Ұстазы ұстамды, шәкірті ұғынықты елдің алға қойған елдік мақсатының орындалары анық. Қадірлі қызметінде өзінің де, шәкірттерінің де алар асуы мен шығар белесі әлі алда деп есептейтін Алмагүл Ғалиева Қаракөл орта мектебінің жоғары санатты, зерттеуші-педагог дәрежесіндегі тарих пәнінің мұғалімі.
1969 жылы Көздіғара ауылдық округінде дүниеге келген ол Жаңашаруа орта мектебінде тоғыз жыл білім алып, 1986 жылы Қаракөл орта мектебінен 10-сыныпты тәмамдайды. Орта мектепті бітірген соң Атырау педагогикалық институтының "тарих, адам қоғам құқық пәнінің мұғалімі" мамандығы бойынша студенті атанады. Аталған оқу орнын 1991 жылы аяқтап, еңбек жолын Ш. Еркінов атындағы орта мектебінен бастайды. Кейін отбасы жағдайына байланысты Қаракөл орта мектебіне ауысады. Ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, бойындағы білімін ұстаздық қызметке арнай отырып, мол педагогикалық тәжірибе жинақтаған жоғары санатты ұстаз 30 жылдан аса осы салада еңбек етуде.
«Ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарпаз ақыл иесі» деп Әл-Фараби айтқандай Алмагүл Құлжанқызы үнемі ізденіп, үйренуден және үйретуден жалыққан емес.
– Алмагүл Құлжанқызы күнделікті әр сабағына жан-жақты даярлықпен келуді әдетке айналдырған мұғалімдердің бірі. Өз сабақтарын жаңаша әдіс-тәсілдермен түрлендіріп өткізу арқылы оқушының пәнге қызығушылығын арттыра отырып, заман талабына сай тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Оқушыларға сапалы білім беруде жаңартылған бағдарламалар бойынша курстан өтіп, жан-жақты ізденіп, сабақ өткізудің түрлі әдістерін пайдаланып келеді,- дейді әріптесі Ермек Берікқалиев.
Отбасында үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған кейіпкеріміздің ұл-қызы жолын жалғап осы салада еңбек етуде. Ұстаздың мерейін тасытып, үмітін ақтаған шәкірттері республикалық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленіп, қуанышын еселеуде. Өткен оқу жылында оқушылары республикалық «Тарих Ата» сайысында үш оқушысы I орынға, үш оқушысы II орынға ие болды. Ал, облыстық ғылыми пәндер олимпиадасында оқушысы құқық пәнінен III орынды, облыстық Ауыл олимпиадасында I орынды иеленеді. Осылайша, республикаға жолдама алған оқушысы Гүлдәрі Берген III орынға ие болып, аудан абыройын асқақтатты. Ал өзі ұстаздарға арналған түрлі байқауда бақ сынап, білімі мен білігін дәлелдеген ол еңбек еткен жылдарында еңбегі елеусіз қалмай облыс, аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Одан бөлек, республикалық «Шығармашыл Ұстаз» конкурсында I орынды иеленсе, «Қыпшақ хандығы», «Құқық негіздері», «Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық» атты тақырыптағы мақалалары республикалық журналға жарияланды. «Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы» әдістемелік нұсқаулығының авторы. Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып жүретін аяулы ұстаз шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бір мектептің мақтанышы.
Гүлмира МАҚСОТҚЫЗЫ