Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 Адрес электронной почты защищен от спам-ботов. Для просмотра адреса в браузере должен быть включен Javascript.

АЙМАРАЛ - ЖҮЗДЕН ЖҮЙРІК

Соңғы уақытта ауданның білімді оқушылары түрлі интелекуалдық сайыстарға қатысып, зор жетістіктерге жетіп жүр. Жақында ғана көздіғарлық Аяна Аманғали «Дарын» телевизиялық жобасында І орынды иеленсе, соның ізін ала мұқырлық Аймарал Сергейқызы «Iqanat» олимпиадасының республикалық кезеңінде үздіктер қатарынан табылып, аудан абыройын асқақтып қайтты.

Ауыл балаларына арналған «Iqanat» олимпиадасы жеті жыл қатарынан өтіп келе жатқан сайыс. Бұл доданың биылғы сынында аудан оқушылары да бақ сынап, нәтижесінде облыстық кезеңнен үздік деп танылған төрт оқушы республикалық кезеңге жолдама алған еді. Солардың ішінде Мұқыр ауылындағы №2 орта мектептің 8-сынып оқушысы Аймарал Сергейқызы да болды. Алматы қаласында өткен республикалық кезеңге еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы мың оқушы қатысты. Бұл сында Аймарал математикалық сауаттылық, логикалық ойлау, оқу сауаттылығы, Қазақстан тарихы (таңдау пәні) және ағылшын тілі пәні бойынша сынақтан өтті. Нәтижесінде білім додасына қатысушы мың оқушының ішінен ең жоғары ұпай жинаған жүз баланың қатарына еніп, Көкшетеу қаласындағы «IQanat High School of Burabay» мектеп-интернатының грантына ие болды. Жылдық оқу ақысы 7 миллион теңге болатын аталмыш білім ордасы еліміздегі ең маңдайалды мектептердің бірі. Енді Аймарал 9-сыныптан бастап аталмыш мектепті бітіргенше тегін оқитын болады. Аудан оқушыларын аталмыш білім додасына алып барған №2 орта мектеп директорының ғылыми-әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Алтынханым Есқалиева:

– Бұл дода ауыл оқушылары үшін керемет мүмкіндік. Аталмыш олимпиаданың бастамашысы елімізге белгілі меценат Айдын Рахымбаев. Алматы қаласында өткен республикалық кезеңде Аймарал үздіктер қатарынан табылып, ең іргелі білім ордасының грантын жеңіп алды. Осы ретте, аталмыш жобаның Қызылқоға ауданы бойынша қамқоршысы болып тағайындалған «Ayacom» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Бисембиевке алғысымыз шексіз. Өйткені Азамат Зинорұлы біздің республикалық кезеңге барып-келуімізден бастап, грант жеңіп алған Аймаралдың алдағы үш жылдық оқу ақысы мен шығынын өзі төлейтін болады. Бұдан өзге Аймаралды аталмыш сынға дайындаған пән мұғалімі Нұрсәуле Хамзақызының да еңбегі зор. Ендеше, Аймарал қызымыздың алдағы оқу жылына сәттілік тілеймін, - деді.

Айтпақшы олимпиаданың республикалық кезеңіне Аймаралмен бірге аудан атынан қатысып қайтқан Кенбай орта мектебінің оқушысы Еркеназ Сембайға, Мұқыр орта мектебінің оқушысы Надира Жәнібекқызына, Ы. Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Нұрайна Еркінге алдағы білім додаларында сәттілік тілейміз.

Дулат МӘТЖАН

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT