Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

ҚОШ БОЛ, АЛТЫН ҰЯ

Кеше аудандағы барлық мектепте ресми түрде соңғы қоңырау соғылды. Бұл күні Миялы ауылындағы Б.Аманшин атындағы орта мектепте «Түлек 2022 – Жаңа Қазақстанның ертеңі» атты соңғы қоңырау салтанаты өтті. Мектеп мұғалімдері, оқушылар мен ата-аналар қатысқан шарада аталмыш білім ордасында 11 жыл білім алған түлектер ортаға шақырылып, таныстырылды. Олардың қатарында аудандық, облыстық олимпиаданың, «Абай-Шәкәрім» оқуларының, спорттық сайыстардың жеңімпаздары, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестатқа» үміткерлер, белсенді оқушылар бар.

Мемлекеттік Әнұраннан соң мектеп директоры Зада Жаңабаева құттықтау тілегін білдіріп, ұжымның жетістіктеріне қысқаша тоқталып өтті. Оның айтуынша, биылғы оқу жылын аяқтап отырған 385 оқушының 30 мектеп түлектері. Білім сапасы 55 пайыз болып, өткен оқу жылымен салыстырғанда 1 пайызға артып отыр. Оқу жылы ішінде мектеп оқушылары мен педагогикалық қызметкерлер түрлі бағыттағы кәсіби сайыстарға, байқауларға, спорттық және мәдени шараларға қатысып, жоғары жетістіктерге жетті. Биылғы түлектердің ішінде Гәкку Бекжанқызы мен Сәулет Сергей «Алтын белгіге», ал Гүлзинат Оразбаева «Үздік аттестатқа» үміткер. Құттықтау тілектен соң мектеп басшысы мектептің 47 озат оқушысын «Мақтау қағазымен» марапаттады.

6c443e91-b962-450b-80fa-b5f98534106c

Салтанатты шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков:

– Осынау салтанатты сәт түлектерге ғана емес олардың ата-аналары мен мұғалімдеріне де ортақ. Өйткені мектептен алған білім мен тәрбие нәтижесі сіздердің барлығыңыздың үкілі үміттеріңізбен тығыз байланысты. Аудан бойынша 415 түлек мектеп бітіріп, үлкен өмір жолына аттанғалы отыр. Оның ішінде, 16 түлек «Алтын белгіге», 11 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер. Жазғы демалысқа шыққан 1-10 сынып аралығындағы оқушылардың 5229-ы түрлі сауықтыру-шынығу шараларымен қамтылады. Қымбатты түлектер, бүгін сендер алтын ұя мектептеріңді тәмамдап, арман жетегінде үлкен өмірге қанат қаққалы отырсыздар. Алдағы бірыңғай ұлттық тестіден сәтті өтіңіздер. Төл мектептеріңнен алған білім мен тәрбиені туған жерлеріңе арнап, Тәуелсіз еліміздің лайықты азаматы болыңыздар. Сәт сапар, түлектер! - деген құттықтау лебізін білдірді.

5c698800-b749-4086-b7be-6e3244872234

Бұдан кейін құттықтау сөз сөйлеген аудандық әдістемелік орталықтың меңгерушісі Гүлфайруз Әнжанова оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру кезіндегі шығармашылық, сондай-ақ оқушыларға берген сапалы білімі үшін Ақбөпе Қалдаяқова мен Жанат Сексенбаеваны аудандық білім бөлімінің алғыс хатымен марапаттаса, мектеп бітіруші түлектердің сынып жетекшісі Гүлдана Өтеғалиева, мектептің ата-аналар кеңесінің төрайымы Базаргүл Әбдуалиева, мектеп түлегі Гүлзинат Амангелдіқызы ыстық ықыласпен түлектерге сәт сапар тіледі.

a24c4fb6-bf0d-4434-acb7-a9ab8a0defba

Таяуда, аудандық білім бөлімі мен «Қызылқоға» газетінің редакциясы бірлескен түрде «Балалар жылы» аясында ішкі істер саласының ардагері Мұртаза Төреханов, майдан даласынан оралмаған Надырше Баймұратов және білім беру саласының ардагері, ұлағатты ұстаз Әділше Сәлімгереевтерді еске алуға арналған «Өшпейді ерлік іздері», «Дарындыға даңғыл жол» тақырыптарында 7-11 сынып оқушылары арасында әдеби шығармаларға бәйге жариялаған болатын. Салтанатты шара барысында аталмыш бәйгеде жеңімпаз деп танылған Нұрлыбек Бағыт (Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназия), Айтгүл Еңсеген, Сабина Дүйсенғали (екеуі де Х.Досмұхамедұлы атындағы орта мектептен), Асылым Асанова (Ш.Еркінов атындағы орта мектеп), Әдемі Серік (Жаңашаруа орта мектебі), Эльназ Жасұланқызы (Сағыз орта мектебі) мен Камила Сайындарға (Б.Аманшин атындағы орта мектеп) аудан әкімінің орынбасары Айдулат Кенжебеков пен Әділше Сәлімгереевтің ұрпақтары атынан Наурыз Сәлімгереев арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табыс етті.

26d9dbce-2525-4dff-a97d-d1f66f570390

Мерекелік жиында бастауыш сынып оқушылары мектеп түлектеріне арнау тілектерін жеткізсе, мектеп түлектері әннен шашу шашып, «Мектеп вальсін» биледі. Шара соңында мектеп түлектері Сәулет Сергей мен Темірлан Қойшығали соңғы қоңырауды сыңғырлата соғып, түлектер алтын ұя мектебімен қимастықпен қоштасты. Осылайша, Б.Аманшин атындағы орта мектептің соңғы қоңырау салтанаты өз мәресіне жетіп, 57-ші түлектері жаңа өмірге қадам басты.

 

Бауыржан БЕРДІҒАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521