UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры Гүлзада Шакуликова «Ғылым және жоғары білім саласындағы серіктестіктің жаңа шекаралары» атты Қазақстан-Сингапур форумына қатысты.
Форум Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сингапурға ресми сапары аясында ұйымдастырылған болатын. Форумда екі ел арасындағы білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттары талқыланып, меморандумдарға қол қойылды. Маңызды жиында UTEBAYEV UNIVERSITY басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова сөз сөйлеп, еліміздің энергетика кешеніне кадр даярлайтын университеттің «білім-ғылым-индустрия-бизнес» интеграциясын іске асыру бағытындағы жұмыстары мен жоспарларын баяндады.
Айта кетейік, UTEBAYEV UNIVERSITY ректоры өткен жылы Сингапур технология және дизайн университетінде болып, келісімдерге қол жеткізген болатын. Алға қарай инновациялық білім беру мен зерттеулердің жаңа мүмкіндігін қарастыру, білім, тәжірибемен алмасу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы, т.б. бағыттағы жұмыстарды бірлесіп атқару бойынша жоспар бар.