Өткен айдың басында шаруаларыммен Атырау қаласына барып, екі-үш күн болдым. Ол мезгіл карантин режимінің аяқталып, халықтың жайбарақат далаға шығып жүрген уақыты болатын.
Жастығым болар, көпшілік жиналатын тамақтану орындарында достарыммен бас қосып, көңіл көтердік. Кейін өз көлігіммен ауылға қайттым. Жолда күн ыстық болған соң салқындатқыш қосып қойғанмын. Көлік ішінде салқындығы қатты білінбеді. Үйге келгеннен кейін қызуым көтеріліп, әлсіздік басты. Бастапқыда мән бермедім. Осылай басталған ауру екі-үш күнде кәдімгідей бойымды дендеп, қалім нашарлай бастады. Кейін жедел жәрдем шақырып, дәрігерлерге қаралдым. Олар меннен ПТР арқылы анализ алды. Қорытындысында мен оң нәтиже көрсетіппін. Осы сәттен бастап өзімді қолға алып, аурумен күресу керектігін ұқтым.
Әрине, оңай болмады. Күндіз-түні жаныңды жеген уайым, қорқыныш бәрі санаңды сан-саққа шарлатады. Кәдімгідей психологиялық күйзеліске ұшырайсың. «Мен бұл ауруды жеңе аламын ба?» деген сұрақ ойыңа келгенде қорқасың. Өзім үшін емес отбасым, балаларым үшін уайым жедім. Қауіпті індетке оң нәтиже көрсетті дегеннен бастап, аудандық дәрігерлер бақылауында болдым. Олардың бізге жасаған емінен бұрын, жылы сөзі жанымызға медеу болды. Жанымызда күндіз-түні шапқылап жүрген медбибілердің еңбегін ескерусіз қалдыруға болмас. Он шақты күн ауруханада жатып бетім бері қараған соң үйге шықтым. Одан кейін де он төрт күндей үй карантиніне жаттым. Қазір жағдайым жақсы. Отбасымның ортасында аман-есенмін. Бұл күніме де шүкір деймін. Ауруханадағы он күн бітпестей көрінетін.
Өйткені, әлсін-әлсін өкпесі қысылған науқастардың жайын көзбен көру қиынға соғатын. Байқағаным, ауруханаға келіп жатқандардың барлығы дерлік зейнет жасындағы үлкен кісілер. Бәрі де өмір үшін жанталасып жатады. Кейде олардың орнына өзіңді қойып көрсең тіптен қиналып кетесің. Қазақта «Ауырып тұрдым, аунап тұрдым» деген әдемі тіркес бар. Сол айтқандай, елді жайлаған қауіпті індетке шалдығып, мен де қиын күндерді бастан кештім.
Арсен ӨТЕУЛІ,
Миялы ауылының тұрғыны
/Аты-жөні өзгертілген/
Сурет: ашық дереккөзден