Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектепте Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының өкілдерінің жиналысы болып өтті.
Онда алдымен сөз алған Ұлттық тестілеу орталығы филиалдары қызметін қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Баубек Нұржанов:
– Өздеріңізге белгілі өткен жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу жылына төрт рет өткізіле бастады. Бұл өз кезегінде түлектердің алдын ала дайындалуына мазмұндық жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан маусым айында өтетін негізгі сынаққа психологиялық жағынан да көмек болары сөзсіз. Бұл жаңашылдық жұртшылықтың тарапынан қолдау тапқаны анық. Өйткені, былтырғы жылы қаңтар айындағы көрсеткішпен салыстырғанда биылғы жылдың қаңтар айында қатысушылар саны үш есеге артқан. Бүгінгі күні наурыз айында өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдауды аяқтадық. Еліміз бойынша барлығы 98215 өтініш қабылданды. Қазір жалған ақпарат таратушылардың көп болып кетуіне орай, тек ресми ақпаратқа сенген жөн. Ресми ақпаратты ұлттық тестілеу орталығы таратып, www.testcenter.kz сайтында, орталықтың инстаграм, фейсбук, вконтакте әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады, - деді.
Мамандардың айтуынша, биыл алғаш рет BTS Digital компаниясымен бірлесе отырып, тестіленушілерді сәйкестендіру пилоттық жобасы жүзеге асырылды.
Яғни, тестіленуші ұялы телефонына қосымшаны жүктей отырып, Digital ID базасына тіркеледі. Содан кейін ҰБТ өткізу пункті арқылы өтініш береді. Бұл жобаға Нұр-Сұлтан қаласынан мектеп бітіруші 550 оқушы қатысты. Сондай -ақ, ғимаратқа кіргізу барысында металл іздегіш аймағында тыйым салынған заттармен (ұялы телефон, шпаргалка, т.с.с.) ұсталған түлектер сынаққа кіруге рұқсат етілмеді. Алдағы уақытта тестілеуден соң бейнежазбаларға талдау жасалынады. Егер тестіленушінің тыйым салынған затты пайдаланғаны анықталса, оның тестілеу нәтижесі жойылып, білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыстырылмайды. Қазіргі уақытта бұл ереже енгізілуде. Ал, Ұлттық бірыңғай тестіні электронды форматта өткізу 2021 жылға жоспарланып отыр.
Жиын барысында 11-сынып оқушылары ҰБТ-ға қатысты көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, оған ұлттық тестілеу орталығының өкілдері тиісті жауаптарын берді.
Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