Атырау обл, Миялы ауылы, Қ.Сәтбаев көшесі, №17 үй. 8 (712) 3821738 mialy44@mail.ru

Атыраулық оқушы банан қалдықтарынан қағаз жасап шығарды

Атыраудағы Абай орталығы жанындағы JasSpace кеңістігінде қосымша білім алып жүрген оқушы Алтынгүл Жанәділ банан қалдықтарын кәдеге асырудың жолын ойлап тапты. «Далаға тасталатын қағаз қалдықтарының экологияға кері әсері жоғары. Себебі, ғалымдар қағаз ыдыраған кезде метанның көп мөлшерін бөлетінін дәлелдеді. Яғни, қағаз қалдықтарынан бөлінетін парниктік газдардың қоршаған ортаға зардабы көмірқышқыл газымен салыстырғанда да жоғары. Целлюлоза-қағаз ауаны, топырақты және суды уландырады» дейді Алтынгүл Жанәділ.
Банан қалдықтарын арнайы қоспалармен араластырып қағаз жасаған Алтынгүл өзі жасаған экоөнімнің тез ыдырайтынын айтты.
«Жобамның қолданыстағы қағаздан айырмашылығы суға, отқа төзімдірек, әрі иілгіш келеді. Био қағаз болғандықтан, зиянсыз ыдырайды. Бұл қағаздарды бандерольдердің сыртын немесе азық-түліктерді орауға болады» дейді Алтынгүл Жанәділ.
JasSpace кеңістігіндегі Алтынгүлге сабақ берген «Мәңгі тірі су» қарқынды курсының тренері Әсел Оңдашева шәкіртімен бірге алға қарай бұл жобаны дамытуды жоспарлап отырғанын айтты.
«Банан қабығының құрамында коллаген, С сияқты пайдалы дәрумендер көп. Бұл жобаны алға қарай жетілдіріп, косметикалық өнімдер, ылғалды сулықтар жасау бағытында жұмыс істеуді ойластырып отырмыз» дейді тренер Әсел Оңдашева.
Еске сала кетелік, Атырау облысындағы ең ірі STEAM орталық JasSpace кеңістігінде 7-11 сынып оқушылары технология, инженерия, өнер, математика, робототехника бағытында қосымша білім алуда. Балаларға мұндай тамаша мүмкіндікті Орталық Азияның Еуразия қоры Шеврон компаниясымен серіктестікте ұсынып отыр.
Баян Жанұзақова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Соңғы жаңалықтар

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT