Әлбетте, «Қайда қарасақ та, қайда көз жүгіртсек те көретініміз химия ғажайыптары» деп данышпандар айтпақшы, шәкірттеріне химия ғажайыптарын үйретуден әсте жалықпаған Ақжонас Қасанованың орны бөлек.
Ол 1959 жылы Махамбет ауданында дүниеге келіп, 1976 жылы Миялы орта мектебін бітірген соң, жоғары оқу орнынан түсіп, 1982 жылы қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің биология-химия факультетін бітіріп шығады. Қолына дипломын алған жас маман өзі білім алған Миялы орта мектебіне биология, химия пәндерінің мұғалімі болып қызметке орналасып, сол мектепте зейнеткерлік демалысқа шыққанша еселі еңбек етті.
Бұл ретте, кейіпкеріміз шәкіріттеріне биология, химия пәндерінің ғажайыптарын үйретуден ешқашан шаршаған жоқ. Қайта керісінше, әр баланың аталмыш пәндерге деген қызығушылығын арттырып, олардың ғылыми жобалармен айналысуына кеңінен жол ашты. Соның нәтижесінде, шәкірттері талай облыстық, аудандық ғылыми пәндер олимпиадасында жүлделі орындарға ие болды. Тіпті, Ұлттық бірыңғай тестіге дайындаған шәкірттері де жақсы нәтиже көрсетті.
Ал, өзі еңбек еткен жылдарында Жангелдин ауылдық округібойынша «Үздік ұстаз» атағын иеленіп, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен, Атырау облыстық кәсіподағы, Атырау облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамоталарымен марапатталды.