Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Елбасы Н.Ә.Назарбаев – Қазақстан Қарулы Күштерінің негізін қалаушы

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бас­тап, елі­міз­дің әскери қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету ең басым міндеттердің біріне айналды.

Бұл міндетті жү­зе­ге асыру тек төл Қару­лы Күштерімізді құрып, оның күш-қуатын барынша арт­тырғанда ғана мүмкін болатын. Кеңес Одағы келмеске кеткен соң тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік институттарын мүлде жаңадан құруға тура келді. Бұрынғы біртұтас қорғаныс кеңістігі бұзылып, әсіресе әскери мамандар мәселесі күн тәртібінде өткір тұрды. Офицерлер мен прапорщиктер жаппай тарихи отандарына қоныс аударып, жекелеген бөлімшелердің басшысыз қалуы, жауынгерлердің әскерден қашу жағдайлары жиі орын ала бастады.

Сол кездегі жағдай Қазақстан аума­ғында орналасқан әскери бө­лімдерге дұрыс және қатаң ба­қылау орнатуды талап етті. Осы мақсатта 1991 жылдың 21 та­мызында еліміздің Қауіпсіздік Ке­ңесі құрылды.

Қазақстанның мемлекеттік сая­­сатын дәйекті түрде жүзеге асыра отырып, 1991 жылы 25 қазанда Н.Ә.Назарбаев «Қазақ КСР Мем­ле­кеттік қорғаныс комитетін құ­ру туралы» Жарлыққа қол қойды. Ме­м­лекеттік қорғаныс коми­те­­тінің төрағасы болып Кеңес Ода­­ғының Батыры, генерал-лейтенант (кейін армия генералы, «Халық Қаһарманы») Сағадат Нұр­мағамбетов тағайындалды.

Осындай аумалы-төкпелі уа­қытта 1992 жылдың 17 қаң­та­рында Кремльдегі Съездер сара­йын­да Бүкілодақтық офицер­лер жиыны өтті. Нұрсұлтан Әбіш­­­ұлын сол жолы алғаш рет көр­­дім. Кеңес Одағы жоқ, ал оның армиясы, ең бас­тысы, алапат ядролық қару-жараққа ие әлемдегі ең қуатты әскер әлі әрекет етіп жатқан күрделі жағ­дай қалыптасқан еді. Бұл біз­ді ғана емес, бүкіл әлем қауым­дас­тығын алаңдатқан мәселе бола­тын. Генералитет ТМД бас­шы­ла­рының келуін талап еткенде, оған екі-ақ президент – Б.Ельцин мен Н.Назарбаев қана үн қатты. Сол жиында Қазақстанның Тұңғыш Президенті сөз сөйлеп, шие­ле­ніскен ахуалдың шешімін та­буы­на бірден-бір себепші бол­ды. Оған офицерлер мен ге­нералдардың орындарынан тұ­рып қол соққаны әлі есімде.

 Қазақстан басшылығы ал­ғаш­­қы кезеңде барынша ұс­там­ды көзқарасты ұстанып, Дос­тастық елдерінің бірлескен күш­те­рін құру идеясын қолдаған еді. Мұның басты мақсаты пост­кеңестік мемлекеттердің ұжым­дық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болатын. Біздің еліміздің бұл көз­қарасын сол тұста әскерилер ғана емес, жалпы жұртшылық ма­құлдап, қуаттағанын айта кету керек.

Тәуелсіз республиканың заң­на­масына сәйкес, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасындағы қол жеткізілген келі­сімдер негізінде Қазақстан Рес­публикасы Президентінің төл Қа­рулы Күштерімізді құру туралы Жарлығы дайындалып, онда елі­міздің аумағында орналасқан бұрынғы Кеңес Армиясы әскери бөлімдері мен олардың қару-жа­рағы, дүние-мүлкі түгел Қа­зақстан Республикасының құзы­ре­тіне берілетіні атап өтілді.

