Биыл ЭКО-ға 231 квота бөлініп, осыған дейін 218-і орындалған. Бұл туралы облыстың бас репродуктологі Гүлнар Есқайырова мәлім етті, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Оның айтуынша, соңғы екі жылмен салыстырғанда экстракорпоральды ұрықтандыруға берілетін квота саны екі есе артқан.
- Биыл — бес жылға арналған «Аңсаған сәби» бағдарламасының төртінші жылы. Осы бағдарламаның арқасында біздің облыста былтыр 51 сәби өмірге келді, оның алтауы егіз. Қазір 54 әйел сәби күтіп жүр, - дейді Г.Есқайырова.
Анықтама үшін: квота алуға ниетті жұп өзі тіркелген емханаға өтініш білдіргеннен кейін, бедеулік бойынша диспансерлік бақылауға алынады. Толық медициналық зерттеу жүргізілген соң, олар облыстық перинаталды орталықтағы гинеколог-репродуктологтерге жолдама алады.