Денсаулық сақтау саласына бөлінген қаржы жылдан-жылға көбейетін – табиғи үдеріс. МӘМС жүйесі енгізілгелі бері оның көлемі еселеп артты. Медициналық қызмет, жоғары технологиялық операциялар бұрынғыдан қолжетімді бола бастады. Дегенмен Президент Қ.Тоқаев Жолдауда атап өткендей, былтыр денсаулық сақтау саласына бюджеттен қаралған 3,3 трлн теңге қаржының нәтижесі соншалықты көрінбеді. Сол тұрғыда биыл кем-кетіктің орнын толтыратын шешімдер қабылдана ма?
Біліктілікті арттыру жылы
Денсаулық сақтау министрлігі Жолдаудан кейін көп ұзамай медициналық көмектің сапасын жетілдіруге серпін беретін бірқатар жобаны пысықтады. Тіпті кейбір ауқымды тапсырмаларды кейінге қалдырмай, бірден бастағаны қуантты. Қалай дегенде де жұмыс жоспарының ауқымы кең. Оның ішінде цифрландыру, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін енгізу, «жалған жазбалардың» жолын кесу мақсатында іске аса бастаған жұмыстар жемісін бере бастады.
Қазірде ауыл медицинасының сапасын арттыру, салалық статистиканың жай-күйі, медициналық көмекті сатып алудың жаңа тәсілдерімен қоса, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің біліктілігін арттыру сынды мәселелер күн тәртібінде өткір тұр. Өйткені медициналық көмек сапасын жақсартудың бірден-бір жолы – білікті дәрігерлер даярлау. Былтыр елдегі жоғары оқу орындарында 9 мыңнан аса жалпы тәжірибе дәрігері оқыған. Бұл дәрігерлердің жалпы санының 78%-ын құрайды. Осының барлығын елеп-ескере келе Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова учаскелік дәрігерлердің құзыретін одан әрі күшейтіп, өңірлерді білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылды Жалпы тәжірибе дәрігерлерінің біліктілігін арттыру жылы деп жариялады. Айта кетерлігі, біліктілік арттыру жөніндегі тапсырма тек медицина қызметкерлеріне ғана емес, жоғары оқу орындары мен колледждің профессор-оқытушы құрамына да қатысы бар. Қысқасы, осы тапсырма шеңберінде практик дәрігерлер мен жалпы тәжірибе мейіргерлеріне қосымша білім беру бағдарламаларын әзірлеу, бекіту міндеті тұр. Медицинада атап өтуге тұрарлық, ауқымды өзгерістердің бірі – осы.
Кадр тапшылығы байқалады
Саладағы кадр тапшылығы кеше, бүгін айтылып жүрген жоқ, бұрыннан бар. Бұған жергілікті әкімдіктер де араласып, маман тартудың қам-қарекетін жасауға кіріскелі қашан. Ауылға баратын дәрігерлерге қарастырылған жәрдемақы тағы бар. Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандарының тапшылығын алдын алудың бірден-бір жолы ретінде медициналық ЖОО түлектерін бөлу тетігін тиімді үйлестіруді ұсынып отыр. Себебі бүгінде медициналық ЖОО түлектерінің үштен біріне жуығы бөлінген ұйымда жұмыс істемейді.
Жұмысқа орналасарда жеке медициналық ұйымдарды дұрыс көреді. Бұдан өзге, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде кадр даярлау мен жергілікті бюджет қаражатының есебінен кадр даярлаудың арасында үйлесімділік жоқ. Қала берді мамандардың жергілікті жерге жетуінің мониторингі әлсіз жүргізіледі. Осы тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігі алға бірқатар міндет қойып отыр. Мұның ішінде мамандарды жергілікті жерлерде ұстап қалу мақсатында олардың әлеуметтік жағдайына қарайласып, ынталандыру шараларын тиімді ұйымдастыру міндеті бар. Осының бәрі дәрігерлерді жігерлендіретін іс-шаралар.
Бүгінде анестезиолог-реаниматологтерге қажеттілік – 306, акушер-гинекологтерге сұраныс – 253, хирургтерге сұраныс – 210, офтальмологтер – 112, неонатологтер – 87, оториноларингологтер – 83, ангиохирургтер тапшылығы – 44 маманға жеткен. Дәрігерлерге сұраныс Астана (702 дәрігер), Алматы (497 дәрігер), Шымкент (234 дәрігер) секілді ірі қалаларда әркез жоғары. Ауылдық елді мекендер деңгейінде медицина қызметкерлеріне сұраныс Ақмола облысында (116 дәрігер) жоғары. Сол секілді Түркістан (135 дәрігер), Батыс Қазақстан облысында (89 дәрігер) тапшылық байқалады. Биыл жоғарыда аталған кемшіліктердің орны толса, мамандарды нысаналы даярлауға көбірек көңіл бөлінсе дәрігер тапшылығы біршама азаяды.
Шұғыл шақыртуға санавиация дайын
Өткен жылы республикалық санитарлық авиация қызметі 1874 мәрте көкке көтерілген. Соның нәтижесінде, 4894 пациент шұғыл медициналық көмек алған. Бейінді мамандар 155 бетпе-бет консультация өткізіп, 117 науқасқа операция жасалған. Ұлттық шұғыл медицина орталығының ахуалдық орталығы қашықтан 4 836 медициналық қызмет көрсеткен. Медициналық авиация желісі бойынша орындалған рейстердің жалпы санының 1302-сі немесе 70%-ға жуығы өңірлік деңгейде орындалған. Медициналық авиация қызметі Абай (189), Ақтөбе (167), Қызылорда (160) облыстарына көп ұшқан. Елордадан 420 мәрте Азаматтық авиацияның тұрақты рейстері орындалған. Топтың құрамына анестезиолог-реаниматолог, нейрохирург, акушер-гинеколог, неонатолог, травматолог, хирург секілді бейінді мамандар іріктелген.