Осынау тарихи Жарлыққа Қа­зақстан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев 1992 жылы 7 мамырда қол қойды, бү­гін­де бұл бүкілхалықтық мереке – Отан қорғаушылар күні.

Қазақстанның әскери құры­лы­сын дамытудағы кезек күт­тірмес мін­деттің бірі және бірегейі нор­мативтік-құқықтық базаны құ­ру және әскерлерді тиімді бас­қару жүйесін қалыптастыру болатын. Сонымен қатар офицер мамандарды даярлау, Қару­лы Күштердің жауынгерлік дайын­дығын ұйымдастыру, оны жа­сақ­­тау ісін жолға қою, әскери тәр­тіпті арттыру және құқық бұзу­шы­лықты түп-тамырымен жою сияқ­ты көптеген мәселені тез арада шешу қажет еді.

Еліміз тәуелсіздік алғанға де­йін Қазақстан аумағында орналасқан Орта Азия әскери округіне қарасты ірі құрамалар мен әскери бөлімдер бізге Кеңес­ Одағынан мұра болып қалды.

Бұл ең алдымен айтсақ, ұшу аппараттарын әлемнің кез келген нүктесіне жеткізуге қабі­лет­ті ең заманауи зымырандары бар екі дивизиядан тұратын стра­те­гия­лық мақсаттағы күштер тобы еді. Бұдан басқа, құрамында стра­те­гиялық бомбалаушы ұшақ­та­рының дивизиясы, танк дивизия­сы, әуе қорғанысы мен авиация корпусы бар қуатты 40-шы армия тұрды.

Сондай-ақ бізде орталыққа ті­келей бағынатын: зымырандар­ды ерте анықтау дивизиясы, бар­­лау бөлімшелері, көптеген әс­кери құрылыс бөлімдері, «Бай­қо­ңыр» ғарыш айлағына қызмет көрсететін авиациялық полк, әр­түр­лі сынақ орталықтары мен по­лигондар (Сарышаған, Ембі, Кур­чатов) және де басқа бірқатар әс­кери бөлімдер болды.

Мұның бәрі жаңадан пайда болған Қазақстан армиясының бір бөлігіне айналды. Сонымен қатар қару-жарақты, техника­ны, әртүрлі қоймаларды, ең­ бас­тысы, әскери мамандарды сақ­­тап қалу қажет болды. Қару­лы Күштерімізді құру ел басы­на төнген экономикалық тау­­қы­меттер мен ауыр қаржы­лық жағ­дайында жүзеге асырыл­ға­­нын ұмытпауымыз керек. Бас­қа республикалармен бай­ла­ныстың үзілуінен, жа­нар-жа­ғар­май мен қосалқы бөл­шек­тер­дің тапшылығынан әскери тех­ника қозғалыссыз қалды. Осы факторлардың барлығы жеке құрамның рухы мен жас қазақ­стан­дық армияның жауын­гер­лік әзірлігіне әсер етпей қоймады.

 Қай жағынан алып қарасақ та, бұл еліміздің басындағы қиын кезең болатын. Кейбір сәуегей сарапшылар Қазақстан күрделі әлеуметтік-экономикалық және саяси проблемаларға тап болады деп болжам жасауға асықты. Шынында да, сол кезде бұрынғы КСРО елдерінде ұлтаралық си­паттағы қақтығыстардың ошақ­та­ры пайда бола бастаған-ды. Бірақ Н.Назарбаевтың бастамаларын бірауыздан қолдап, бір мақсатқа жұдырықтай жұмыл­ған қазақстандықтар елдегі тыныш­тық пен ұлтаралық татулықты сақ­тай білді.

Бұл ретте Елбасының көреген­ді­гі арқасында жас қазақ армиясын дамыту ұлттық және ай­мақ­тық мүдделерді, әскери құры­лыс­­тың халықаралық тәжіри­бе­сін, Қазақстанның қауіп­сіздігіне төнетін қауіп-қатер­лер­дің әле­у­е­тін ескере отырып, сая­си реализм қағидасына сәйкес жү­зеге асы­рылды.

