«Арман» мәдениет үйінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен тіл мерекесіне орай, «Мемлекеттік тіл - ұлт тірегі» атты аудандық фестиваль болып өтті.
Аталмыш фестивальға Сағыз, Мұқыр, Миялы, Жангелдин, Ойыл, Көздіғара, Тасшағыл, Жамбыл, Тайсойған ауылдық округтерінің оқушылары қатысып, бақ сынады. Сайыс «Қас-қағым сәтте», «Тұлғаны тани біл», «Сандар сыры», «Мақал - сөздің мәйегі», «Көкпар» сынды кезеңдерден тұрды. Ұлттық тілге байланысты ұйымдастырылған білімділер сайысының барлық кезеңдерінде үздік болған Көздіғара ауылдық округінің оқушылары фестиваль жеңімпазы атанды. Ал, бірінші орынды Жамбыл ауылдық округінен қатысушы команда иеленсе, екінші орынға Миялы ауылдық округінен қатысушы команда иемденді. Сайыстың үшінші орнына Жангелдин және Мұқыр ауылдық округінен келген командалар ие болды. Шара соңында ұйымдастырушылар атынан жеңімпаз-жүлдегер командаларға арнайы алғыс хаттар мен дипломдар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Нұрәділ ЕЛАМАН