Статистикаға зер салсақ, санитарлық авиацияның көмегіне жүгінудің басты себептерінің бірі – балалар патологиясы. Санавиация тобы 1451 мәрте балалардың саулығы үшін, қанайналым жүйесінің бұзылуы секілді күрделі диагнозы бар 1167 адам үшін, оның ішінде инсультпен ауыратын 776 науқастың амандығы үшін көкке көтерілген. Сондай-ақ жол-көлік оқиғаларына байланысты 288 жағдайды қоса алғанда, жарақаттардың, жазатайым оқиғалар мен уланудың салдарынан зардап шеккен 638 адамға санавиация дәрігерлері шұғыл көмек көрсеткен. Акушерлік практикада шұғыл көмекке мұқтаж 700-ден астам әйел, ауыр патологиясы бар 488 жаңа туған нәресте медициналық авиацияның арқасында дәрігерлердің көмегін алған. Антына адал медициналық авиация бригадалары шалғайдағы елді мекендерден келген науқастарға консультацияны қоса есептегенде, тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді.
Ауылдағы ағайынға көмек
Шалғай аудандарға жылжымалы медициналық кешендер қарастырылған. Өткен жылы жылжымалы медицина мамандары 3072 елді мекенде тұратын 1,3 млн адамды медициналық көмекпен қамтыған. Мұнда мамандар 656 мың диагностикалық зерттеу, бейінді мамандар 1,3 млн консультация, 332,8 мың зертханалық зерттеу жүргізген. Тексеру мен зерттеп-қарау барысында түрлі ауруға шалдыққан 95 мың пациент анықталыпты. Оның 78,3%-ы – ересектер, 21,7%-ы – балалар. Профилактикалық тексерудің қорытындысымен ауылдың 33,7 мың тұрғыны динамикалық бақылауға алынған.
Былтыр «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының мамандары шалғайдағы ауылдар мен стансалардың 60 мыңға жуық тұрғынын, оның ішінде 14 мыңнан астам баланы тексерді. Аурухана мен дәрігері жоқ ауылдық аумақтардың тұрғындары бейінді мамандардың консультацияларын, зертханалық зерттеулерді қоса алғанда, 165 мыңнан астам білікті медициналық қызметтерді тегін алды. Медициналық пойызда 9 мыңға жуық стоматологиялық қызмет көрсетіліп, 18 мыңнан астам зертханалық талдау өңделді, 8841 УДЗ, 6787 ЭКГ сеанстары өткізіліп, 4788 шағын хирургиялық операция жасалды. Медициналық пойызбен Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының 91 стансасы қамтылды. Пойызда медициналық көмекті терапевт, педиатр, кардиолог, рентгенолог, хирург, травматолог, оториноларинголог, невропатолог, стоматолог, акушер-гинеколог, уролог, офтальмолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, психолог сынды 14 арнайы маман көрсетті. «Денсаулық пойызы» рентген аппаратымен, маммограф, ЭЭГ, сигмоидоскоп, калькоскоппен жабдықталған. Осылайша, шалғай елді мекендерге асыққан медициналық пойыздың мүмкіндігі жылдан-жылға молайып келеді.
Жедел жәрдем жылдам жетеді
Былтыр жедел медициналық жәрдем қызметі ел көлемінде 7 миллионнан астам шақыртуға барған. Сәтті реанимациялық көмек алдыңғы жылмен салыстырғанда 7,1%-ға өскен. Қазірде жедел медициналық көмек қызметін ел көлемінде 20 дербес станса, 98 қалалық қосалқы станса, 232 аудандық бөлімше ұсынады. Облыстық, қалалық жедел жәрдем стансаларында бір ауысымда 1 491 көшпелі бригада жұмыс істейді. Шұғылдықтың 4-санатындағы шақыруларға қызмет көрсетуге арналған медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдары жанындағы жедел медициналық көмек бөлімшелерінде 446 бригада жұмыс істейді. Астана, Алматы, Шымкент қалалары, 17 облыс шақыруларды басқарудың автоматтандырылған жүйесімен 100% қамтылған. Бүгінде жедел жәрдем қызметінің балансында 2 355 бірлік санитарлық автокөлік бар, оның ішінде 1 482 бірлік автөкөлік қалада, 873 көлік ауылдық жерде тұрғындарға жедел медициналық көмек көрсетеді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша көшбасшылар қатарында 38 нысан салған Солтүстік Қазақстан облысы, 49 нысан бой көтерген Түркістан облысы тұр. Қостанай облысында 19 МСАК ғимараты салынса, Абай облысында жоспарланған 65 нысанның 62-сі пайдалануға берілген. Негізі Ұлттық жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде ұзын-саны 655 МСАК нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 257 медициналық пункт, 238 ФАП, 160 дәрігерлік амбулатория салу міндеті тұр. Бұдан бөлек ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылатын ауылдық аурухананың инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ұлттық жоба ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған. Биыл жыл соңына дейін үйлесетін жұмыстардың басында цифрландыру, бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін енгізу сынды ірі тапсырмалар тұр. Мұның барлығы жыл ішінде медициналық көмектің көлемін арттырып, қызмет көрсету сапасын әжептеуір ілгерілетуге тиіс. Сонда салаға мемлекеттен, МӘМС-тен қаралған қаражаттың тиімділігі нақты көрінеді.
Сәндібек АСАНӘЛІ, «EQ»