Жоғарыда айтылғандай ел аума­ғында тұрған 40-шы армия­ның әскери бөлімдерінің негізінде Құрлық әскерлеріміз, бұрынғы әуе армиясына қарасты аралас авиакорпустың негізінде Әске­ри-әуе күштеріміз және Әуе шабуылына қарсы корпустың құра­малары мен бөлімшелерінің негі­зін­де Әуе қорғанысы күштеріміз құрылды.

Ұйымдастыру кезеңінің мер­зім­дері де қатаң белгіленді: үш ай ішінде КСРО-дан мұраға қалған әскери техника мен дүние-мүлік қабылданып алынды, әскер­лер­ді тікелей басқару жүйесі құ­рыл­ды және ТМД Қорғаныс минис­тр­лік­те­рімен өзара бірлесіп іс-қимыл жасау жолға қойылды. Қазақстан Республикасының әскерлерін қар­жы­лық, материалдық-техни­калық және медициналық тұрғыдан қам­та­­масыз ету мәселелері шеші­ле бастады.

Өзіміздің әскери кадрлардың бол­мауы және армияны құрудағы қа­жет­ті тәжірибенің жоқтығы тө­­тен­ше шешімдер қабылдауға, соның ішінде тәжірибелі пра­пор­щик­­тер мен сержанттар есебі­нен әскери қызметшілер үшін же­дел­­детілген курстар ашуға түрт­­кі болды. Бұрынғы оқу орын­да­рын за­ман талабына сай қай­та құру және жетілдіру қолға алын­ды.

Мемлекет басшысы бекіткен елі­міздің әскери саясаты негізінен Қа­рулы Күштердің даму бағытын анық айқындап берді. Бірқатар заң актілерінің қабылдануы нә­тижесінде мемлекеттің әске­ри са­ла­сын дамытудың норма­тив­тік-құқықтық базасы жасалды. Тұтас­тай алғанда, әскери басқару­дың бүкіл жүйесі – мемлекеттік деңгейден бастап әскер деңгейіне дейін өзгеріске ұшырап, ол бүгінгі күн­нің шындығына сәйкес келті­рілді.

Сонымен қатар мемлекеттің қа­лыптасу кезеңіндегі әскери қа­уіп­сіздікті қамтамасыз ету жү­­­йе­сін қалыптастыруға бағыт­тал­­ған бірінші Әскери докт­ри­на әзірленді. Мемлекеттің әс­ке­ри ұйымын тиімді дамыту жол­дарын іздестіру келесі төрт Әскери доктринада да көрініс тапты, олар Қарулы Күштерді да­мытудың теориялық және ұйым­дастырушылық негіздерін бел­гі­леді, соғыс пен бейбітшілік мәселелеріне және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, еліміздің әскери қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге деген негізгі көз­қа­растарды айқындады.

Сондай-ақ 2000 жылғы Әс­ке­ри доктрина аясында Қ­а­ру­лы Күштерді жалпы ішкі өнім­нің 1%-нан кем емес көлем­де кепілдендірілген бағдар­ла­ма­лық-мақсатты қаржы­лан­ды­ру қа­ғи­да­сының алғаш рет бекі­тіл­генін айту керек.

Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамы айқындалып, мемле­кет­тің әскери географиясы ықти­мал қауіптер негізінде қайта қа­­рал­ды. Осылайша, өздерінің тиіс­ті стратегиялық мақсаттары бар үш әскер түрінен – Құрлық әс­кер­лерінен, Әуе қорғанысы күш­терінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы Күш­­тердің құрылымы бекітілді. Олар­­дың құрамы мемлекетке төнуі мүмкін әскери қауіптерді ес­кере отырып оңтайландырылды және шешуге тиіс міндеттері нақ­ты­ланды.

