Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Мұратты оқыған жас мұратына жетеді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жер таланттарын қадірлеу, олардың есімін жас ұрпақ санасында жаңғырту мәселесі баса айтылған болатын. Соған сай, дүйсенбі күні «Тәуелсіздік» саябағында Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына орай «Ақынын ардақтаған өлке» акциясы аясында аудандық «Мұрат оқулары» байқауы болып өтті.

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен «Қызылқоға» жастар қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ұйымдастырған байқауына аудан мектептерінен Мұрат жырларын жатқа айтатын оқушылар қатысты.

Байқау шығарма жазу, ақын жырларын мәнерлеп оқу, сұрақ-жауап сынды үш бөлімнен тұрды. Байқауды ашқан аудандық орталық кітапхананың директоры Айшолпан Құсанова Мұрат Мөңкеұлының ел үшін еткен еңбегі мен шығармашылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан кейін оқушылар жоғарыда аталған үш бөлім бойынша сынға түсті. Бір әттеген-айы көркемсөз оқу сайысында көптеген оқушылардың дайындығы кемшін түсіп, кейбіреуі жаттаған өлеңдерін ұмытып қалып жатты. Сондай-ақ, байқау барысында дәстүрлі әнші Берік Амантаев халық әндерін нақышына келтіре орындап, шара шырайын аша түсті. Түске таман байқау өз мәресіне жетіп, қазылар алқасының шешімімен шығарма жазу бойынша бірінші орынды Қаракөл орта мектебінің оқушысы Аяулым Ғұмарова жеңіп алса, көркемсөз оқу сайысында Ш.Еркінов атындағы орта мектептің оқушысы Ақбота Болатова жеңімпаз атанды. Ал, сұрақ-жауап бөлімінде кенбайлық Ақбаян Алпысбай білімімен дараланып, бірінші орынға ие болды. Қалған оқушыларға көрсеткен өнерлеріне сай екінші, үшінші орын мен ынталандыру жүлдесі берілді. Барлық оқушылар дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Дулат МӘТЖАН.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT