«Бiз тарихтан кемеңгерлiктi, поэзиядан — шешендiктi, математикадан — зеректiктi, жаратылыс ғылымдарынан — тереңдiктi, адамгершiлiк философиясынан — байыптылықты, логика мен көсемсөзден — айтысу дағдысын үйренемiз» деп данышпандар айтқандай, ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпай, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеген ұлағатты ұстаз Азия Бахтыгерейдің білім беру саласына қосқан еңбегі еселі.
Осыдан 62 жыл бұрын көрші Индер ауданында дүниеге келген ол 1974 жылы Миялы орта мектебін бітіріп, бір жыл Шұбартаулықтардың бастамасын қолдап, «Гүлдәурен» жастар бригадасында, бір жыл Абай атындағы савхозда еңбек етеді. 1981 жылы қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған жас маман алғашқы еңбек жолын Қаракөл орта мектебінен бастайды. Мектепте комсомол ұйымының хатшысы болып, комсомол ұйымының жұмыстарына етене араласып, жоғары басшылықтың Құрмет грамоталарымен марапаталады. Одан әрі үш жыл Мұқыр орта мектебінде еңбек еткен кейіпкеріміз 1993 жылдан бері Берқайыр Аманшин атындағы орта мектепте жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.
Білім беру саласына еңбегі сіңген педагогтар қатарында есімі Атырау облысының мұғалімдері және «Қызылқоға ұстаздары» энциклопедиясына, «Шәкірт жүрегіне жол тапќан ұстаз» атты жинаққа енгізілсе, білім жүйесіндегі шығармашылық еңбегі және жас ұрпақты тәрбиелеудегі еселі еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және білім министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы төс белгісімен, Қазақ КСР Оқу министрі, Оқу-ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекемелер қызметкерлер Республикалық қәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен мадақталды. Сөйтіп, білім беру саласына сүбелі үлес қосқан Азия Байбозқызы бүгінде өмірлік серігі, құқық қорғау саласының ардагері Сайын Бұлжанов екеуі үш ұлды тәрбиелеп өсірген ардақты ана, немерелерінің сүйікті әжесі.
- Азия Байбозқызының шәкірттері Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде математика пәнінен үнемі жоғары көрсеткішке жетіп жүр. Ұзақ жылдық еңбек өтілінде көптеген жетістіктерге жеткен ұстаздан дәріс алып түлеп ұшқан шәкірттер қазір алыс-жақын жерлерде қызмет етеді. Оның ішінде өзінің жолын қуып математика пәнінен сабақ беріп жүрген мұғалімдер де жетерлік. Білімнің асқар шыңын бағындырып, ғылымның қиясына өрлеу, болашақ ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздардың ұстазы болу ешқашан оңайлықпен келмейді, - дейді әріптестері.
Бір сөзбен айтқанда, ақыл-ойды тәртіпке келтіріп, зеректікке жетелейтін математика пәнінің мәнін ұқтырған Азия Байбозқызының мерейі қашанда үстем. Оның ұлағаты мол ұстаздық еңбегі жас ұрпаққа өрісті өнеге болатыны сөзсіз.
Сурет: ашық дереккөзден