ, ұзақ уақыт емізік емген баланың таңдайының дұрыс қалыптаспауы, және тұқымқуалаушылық себептерден болуы мүмкін. Дегенмен, ата-ананың бала дүниеге келгеннен кейінгі кезеңіне немқұрайлы қаамауы керек. Әсіресе, баланың жасқа дейінгі дамуына баса назар аударған дұрыс. Балаға жеткілікті түрде көңіл бөліп, сөйлеспесе бала жас ерекшелігіне сай дамымайды. Сонымен қатар бала теледидардың алдында немесе планшет, телефонның алдында көп уақыт өткізуі бала тілінің кеш шығуына әсер етеді.
– Бала тілінің кеш шығуына смартфонның әсері бар дейсіз. Осы орайда, ата-ана нені ескеруге тиіс?
– Балалардың тілінің кеш шығуына смартфон кері әсер етіп отыр. Бесіктегі 3 айлық балаға смартфон ұстатып қояды. Балаға обал, оның көзіне, денсаулығына, қаншама зиян келіп жатыр. Зейіннің тұрақсыздығы, баланың бір орында отыра алмауы, смартфон берсең ғана тынышталуы, телефон берсең ғана тамақ ішіп, бермесең, тамақ ішпеуі баланың телефонға тәуелді екенін көрсетеді. Баланың смартфонға тәуелді болуы мидағы ақпаратты қабылдау, сигнал беру процесінің бұғатталуына алып келеді. Бала робот сияқты естіген нәрсесін «yellow, red» деп айтады, бірақ қазақ тілінде оның сары және қызыл түстер екенін білмейді. Орысша мультфильм көрген баланың тілі орысша шығады. Бастапқыда ата-анасы баласының орысша сөйлегеніне мәз болуы мүмкін. Қиындық мектепке баратын кезде басталады. Баласын қазақ сыныбына берейін десе, баласы қазақша білмейді, осыдан келіп бала да ата-ананың өзі де қиналады. Міне, бір смартфонның зияны адамның өміріне әсер етіп отыр. Сонымен қатар балалардың 5-6 жасқа дейін сөйлемеуі де осы смартфонға байланысты. Сол себепті ата-ана баланың сөйлеу тілі анық шықпайынша, дұрыс сөйлемейінше балаға смартфон бермеуі керек. Үйдегі сөйлеу тілі де баланың ана тілінде болуы керек. Баланың тілі шыққаннан кейін ғана басқа тілдерді үйретуге болады.
– Логопедке баланы неше жастан апарған дұрыс?
– Балада үш жасқа дейін толыққанды даму процесі болады. Үш жастан бастап баланың сөйлеу тіліне, түсінігіне, іс-әрекетіне, психологиялық дамуына мән бере бастаймыз. Қалыпты жағдайда үш жастағы бала үш сөздің басын қосып әңгіме айтып, сұрақ қоя алады. Егер үш жасқа дейін атын атап шақырғанда қарамаса, іс-әрекеттерді түсініп жасай алмаса, сөздерді қосып айта алмаса, логопедтің көмегіне ертерек жүгінген жөн. Мен өзімнің жеке методикама сәйкес орталыққа балаларды екі жастан бастап қабылдаймын. Көптеген логопед баламен жұмыс істеуді үш жастан бастайды. «Екі жасар бала кішкентай, жұмыс істеуге икемділігі төмен, бала анасынан жырақтамаған, шешесі шығып кетсе жылайды» дейді кей мамандар. Себебі бұл жаста бала бір орында отырғысы келмейді, айтқан нәрсеңді түсінбейді. Бірақ логопедпен жұмыс неғұрлым ерте басталса, соғұрлым жақсы нәтиже береді. Екі жастан бастап келген бала 3-4 айдың көлемінде анық сөйлей бастайды. Сондықтан ата-аналар бала тілінен кемшілік байқаса, уақыт өткізбей арнайы маман көмегіне жүгінгені жөн.
– Баласын логопедке апаруға барлық ата-ананың жағдайы келмейді. Осы орайда үй жағдайында баланың сөйлеуін дамытатын қандай терапиялар бар?
