Атырауда балалар арасында инфекциялық ауру жаппай таралып жатыр деген ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды ATPress.kz.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, әлеуметтік желідегі «Атырауда балалар арасында жедел ішек ауруы, диарея көбейді», делінген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазір елдегі жағдайға байланысты №2 Атырау облыстық ауруханасы COVID-19 жұқтырған науқастарды ғана емдейді.
Ауруханадағы балаларға арналған «Жұқпалы аурулар» бөлімшесі уақытша Атырау облыстық балалар ауруханасына эпидемиологиялық стационар ретінде ауыстырылды. Атырау облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұханбетовтың айтуынша, биылғы жылдың 1 тамызы мен 4 қыркүйегі арасында облыстық балалар ауруханасынан 62 науқас емделіп шыққан.
- Өткен жылдың салыстырмалы кезеңінде жұқпалы аурумен 208 науқас қабылданды. Биыл бұл көрсеткіш 146 науқасқа азайды. Әлеуметтік желіде балалар арасында диарея тарады деген ақпарат жалған, – деді Нұрқабыл Айтмұханбетов.
Дереккөз: ATPress.kz
Сурет: ашық дереккөзден алынды