Германиямен бұрын жасалған халықаралық келісімдерге сәйкес су ығыстыруы 70 тонна болатын төрт шағын патрульдік катер алын­ды. Кезінде Орал қала­сын­да­­ғы КСРО-ның қуатты қор­ға­ныс кешені құрамында болған жергілікті зауытта төл Әскери-теңіз күштеріміз үшін арнайы жа­салған кеме 1996 жылдың ма­мыр айында суға түсірілді. Бұдан сәл бұрын дәл осы зауытта  Қорғаныс министрлігінің тапсырысы бо­­йынша жүрдек патруль­дік катер шығарылған болатын.

Қарулы Күштерді құрудың бастапқы кезеңінде Мемлекет бас­шысы Н.Ә.Назарбаев гарни­зондарды үнемі аралап, әскер­лер­дің тыныс-тіршілігімен танысып, әскери қызметшілермен әңгімелесіп, өткізіліп жатқан оқу-жаттығуларға қатысып отырды.

Қарулы Күштерді құру және жетілдіру бойынша қабылданған ше­шуші қадамдар туралы сөз бол­ғанда Елбасының ерекше рөлін, оның елімізде ғана емес, одан да тысқары жерлердегі жо­ға­ры беделін атап өткен жөн. Мысалы, Мемлекет басшысының тікелей араласуымен Ресейден әскери техниканы, жеткізу, оның ішінде С-300 зымырандар кешені, МиГ-29, Су-27, Су-25, «Л-39» сияқты жауынгерлік ұшақ­тарды қайтаруға қатысты мәселелер өзінің оң шешімін тапты. Біздің мамандарды Ресей Феде­рациясының жоғары әскери оқу орындарында тегін оқыту тура­лы да оңтайлы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Елбасының әскери қа­уіп­сіз­дік­ті қамтамасыз етудегі күш-жігерді біріктіру қажетті­лі­гі­не деген берік сенімі арқасында Ұжым­дық қауіпсіздік шарты (кейін­нен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) шеңберінде жүзеге асырылған коалициялық әскери құ­рылыстың негізі қаланды.

ТМД мемлекеттері арасын­да­ғы тиімді шешімдердің бірі 1995 жылдың 10 ақпанындағы Дос­тас­тыққа қатысушы барлық мем­лекеттердің мүддесін көздей­тін Біріккен Әуе қорғанысы жүйесін құру туралы шешім болатын. Біріккен Әуе қорғанысы жүйесінің мақсаты ТМД-ға қатысушы мем­ле­кеттердің әуе шекараларын қорғау, әуе кеңістігін пайдалануды бақылау, аэроғарыштық шабуыл қаупі мен оның басталуын алдын ала ескерту, ұйымға мүше мемлекеттердің аса маңызды нысандарын әуе шабуылдарынан қорғау болып табылды.

Қазақстан ТМД елдерімен қа­тар НАТО-мен, сондай-ақ АҚШ, Қытай Халық Респуб­ли­касы, Түркия, Германия және басқа да мемлекеттермен әскери және әс­ке­ри-техникалық ынты­мақ­тастық орната бастады.

Бұл жөнінде Нұрсұлтан Назар­баев­тың өзі былай дейді: «Біз еш­қашан тек ішкі қауіпсіздікті қам­та­масыз етумен шектелген жоқ­пыз және тұрақтылық үшін барынша кең ауқымда негіз жасауға ұмтылдық. Еліміздің сыртқы саясаты, Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік құрылымдарына, ең алдымен, ҰҚШҰ мен ШЫҰ-ға қатысуы дәл осыған бағытталған».

Қазақстан армиясын реформалау барысында әскери білім беру мен әскери кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру, ұлттық әскери-ғылыми базаны құру және да­мыту мәселелері басым ба­ғыт­тар ретінде қарастырылды.

Жоғары білікті әскери кадр­лар­ды даярлаудың үздіксіз, көп деңгейлі және бірізді оқу процесі басшылықтың жоспарына сәйкес әскери білім берудің бірқатар дең­гейі мен кезеңін қам­ти­тын болды. Қазақстандық әс­ке­ри қызметшілерді шетелдік әс­кери оқу орындарда даярлау мәсе­лелері қайта қаралып, оларды біздің елімізде оқыту мүмкін емес жағдайда, тек өте тапшы ма­мандықтар бойынша ғана сырт­қа білім алуға жіберу туралы шешім қабылданды. Босатылған қара­жат­ты Қазақстандағы әскери оқу орын­дарын дамытуға жұмсау ана­ғұрлым тиімдірек болды.

