Медициналық сақтандырудың қазақстандық моделі, әлемнің басқа дамыған елдері сияқты, үш негізгі қағидатқа негізделген – әмбебаптық, әлеуметтік әділеттілік, ынтымақтастық. Осы үш қағидаттың қолданылуы азаматтарға табысына, тұрғылықты жеріне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан денсаулықты сақтауға тең құқықтарға кепілдік береді. Атырау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыр жүйесі қалай іске асырылып жатыр? Ол үшін аудандық ауруханаларда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Осы жөнінде «Үздік дәрігер» атағының иесі, жоғары санаттағы дәрігер, Қызылқоға аудандық ауруханасының директоры Айнұр Төребекқызы Тілемісовамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
– Құрметті Айнұр Төребекқызы ең алдымен өзіңіз басқарып отырған Қызылқоға аудандық ауруханасында тіркелген азаматтар саны мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қандай медициналық қызметтер көрсетілетіндігіне тоқталсаңыз?
– Аудандық ауруханада 27 985 тұрғын тіркелген. Оның 24 792 тұрғынының сақтандыру мәртебесі бар. Бұл дегеніміз ауруханаға тіркелген аудан халқының 89% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған. Сақтандырылған азаматтарға жоспарлы медициналық көмектің барлық түрлері бойынша тегін қызметтер көрсетіледі.
- Қызылқоға аудандық ауруханасында 2024 жылдың басынан бері міндетті
әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері бойынша қандай медициналық қызметтер көрсетілді (медициналық қызметтер алған азаматардың толық саны мен медициналық қызметтердің түрлері)
Денсаулық сақтау министрлігінің 2023 жылғы 30 наурыздағы № 49 Қазақстан Республикасында медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы бұйрығына сәйкес барлық қызметтер көрсетіледі. Науқасқа кез келген консультациялық-диагностикалық қызметті емдеуші дәрігер тағайындайды. Ол науқастың жағдайын, шағымдарын, аурудың белгілерін зерттеп, көрсетілімі бойынша қажетті диагностикалық зерттеулерге, атап айтқанда КТ, МРТ, УЗД, зертханалық диагностикалық зерттеулер жүргізуге жолдама береді. Қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациент Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс, өйткені емхана деңгейінде бұл қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетіледі.
2024 жылдың 5 айы бойынша 24 811 адам медициналық қызметтің стоматологиялық, КДУ, реаблитация, күндізгі және стационарлық түрлерін алды.
– Сіздің ауруханада сырқаттары анықталып, әрі қарай квота немес портал арқылы орталықтарда ем алған науқастар санына қанша?
– 2024 жылдың басынан бері портал арқылы 1025 адам емделуге жолданды. Облыстық ауруханаға 397 адам, Астана қаласына 12 адам, Алматы қаласына 3 адам, Қостанай қаласына 5 адам, Ақтау қаласына 7 адам, аудандық аурухана 573 адам жолданды.
– Аудандық ауруханада пациенттерді қолдау қызметі жұмыс жасай ма? Науқастардың өтініштері мен шағымдарын қарау бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Аудандық ауруханада пациентті қолдау қызметі жұмыс жасайды, сарапшы дәрігер тағайындалған. Науқастар өтініш немесе шағымданған кезде, сол бойда арызданушымен тікелей телефон арқылы сөйлесіп, мәселесі қаралады. Көптеген шағым өтініш ретінде мәселені тез арада шешу үшін келеді, содан кейін тіркелмейді. Әлеуметтік желінің қол жетімді болғандықтан, тұрғындар ойланбай жаза салып жатады. Түсінік жұмыстары жүргізілгеннен кейін түсіністік білдіріп жатады. 5 ай ішінде 31 шағым түсті, оның 1 негізделген шағым, 11 ішінара негізсіз шағымдар, 19 негізсіз шағымдар. Барлығына жауап қайтарылды.
– Өзіңіз Денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан дәрігер, әрі сарапшы маман ретінде елімізде жүзеге асырылып жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүйесі туралы өз ойыңызды білсек?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдан іске қосылғаннан бері халыққа көрсетілетін медициналық көмектің қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді. Мен қордың жұмыс жасауын қолдаймын, бізге мұндай қор керек. Жалпы алғанда, медициналық сақтандыру жүйесі тұрақты жүйелердің бірі саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл өте сәтті жүйе болуға тиіс. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі еліміз үшін қажет. Жүйенің қалыптасқан қазіргі құрылымы бойынша, жүйе жинақтаушылық сипатқа ие емес. Сол себепті, жекелеген шоттар болмайды. Яғни медициналық ұйымдарға қаралмаған азаматтардың жарнасы әуеге ұшып кетпейді. Медициналық көмекке мұқтаж болған жанның төлемі ретінде жұмсалады. Сондықтан жұмсалмаған қаражатты кері шығару алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Жинақталған қаражат кез келген адамның ем-домына жұмсалуы мүмкін. Қорға ең бірінші кезектен Egov арқылы түсетін қаражат Ұлттық банкке түседі. Одан әрі қарай медициналық ұйымдардың есепшотына жіберіледі.
Сағынбек АРОНОВ,
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры"
КеАҚ Атырау облысы бойынша филиалының бас сарапшысы