Биылғы жылы тұмауға қарсы вакцина 15 қыркүйектен бастап салынады, - деп хабарлайды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Бұл туралы «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің баспасөз клубында өткен брифингте №1 Атырау қалалық емханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнагүл Шаумова мәлімдеді.
«Тегін вакцина алты айдан асқан балаларға, жүкті әйелдерге, медициналық қызметкерлерге және созылмалы аурумен диспансерлік есепте тұрған науқастарға, жасы алпыстан асқан егде адамдарға салынады. Ал, мекемелер тарапынан ақылы түрде екпе алуға өтінішті жергілікті емханалар арқылы беруге болады. Вакцина Ресейде өндірілген. «Гриппол+» деп аталатын вакцинаны өткен жылдан бастап қолданып келеміз. Былтыр облыс бойынша 30 мың вакцина салынса, биылғы жылы 60 мың доза екпе әкелінді. Вакцина құрамы қарапайым, тұмаудың - А(H3N2), А(H1N1) және В қарсы антигені ғана бар. Сондықтан, екпені қорықпастан алуға болады», - дейді Айнагүл Шаумова.
Айта кетейік, дәрігер тамақ ауру, әлсіздік, түшкіру, ыстық көтерілу секілді тұмаудың алғашқы белгілері білінген бойда жергілікті емханаға қаралуға кеңес береді. Себебі, күн суытқан мезгілде вирустық жұқпалы аурулардың таралу қауіпі жоғары.
Сурет: ашық дереккөзден