Қазақстан Республикасы Пре­зи­­дентінің 1996 жылғы 1 шіл­де­дегі Жарлығымен посткеңестік кеңістікте теңдесі жоқ кіші коман­дир­лер – кәсіби сержанттарды дайындайтын бірегей әскери оқу орны – Кадет корпусы құрылды. Кәсіби әскер құру бағытында жа­сал­ған осы қадамның уақтылы және өміршең шешім екендігін уақыт дәлелдеді. Қазір Кадет кор­пусының түлектері Қарулы Күш­тер­дің барлық түрлері мен буындарында қызмет атқарады және өздерінің кәсіби біліктіліктерін байқатып келеді.

Бұдан бөлек, Құрлық әскер­ле­рінің әскери институты, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-ин­же­нер­­лік институты және бірқатар оқу орындары жемісті еңбек етуде. Бүгінде еліміздегі ең жоғары әскери оқу орны – Ұлт­тық қор­ға­ныс университеті Қазақ­стан Рес­публикасы Тұңғыш Пре­зи­ден­ті – Елбасының есімімен аталады.

Елбасы алдыңғы қатарлы мем­ле­­кеттер армияларының соғыс қаруын жасаудағы даму тенденцияларын түсіне отырып және ХХ ғасырдың басындағы әскери қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып, келісілген мемлекеттік әскери-техникалық саясатты әзір­леу­ге тапсырма берді, ол Қазақ­стан армиясын ең озық қару-жарақпен және әскери техникамен сапалы қайта қаруландырудың негізгі элементіне айналды. Әс­ке­ри-өнеркәсіп кешенін одан әрі жетілдіру шаралары қабыл­дан­ды, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

Бұл істің одан әрі қарқынды дамуына Қазақстан астанасында ұйымдастыру дәстүрге айналған KADEX (Kazakhstan Defence Expo) халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көр­ме­сі жаңа серпін берді.

KADEX халықаралық диа­лог­тың негізгі алаңы ретін­де Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құры­лым­дар­дың қажеттіліктеріне сәйкес отандық кәсіпорындардың даму мүм­кіндіктері мен көкжиектерін кеңейтіп, олардың өнімдерін ше­тел­дік нарыққа шығаруға ық­пал етіп, технологиялық жаң­­­ғырту мәселелері бойынша тәжірибе алмасуға қолайлы жағ­­­дай жасайды. Сонымен қа­тар көрме елі­міздің ішкі на­ры­ғына әске­ри және арнайы мақсаттағы бұйым­дар­ды шы­­ғаратын ірі шетелдік әзір­леу­шілер мен өндірушілерді тар­туға көмектеседі.

Еліміздің жоғарғы басшы­лы­ғының жіті назары мен мем­ле­кеттік қолдауы арқылы бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері заманауи, жауынгерлік әзір­лігі жоғары және қуатты армия ре­тін­де қалыптасты.

Қазақстан армиясының табыс­тары негізінен Елбасының әскери құрылыс саласындағы сарабдал саясатының, Қарулы Күштерге деген ұдайы қамқорлығының нәтижесі. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев төл әскерімізді негізін қалаушы және қазіргі заман талабына сай оның жаңа келбетін қалыптастырушы болып табылады.

Бүгінгі күні осы бағыттағы тарихи сабақтастық Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқа­ев­­тың жіті назарының арқа­сын­­да әрі қарай жүйелі түрде жү­зе­ге асырылуда. Әскерлердің бар­лық түрлері мен тектерінің жауынгерлік әлеуеті арта түсті. Отыз жыл бойы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Қарулы Күштері еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтас­тығының кепілі болып келді және алдағы уақытта да бола бермек.

 

Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,

Армия генералы,

«Халық Қаһарманы»,

«Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT