Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Дәрігер мен медбибі жетіспейді

 Ауданда аталмыш індетті жұқтырғандар саны күн сайын өсіп, бақилық болғандар еселене түсуде.

Негізінен мұндай ауыр да өкінішті жағдайға тұрғындардың салғырттығы мен жауапсыздығы себеп болып отыр. Бұған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар тек облыс орталығында емделсе, қазір науқастар аудандық ауруханада ем алады. Бұған дейін мұндай күрделі кеселді емдеу ісі бізде атқарылмағандықтан аудандық аурухананың қаншалықты дайын екенін білмек болып аталмыш мекеменің директоры Самат Тайшыбайға жолыққан едік.

Біздер тек науқастарды анықтап, облыс орталығына жеткізетін едік. Вирус жұқтырғандарды емдейтін дәрігерлер де, дәрі-дәрмектер де облыста еді. Алайда, аурудың күрт көбеюінен облыста орын тапшылығы сезілген соң аудандағы науқастарды өздерің емдейсіңдер деген тапсырма келді. Бұған біз дайын емес едік. Амал жоқ асығыс болса да аяқ астынан барлығын дайындауға тура келді. Негізі облыстағы тиісті мамандар алдын ала болжам жасау арқылы аурудың таралу деңгейін анықтап, біздерге ескертіп отыруы керек еді. Бірақ мұндай іс-әрекеттер жасалмағандықтан науқастарды емдеу барысында алғашқыда қиындықтар кездескені анық. Қазір барлығы да қалыпты жағдайға түсіп келеді. Дегенмен әлі де дәрігерлер мен медбибілер жетіспейді. Сондай-ақ, жолдың қашықтығынан оттегі баллондарын жеткізу қиындық келтіруде, - дейді аудандық аурухананың директоры Самат Тайшыбай.

Оның айтуынша, жұқпалы ауруларды емдейтін бөлім бұрыннан бөлек болса, жағдайға байланысты екінші қабаттан правизорлық стационар ашылды. Сондай-ақ, қосымша ашылған мобильді топтың бірі үйдегі науқастарға дәрілерін беріп, екпелерін жасаса, бірі аурулармен қатынаста болғандардан сынама алып, тексеруге жібереді.

Ал, вирус жұқтырған науқастарды емдеуші дәрігерлер мен медбибілер жұмыстан соң өз үйлеріне бармай, барлығы да бір жерде демалады. Оларға демалатын үй дайындалып, ас-ауқатпен қамтамасыз етіліп отыр. Аудан кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының төрағалары мүмкіндігінше қаржылай да, азық-түлікпен де көмектесіп келеді.

Нақтырақ айтқанда, науқастанып, үйден емделіп жатқан алты отбасына кәсіпкерлер Бауыржан Сабытаев пен Нұрлыгүл Ерғалиева қой малдарын сойып берсе, «Айбас» шаруа қожалығының жетекшісі Қайырбек Баймұратов та алты отбасына алты марқа қозы мен ауруханада жатқандарға бір ісек малын апарып берді.

Ал, облыстағы жерлес кәсіпкер Махмут Мералиевтің аудан тұрғындарына берген дәрі-дәрмектері, шприцтері, ауруханаға жіберген оттегі толтырылған баллондары үлкен көмек екені даусыз.

Сурет: ашық дереккөзден

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521