– Баланың сөйлеу тілін, психологиясын қалыпқа келтіретін, агрессиясын азайтатын бірнеше терапия бар. Соның бірі – арт терапия. Бұл баланың психологиясын қалыпқа келтіруге, бойындағы ашу-ызаны сыртқа шығаруға, агрессияның қалыпты деңгейге түсуіне жағдай жасайды. Бала әртүрлі акварель бояуларын алып, саусағымен, алақанымен сурет салу арқылы тактильді сезімталдығын арттырып, қабылдауын қалыптастырады. Осы терапияның көмегімен дыбыстарды шығару, екінші адаммен қарым-қатынас орнату процесі өте жақсы жүреді. Екіншісі – құм терапиясы. Бұл баланың өз әлемінен сыртқы әлемге шығу процесінде ерекше рөл ойнайды. Аталған терапия аутизм диагнозы бар балаларға өте жақсы көмектеседі. Баланың миын тыныштандырады, зейінін тұрақтандырады, ойлау қабілетін шыңдайды. Құм терапиясының көмегімен бала айналасымен қарым-қатынас орнатады, белгілі бір іс-әрекетті қайталауды үйреніп, дыбыстарды анығырақ айтатын болады. Үшіншісі – кинезотерапия. Бұл – баланың саусақ ұштарындағы жүйке жасушаларын ояту. Саусақпен жаттығу жасату, жұдырықты ашып-жұму, жұдырықты түю, ыстық-суық заттарды тактильді сезіп қабылдауын қалыптастыру арқылы баланың өз саусақтарымен жұмыс жасауын үйренетін тәсіл. Осы үш терапияны қолданған ата-ана баланың сөйлеу тілін қалыптастыра алады.
– Көп жағдайда, ата-ана баланың тіліне массаж жасағанда қандай қателіктер жасамау керек?
– Логопедиялық массаж ерін, тіл, бетті босаңсыту арқылы дыбыстардың дұрыс айтылуын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Логопедиялық массаж – дизартрияда, тұтығуда, тілдегі тонусты қалыпқа келтіруде, жақтардың дұрыс орналаспауында, тілдік жүйенің аппаратын дұрыстауда қолданылады. Егер массаж дұрыс жасалса, онда оның көмегімен үлкен жетістікке жетуге болады. Массажды жасау үшін ең алдымен дәрігермен кеңесіп, логопедпен сөйлеу кемістігін анықтап алған абзал. Содан кейін ғана мимикалық және артикуляциялық техникалар қолданылады. Әрине, жаттығулар логопед маманның көмегімен не көрсетуімен жүргізілуі керек. Логопедиялық массажды бірден бет, ауыз, жақтан бастап жасауға болмайды. Алдымен қолдан бастап, ақырындап бетке көшеміз. Логопедиялық массаж жасаудың да қарсы көрсетілімдері бар. Олар: егер балада жұқпалы аурулар болған жағдайда, логопедиялық массаж жасалмайды. Себебі бала өзін нашар сезініп, теріс әсерін беретін жағдайлар да кездеседі. Екіншіден тері аурулары кезінде баланың денсаулығы нашарлау мүмкін. Сондай-ақ коньюктивит, гингвит, стоматит, герпеспен ауырғанда массаж тағайындалмайды.
– Балада тұтықпа (заикание) болған кезде, көп жағдайда ата-аналар қай маманға апарарын білмей жатады. Баланы логоневроз деп логопедтерге жіберсе, кейбірі психикалық жағдай деп психиатр кеңесіне жіберіп жатады. Тұтықпаның пайда болу себебі неде? Қай кезде тұтықпаға логопед көмектесе алмайды?
– Тұтықпа ерте жастағы балаларда кенеттен немесе біртіндеп пайда болады. Әсіресе бұл 2-5 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Егер ерте жастан емдемесе, тілінде мұндай ақауы бар естияр бала сөйлеуге қысыла бергендіктен, көбінесе тұйықталып кетеді. Мұның арты психологиялық травмаға әкелуі мүмкін. Ата-ана баланың тұтығып сөйлейтініне көз жеткізген бойда, арнайы маманға жүгініп, оның себептерін анықтауға тырысу керек. Тұтықпа міндетті түрде кешенді қолдауды қажет етеді. Алдымен, невропотолог дәрігердің кеңесін алып, содан соң логопед сабақтарына барған жөн. Бұл әдеттің пайда болу жолдарына байланысты психолог маманның да көмегі керек. Жалпы, тұтықпа мүлде жазылмайтын дерт емес. Тек ұзақ уақыт кешенді түрде емделуді қажет етеді. Тұтықпамен жұмыс істеуде ата-анаға және маманға шыдамдылық қажет. Нәтижеге жеткенше жұмыс жасауды үйрену керек. Көп жағдайда маманнан 1-2 курс алып нәтиже болмады, ешқандай ем көмектеспеді деп жарты жолдан тастап кетуге болмайды. Тұтығу сияқты тіл мүкістіктері баланың физиологиялық ерекшелігіне байланысты емес. Бала бір нәрседен қатты қорқып қалса, кішірек кезінде қатты травма алуынан, қатты соққы алуыжәне тағы да басқа факторлардан туындайды. Сол себепті балаңыздың тілінен қандай да бір кемшілік байқасаңыз тез арада комплексті түрде жұмыс жасайтын арнайы маманға көрсеткен жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Гүлмира ТІЛЕГЕНОВА
Қызылқоға