Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Отбасыңның амандығын ойла!

Елімізде коронавирусқа қарсы вакцинациялау жұмыстарының басталғанына да біраз уақыт өтті.

ҚазАқпараттың мәліметі бойынша, сейсенбі күнге дейін Қазақстанда 2 809 447 адамға коронавирус вакцинасы егілген. Ал, аудандық орталық аурухананың мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 3047 адамға екпе салынса, оның 1313-і вакцинаның екінші компонентін алды. Әзірге аудан тұрғындарына «Спутник-V» мен CoronaVaс вакцинасы салынып жатыр. Жалпы, вакцинациялау басталғаннан бері ауданға 4210 доза келген. Дүйсенбі күні аудандық орталық ауруханада вакцина салдырған адамдармен сөйлесіп, екпеден кейін қандай әсер байқалғанын сұрадық. Өзін Қайрат Махметов деп таныстырған азаматтың айтуынша, Миялыдағы Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте жұмыс жасайды. Бүгінгі күні екпенің екінші компонентін алып отыр. Бірінші екпені алғанда ешқандай ауырсыну немесе дене қызуының көтерілуі болмаған. Бірақ вакцина алған кейбір әріптестері немесе қатарлары екпеден кейін бірер күн дене қызуы көтерілген, әлсіздік болған, екпе алған қолдары ауырған. Ал, өзінде ондай белгілердің ешқайсысы білінген жоқ.

– Вакцина алмастан бұрын дәрігердің тексеруінен өттім. Екпеден соң үш күннің ішінде суға түсуге, алкогольді ішімдік ішуге, темекі шегуге, суық тигізуге, денеге күш түсіретіндей ауыр жұмыс жасауға болмайтындығын түсіндірді. Егер де дене қызуы көтерілген жағдайда парацетамол дәрісін ішу қажеттігін ескертті. Жалпы, денсаулығын ойлаған азамат екпе алған жөн, - дейді Дәрігердің бақылауында отырған Қызылқоға желілік техникалық учаскесінің басшысы Ақылбек Тәжіғұл:

– Бірінші екпені 27 сәуір күні алдым. Әлеуметтік желілерден, адамдардан вакцина туралы неше түрлі естегеннің әсері ме екпені алған соң «Енді қалай болар екен?» деген ойда болғаным рас. Соның әсері ме, әйтеуір басым ауырған, дене қызуым көтерілген секілді күні бойы біртүрлі күй кештім. Бірақ өлшегенде қызуым қалыпты екен. Келесі күні ештеңеге алаңдамай жұмысымды жасаған едім, ешқандай белгілер байқалмады. Бүгін екпенің екінші компонентін алуға келдім. Тексеру кезінде қан қысымымның көтерілгені байқалған соң дәрі ішіп, қан қысымымның түсуін күтіп отырмын. Отбасымда бала-келінім де екпе алды. Жұмыс барысында көптеген адамдармен байланысқа түсеміз. Үйге барған соң алдыңнан шыққан немереңді көтересің. Егер вирус жұқтырып келсең оларға да жұғады ғой. Сондықтан, отбасының амандығын ойлаған әр азамат вакцина алған жөн деп есептеймін, - дейді.

Аудандағы халқы көп Сағыз ауылдық округі. Сағыз бөлімшелік ауруханасының екпе медбикесі Мейрамгүл Қитарбаеваның айтуынша, округке келген 705 дозаның 549 пайдаланылған. Негізінен екпе алушылар ауылдағы мекемелерде, теміржолда, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар. Екпе алған зейнеткерлер, еріктілер бірен-саран. Жалпы, тұрғындар әлі де вакцина алуға бейқамдық танытуда.

Бауыржан САҚТАСИНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521