Қазақстандағы «Жайлы мектеп» – бұл мемлекеттің ең жақсы бастамаларының бірі. Жоба оқушылар үшін заманауи, қауіпсіз және қолайлы оқу жағдайларын жасауға бағытталған.
Бұл жай ғана балалар үшін жағдай жасау емес, бұл – болашаққа деген қамқорлық, әрі білімге басымдық беріліп жатқаны өте-өте қуантады. Біз Атыраудағы «BINOM» мектебіне бардық, дәл осындай мектеп қазір Кұлсары қаласында да салынып жатыр. Бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан мектептер қарапайым мектептерден айтарлықтай ерекшеленеді. Олар кеңірек, жабдықталуы жақсы және қазіргі заманғы білім беру талаптарына сай жобаланған. Мектептерде STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореография залдары, сондай-ақ арнайы демалыс аймақтары қарастырылған. Бұл мектептерде тек оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де жағдай жасалған, бұл – өте маңызды. Меніңше, бұл – біздің еңбегімізге көрсетілген құрмет. Өйткені, білім беру сапасы соған байланысты. Мұғалімсіз оқушы кім? Ол – жай ғана бала. Ал білімді ұстаз береді. Мұндай оқу орындарының қалай жабдықталғанын тізбелемей-ақ қояйын. Бұл – арман, бұл – болашақтың мектебі. Осындай мектептерде нашар оқу – ұят, ал жұмыс істеу – сапалы болуы керек.
Нұржамал МАМБЕТИЯЗОВА,
Құлсары қаласы, Жылыой ауданы, Д. Жазықбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі